Біздің сұхбат

Ержан ҚАЛЫМБАЙ: «БАҚ-ты қолбалаға айналдырмау керек»

Журналистер күні қарсаңында Қарағандыға ат басын бұрған «Орталықтың» өз баласы, қазіргі таңда «Ulys» цифрлық журналының бас редакторы Ержан Қалымбаймен  әңгімелесудің сәті түсті. Жедел сұхбат барысында өңірдегі жас журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Сол сұхбат назарларыңызда…

– Ержан аға, алғаш еңбек жолыңыз «Орталық Қазақстан» газетінен басталды. БАҚ-тың басқа да салаларында қызмет атқардыңыз. Бүгінде «Ulys» цифрлық журналының бас редакторымен әңгімелесіп отырмын. Журналистиканы басылымнан бастаған маман ретінде газеттердің келешектегі тағдырын қалай елестетесіз? Осы тақырып Сізді қаншалықты алаңдатады?

– Әлбетте, «Орталық Қазақстан» – журналистика әлеміне жол ашып берген қасиетті қара шаңырақ. Аталған ұжымда жазу, сызудың қыр-сырына үйреніп, азаматтық көзқарасымыз қалыптасты. Кейін телеарна, газет, интернет саласындағы медиаларда да еңбек еттік. Бірақ, мен үшін көзімізді тырнап ашқалы көрген басылымның, газет-журналдардың рөлі ерекше. Әріптесіміз Қамбар Ахмет басшы болып келгелі «Орталығымыз» жаңадан түлеп жатыр, үнемі қарап, оқып, қуанып отырамыз.

Жалпы, әлем қазір өзгеріске толы. Жаңа технологиялардың дамуымен бірге адамзаттың өмір сүру машығы мен ұстанымдары, тіпті, құндылықтары мен мінез-құлқы сәт санап өзгеруде. Сондықтан, әлемде бұқаралық ақпарат құралдарының да бұл трендтен қалмай, заманға бейімделе дамуы – уақыт талабы. Көптеген елдерде, тіпті, медиасы күшті дамыған батыс елдерінде де газет-журналдардың таралымы азайып бара жатқаны рас. Себебі, қазір жұртшылықтың көбі онлайн медиаға бейімделіп алды. Яғни, қолыңыздағы смартфон қазір тек телефон ғана емес, ақпарат алатын алып ресурс, виртуалды әлемге сапар шегетін баспалдаққа айналды. Кез келген хабарды қазір ақпарат құралдарынан бұрын жекелеген адамдардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан біліп жатсаңыз таң қалмаңыз. Тіпті, таңертең әлеуметтік желіні бір шолып шықсаңыз еліміздің қай өңірінде жауын жауып, жел соғып жатқанын немесе ауа-райы шайдай ашық екенін де біле аласыз. Бұл жерде айтпағым, жедел ақпарат беруде газет-журналдар бәрібір кеш қалып келеді. Сайттарына ғана дереу бере алады. Демек, оқырмандарға жедел ақпарат емес, жедел сараптама, пайда- лы, сапалы контент беру жағын ойластырған дұрыс. Бәрібір уақыт өте әлеуметтік медиа- ның ықпалы артады. Десе де, қол қусырып қарап отырмай, газет-журналдар стратегиясын өзгерту керек. Әлеуметтік медианы қолдана отырып, оқырмандармен қоян-қолтық кері байланыс орната отырып жедел жұмыс істеу керек. Батыстың медиасының көбі осындай қадам арқылы тираждың қатты құлдырамауына ықпал етуде. Жергілікті билік те өңірлік медианы үгіт-насихат құралы ретінде қарауды қою керек.

– Өзіңіз басшылық ететін «ақылды» технология әдісін қолданған соңғы үлгідегі «Ulys» журналына тоқталсақ. Мысалы, цифрлы журналды iOS жүйесіндегі қосымша арқылы телефонға тегін жүктеп оқитын жастың бірі – менмін. Қалай ойлайсыз, «Ulys» қазіргі таңда өз оқырманын тапты ма? Ендігі бағыты қандай?

