Басты тақырып

Ержан НҰРЛЫБАЕВ: «Медициналық сақтандыру міндеті – сапалы қызмет»

Қазақстан үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді бастайды. Бұл мемлекет, жұмыс беруші және тұрғындар қаражатының есебінен денсаулық сақтауды қаржыландыру ұстанымын және денсаулық сақтау жүйесіне қатысушылардың ынтымақтастықтағы жауапкершілігін қамтамасыз етпек. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға жарна сала бастағаннан кейін қазақстандықтардың өмірі қаншалықты жеңілдемек? Олар қандай тегін медициналық көмектер алады? Осы және басқа да сұрақтарға қатысты Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев сұхбат берген еді…

Ержан Шәкірұлы, елімізде медицина саласындағы реформалар өз жемісін беруде. Әлемдік тәжірибеде дәлелденген медициналық сақтандыруды енгізу арқылы қазақстандықтар сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді деген болжам бар. Ал, оның қазіргі денсаулық сақтау жүйесінен артықшылықтары қандай болмақ?

Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылдан Қазақстан Республикасында денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгеннен бастап, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған түбегейлі өзгерістер болды. Бұл шаралардың барлығы қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің беделін арттыруға мүмкіндік берді және оның деңгейін халықаралық стандарттарға жақындатты. Бұл ретте, тұрғындар қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілді.

Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігін медицина саласының шығынды сала екендігімен байланыстыруға болады, мемлекет экономикалық тұрғыда қаншалықты дамыған болса да, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ете алмайды. Яғни, қаржыландырудың жаңа моделі қажет. Осы орайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бірқатар негізгі проблемаларды шешуде оң нәтиже бермек. Тегіннің қадірі болмайтыны сияқты, медициналық қызметтің ақысыз болуы себепті тұрғындардың өз денсаулықтарына салғырт қарауы қалыпты құбылыс. Сонымен қатар, кесімді жалақы алып отырған дәрігер де өзінің жұмысына немқұрайлы қарай бастайды. Ал, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуді бастаған кез келген адамның салған ақшасының босқа кетпей, бір кәдеге жарағанын қалайды. Мысал ретінде келтірейік, емханаға жай ғана анықтама алуға келген адамның скринингтен өтуге, флюорографияға түсуге, дәрігерге дейінгі кабинеттен өтуге мәжбүрледі деп, реніш танытып жататыны жасырын емес. Адам өзінің жалақысының белгілі бір бөлігін беріп отырғанын сезінген жағдайда, осындай міндетті іс-шаралардан өз еркімен өтетініне сенімдіміз. Яғни, ем алуға мүдделі болады. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген шетел тәжірибесіне сүйенсек, ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алғанның қаншалықты арзанға түсетіні белгілі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленген ақша қаншалықты дәрежеде өз-өзін ақтайды, тегін медициналық көмек кімдерге көрсетіледі?

Бұдан бұрын да айтылғандай, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оларға балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған және бұрынырақта «Батыр ана» атағына ие болған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС қатысқандар және мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, интернат ұйымдарында оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін ұйымдарда күндізгі оқыту нысаны бойынша, сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу орындарында резидентура нысаны бойынша оқып жатқан тұлғалар, бала туғанына, бала асырап алғанына байланысты, 3 жасқа толмаған баласының күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, баласы 3 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімі бойынша ең аз қауіпсіздігі бар мекемелерден бөлек ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тұлғалар, уақытша ұстау және тергеу оқшаулағыштардағы тұлғалар.

Сонымен қатар, салық төлеуден жалтару мақсатында тіркелмей жұмыс жасайтын кәсіпкерлер де бар. Олар жұмыссыз ретінде тіркеліп, жарна төлеуден босатылуына байланысты базалық медициналық көмек ала алады. Бірақ, бұл 2019 жылға дейін ғана жалғаспақ. Содан кейін міндетті түрде тіркеліп, сақтандыруға ақша төлеулері қажет. Салық жарнасын төлеу толық медициналық пакет қызметіне қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

Медицина қызметкерлері үшін еңбекақы есептеу жүйесі өзгере ме?

Әрине, сақтандыру аясында медициналық қызметкерлердің жалақысы да өседі. Тәжірибесі жоқ, жоғары оқу орнын жаңа ғана бітіріп келген маман түнгі кезекшілігін бәрін қосқанда орташа есеппен 100 000 теңге шамасында алатын болса, еңбек өтілі жоғары, тәжірибелі маман жалақысы 200-250 мың теңге шамасын құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайында емделушілердің ризашылығын алған дәрігер өзі көрсететін қызмет көлемі мен сапасына сәйкес еңбек­ақы алады. Жарна аударған адам да өздерінің ықтимал ауруханаға жататындығы немесе емханаға қаралатындығы үшін төлейді. Осылайша, біртіндеп сақтандыру медицинасы дамып, медициналық көмек үшін бейресми төлемдер проблемасы өзінің өзектілігін жояды. Бәсекелестік те дамиды. Қазірдің өзінде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап отырған жекеменшік медициналық клиникалар саны Қарағанды облысында басым. Сақтандыру кампаниясына қатысуға олардың өздері де мүдделі. Емделушілерге тегін медициналық қызмет көрсетумен қатар, олар келушілерге өздерінің ақылы қызмет түрлерін ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Ол – тағы да қосымша кіріс көзі.

Емделушілерден, яғни кіріс көзінен айырылмауды мақсат еткен кез келген аурухана қызметкерлерінің оларға деген сұранысы да ұлғая түседі. Бәсекелестік бар жерде, медициналық қызмет көп ұсынылған жерде оның сапасы да жоғарылай бермек. Қаламыздағы «Гиппократ», «Мерей», «Аланда» сияқты жеке меншік клиникалар да медициналық сақтандырудан тыс қалмайды деген ойдамыз.

Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, жүйесіз жүрген істерді біршама жүйелеуге жол ашады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген.

Емханалардағы кезек жағдайы қалай болмақ?

Бүгінгі таңда емханалардағы жалпы тәжірибедегі бір дәрігерге 2200 адамнан бекітілген, кезекті азайту үшін бұл санды 1500-ге дейін төмендету керек. Қазіргі жағдайда емделушілерді қабылдайтын орынның, дәрігерлердің тапшылығы салдарынан кезек мәселесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Дәрігердің жүктемесін азайту үшін кем дегенде 300-ге тарта жалпы тәжірибедегі дәрігерді оқытып шығару керек. Ол енді шешімін табатын мәселе, бірақ дәрігер оқытып шығарған күнде де ғимараттың жетіспеушілігі үлкен проблема туғызып отыр. Бірақ, медициналық сақтандыру арқылы бұл мәселенің де шешімі табылады. Мемлекеттік жеке серіктестік аясында жаңа емханалар ғимаратын салуға мүдделі кәсіпкерлер де бар. Оңтүстік-шығыс ауданында және Майқұдықта жаңадан емхана ғимаратын салуға ұсыныстар түсті. Сақтандыру аясында пайда табуға болатынына көздері жеткен олар өздері қызығушылық танытуда. Әбден жауыр болған кезек мәселесі де осылай оңтайлы шешіледі деген ойдамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Салтанат

Ильяшова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button