– Жылы пікіріңізге көп рахмет! Жалпы алдағы жылдары елдегі демократиялану үрдісі жаңа қарқынмен жүреріне сенімім мол. Президентке, Парламентке, сайлауға және БАҚ-қа қатысты көптеген заңдар өзгеріп, қоғамның саяси белсенділігі артады. Бұл өз кезегінде жаңа платформалар мен жаңа медиаларға сұраныс тудырары сөзсіз. Тіпті, мемлекет қаржы беріп отырған көптеген БАҚ еркін нарыққа, бәсекелік ортаға жіберілуі мүмкін. Осындай өзгерістерге елдегі медиалар қазірден дайындала бергені абзал. Біз де осы алғышарттарды ескере отырып, жаңа технологияларға негіздей отыра жаңаша форматта журнал шығардық. Мақсатымыз жаңаша сараптамалық тұрғыда сапалы контент дайындау. Ешкімнен қаржы алмастан екі-ақ адам шығарамыз. Өзіңіз атап өткендей, бұқараның тегін оқуына мүмкіндік жасау. Қазірдің өзінде біраз елдің стратегиялық орталықтарымен байланысымыз бар, мамандары жазып тұрады. Кез келген адам сілтемелер арқылы тегін жүктеп алып оқи береді.

Сонымен қатар, «ulys.kz» атты сайтымыз да бар. Өз оқырмандарымызды таптық, әлі тауып жатырмыз. Әлемнің оннан астам елінен он бес мың оқырманымыз бар. Негізгі басымдықты Түркі әлемі мен Орталық Азияға беретіндіктен түркі елдерінен жүктеушілер, оқырмандарымыз өте көп. Әрдайым жылы лебізін білдіріп, қолдауларын танытып тұрады. Бағытымыздан айнымай, сараптамалық, талдау бағытындағы жұмысымызды жалғастырып, күшейте бермекпіз.

– Түркі әлемі демекші, сізді Түркияда білім алған қазақстандық журналист (Ыстамбұл университетіндегі журналистика факультетінің докторанты) ретінде жақсы білеміз. Ыстамбұлда білім алғысы келген отандық журналистер нені білгені жөн немесе Түркия журналистикасының тың жаңалығымен бөліссеңіз…

– Түркия журналистикасының батыс журналистикасынан еш кемшілігі жоқ. Өзіндік тарихы, мектебі һәм өзіндік стиль, мәнері бар. Кез келген төтенше оқиға бола қалса, барлық арналар тікелей қосылымға шығып, дер кезінде хабар таратады. Сағаттап эфир беріп, бүге-шігесіне дейін талқылап береді. Көше язарлары деп аталатын арнайы публицистердің жүргізетін арнайы бағандарын оқитындардың қарасы өте көп. Себебі, олардың сараптамалары, болжамдары көбіне дәл келеді. Сондықтан, жүз мыңдаған адам кейбір газеттерді тек белгілі бір көше язарлары үшін ғана оқиды. Біз де біртіндеп ондай күндерге де жетерміз.

Түркияда білім алғысы келетіндерге еш кедергі жоқ. Жылына бір рет шетелдіктерге арнап грант бөледі. «Түркие бурлары» деп аталатын арнайы бағдарламалары бар. Толығырақ https://turkiyeburslari.gov.tr/tr сайтынан білуге болады. Өткен жылы әр түрлі мамандық бойынша Түркияда білім алғысы келетін 130 мың адам құжат тапсырған екен.

– Мәселен, 130 мың адамның Түркияға құжат тапсырғаны секілді, әлемдік «The New York Times» басылымында қызмет атқарғысы келетін жастар көп. Қазір ол газеттің де, сайттың оқырман саны тең. Ал, біздің елге интернет келгелі көптеген өңірдегі газет оқырмандарының саны азайып кетті. Сайт пен басылым оқырмандарын тең ұстаудың тиімді жолы бар ма? Қандай ұсынысыңыз бар?

– Америка басылымдарымен өзімізді салыстыруға әлі ерте. Бір жағынан озық елдің тәжірибесіне қарап бой түзесек, ұтылмаймыз. Жалпы, жоғарыда да атап өткенімдей, мемлекеттен қолдау алатын медиалар стратегиясын өзгерту керек. Бірақ, мемлекет те медиаларға қатысты қатаң талаптарын өзгертуі тиіс. Мәселен, Франция мемлекеті де ақпарат құралдарын қолдайды, салықтан босатады, дотация береді. Бірақ, мені мақта, жарнамаладеп мәжбүрлеп талап қоймайды. Керісінше, сынағаны жақсы. Біздің БАҚ-тарға қолдау сөзсіз керек. Себебі, солтүстік көршіміз бізді біртұтас ақпараттық кеңістік ретінде көреді. Мемлекет осылай қолдау көрсеттім деп отандық БАҚ-ты қолбалаға айналдырмау керек. Сонда ғана біздің ақпарат құралдарымыз дамиды әрі еркіндіктің дәмін алған медиаме- неджерлер газеттің басылымын арттырудың, сайтқа оқырмандар тартудың жөнін табады. Әйтпесе, мемлекетке қарайтын мыңдаған ақпарат құралдарының бір текті ақпары мен бір сарынды үгіт-насихат халықты шаршатты. Мемлекет айтпаса да, отандық журналистер мемлекеттің мүддесін қорғап, халықтың қамын жеп, ел ертеңі үшін алаңдайды. Сондықтан, бұл мәселені билік те, медиаменеджерлер де түсіну керек. Жаңаша қадамдар керек.

– 24.kz-ке берген сұхбатыңызда «Журналистерді қалай қолдаса да жарасады деп ойлаймын» деген едіңіз. Жалпы, отандық журналистер қаншалықты қолдауға ие?

– Әлбетте, қазіргі қазақ журналистикасы Тәуелсіз Қазақстанның шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, мемлекеттілікті кемелдендіріп жатқан бірден-бір стратегиялық институт. Сондықтан, әріптестерімізді қалай қолдаса да жарасады. Көбі баспанасыз, жалақысы төмен, соған қарамастан кәсібіне адал. Кейбір қоғамда өз-өзін елдің болашағы үшін «құрбандыққа шалатын» адамдар болады. Өзі жарымай жүрсе де, елдің жыртысын жыртып, болашағы үшін тер төгіп жүретін әріптестерімді осындай жандарға көбірек ұқсатамын. Біздің тіпті, арнайы мәртебеміз де жоқ. Бірақ, жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төл мерекеміз қарсаңында бәрімізге ерекше тарту жасады. Үкіметтің арнайы қаулысымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітті. Демек, біртіндеп қоғамдағы БАҚ қызметкерлерінің ролі үстем боларына сенемін.

– Қазақ радиосының «Құтты қонақ» хабарында «Біз өз дәуірінде үлкен технологиялық революциялар жасадық. Мысалы, үзеңгі пайда болу арқылы атқа мініп, кеңістіктегі үстемдігімізді нығайттық. Ат үстінде сарбаздың ұрыс тәсілдерін жүргізе алуы, шірене отырып садақ атуы арқылы оқтың жылдамдығын еселеуі деген дүниелер сол дәуір үшін үлкен технология болатын. Енді қазіргі буынға да осындай бір революция жасайтын уақыт келді» дегеніңіз есімде. Осы орайда редактор ретінде «ақылды» жас мамандарға қандай талап қоясыз? Меніңше, қазіргі БАҚ өкілдерінің «әмбебап журналист» болғаны жақсы…

– Қазір журналистерге талап күшті. Алдымен ағылшын тілін білуі керек. Өйткені, біз үлкен жаһандық ауылда өмір сүріп жатырмыз. Көптеген салаға жетік болып, әсіресе, экономика, саясат, ішкі-сыртқы саясат пен халықаралық қатынастарды жақсы біліп, болып жатқан оқиғаларды терең түсінуі керек. Сараптама, анализ жасай алу керек. Медианың барлық саласын қатар алып жүре алуы тиіс. Жазып-сызып қана қоймай, диджитал медианың тілін біліп, түсірілім жасау, аудио жазуды біліп, бір сөзбен мультимедиялық журналистиканың білгірі болуы тиіс. Мұндай жас мамандар еліміздің мәңгілік салтанат құруына да өз үлесін қосар еді.

– Көптеген әріптестеріңіз сіздің қарапайымдылығыңызды мақтан тұтады. Мәселен, өткен жылы «Үздік телевизия материалы» аталымының жеңімпазы атанған сәтте, «Журналистика саласында жүргеніме 20 жылдан асып кетті. Бұл – бірінші жүлдем» деген едіңіз. Мамандығыңызбен мақтанған сәттер есіңізде бар ма? Соған ұқсатып қарапайым журналист десе қуанасыз ба?

– Жылына бір келетін Журналистер күні еңбегіміз еленіп, марқайып қалатынымыз бар. Онда да көп әріптестеріміз назардан тыс қалып жатады. Әлбетте, журналистердің еңбегін белгілі бір ақшамен, марапатпен өлшеу мүмкін емес, десе де «бір атым насыбайға көңілі марқайған» халықпыз. Ұзақ жылдар журналистика саласында істегенмен, былтыр ғана алғаш ірі жүлдеге ие болдым. Менің еңбегімді бағалайтын, әділ адамдар бар екен ғой дедім. Жалпы, байқауларға қатысып, адам салып, алашапқын болуды қаламаймын. Ондай адамдарды күнделікті көріп те жүрміз. Бір жағы пенделікке қатысты үлкен сабақ бізге. Барынша қарапайым болуға тырысамыз, дегенмен өзіміз де біле бермейтін пендешілігім де болуы мүмкін. Бірақ, «ұлық болсаң, кішік бол» ұстанымы ұшпаққа шығаратынын ешқашан естен шығарған емеспін.

– Шынайы әңгімеңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button