Руханият

«Ержүрек батыр ұлдарым Қадалса жаудан қан алған!»

    Харьков пен Қырымда жеңіске жету арқылы неміс әскери басшылығы Мәскеу үшін шайқастағы жеңілісі мен қол үзген стратегиялық бастамасын қайтарды да, Кавказ бен Сталинградқа шабуылға шықты. Шабуыл оңтүстік-батыста Кавказдың мұнайлы және Сталинградтың өнеркәсіптік аудандарын, Дон мен Кубаньның бай ауыл шаруашылықты облыстарын басып алу мақсатымен жүргізілді. Мәскеуді жаулап алудың алғышарттарын жасау үшін Еділге шығуды мақсат тұтты.

Айтарлықтай шығынға ұшырағанына қарамастан, 1942 жылдың тамызында жау Сталинград түбіне келді. Бірақ, Сталинградты ала алмады. 1942 жылдың тамыз айынан Сталинградты ерлікпен қорғау басталды. Сталинград шайқасы алты айдан астам уақытқа созылды.

Кеңес әскерлері шегіне-шегіне Еділге жетті. Осындай жағдайда армиядағы тәртіпті нығайту үшін Қорғаныс Халық Комиссариатының 1942 жылы 28 шілдеде № 227 бұйрығы шықты. Оның мәнін мына «Бір қадам да шегінбеу», («Ни шагу назад») деген үш сөз жеткізді. Сонымен, Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды. Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін де қамтыды. Бұл аймақта да соғыс жағдайы енгізілді.

Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық-техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Батыс Қазақстан жерінде жиырмаға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді. Көптеген әскери техника жөндеуден өтті. Бір ғана Ақтөбеде ай сайын 30 ұшақ құрастырылып, 160 авиамотор шығарылып отырды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Гурьев – Орта Азиямен, Кавказбен байланыстыратын негізгі көпірге айналды. Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, арнайы аэродромдар тұрғызылды. Ақтөбе облысында қорғаныс құрылыстары салынды.

Сталинград операциясының қорғаныс және шабуыл шайқастарына Қазақстан жерінде құрылған 27, 72, 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары 292-ші және 387-ші атқыштар дивизиялары, 81-ші атты әскер дивизиясы, 74-ші теңіз атқыштар бригадасы, 152-ші атқыштар бригадасы, 129-шы миномет полкі мен 156-шы дербес құрылыс батальоны қатысты. Сталинградты қорғаушы қазақстандықтарға тыл барынша қолдау көрсетті. 1942 жылы 9 қазанда республика халқының атынан Қазақстанның Жоғарғы Кеңес Президиумы, Халық Комиссарлар Кеңесі және К(б)П ОК оларға үндеу жолдады: «Сталинград – Шығыс бағыттың кілті. Сталинград түбіндегі жауынгер қазақ – орыс, украин, белорус, өзбек, тәжік, түркімен, әзірбайжан, грузин солдаты сияқты өз ошағын, өз отбасын, өзінің туған кеңестік жерін қорғайды» делінген. Осы жерде айта кету керек, 1942 жылы тамыз айында Сталинградты қорғап жатқан даңқты 62-ші армияның қатарында 3820 қазақ, ал, 21-ші армияның жауынгерлері құрамында 1225 қазақ болды. Майдандағы қазақстандықтар: «Еділ туған жердің Алатауындай қымбат болса, Дон мен Украина далалары да қазақ даласындай қымбат. Біз Сталинградта қазақ халқының намысы мен бостандығын қорғап қаламыз», – деді. Сталинградты қорғаушылар өздерінің антын орындады. Ерекше ерлік көрсеткені үшін бірнеше қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұлардың қатарында біздің жерлесіміз, ұшқыш Н.Әбдіров, танк полкінің командирі Т.Позолотин, минометші Қ.Сыпатаев, лейтенант Г.Рамаев, полк командирі А.Бельгин бар.

Сталинградты қорғаушыларға алып ақын Жамбыл өз өлеңін арнады:

«Түндерде тыныш жата алман,

Құлағым түріп хабарға.

Сталинград шаһардан,

Ұмтылған дұшпан Еділге…

Ержүрек батыр ұлдарым,

Қадалса жаудан қан алған!

Дарытпас уын жыланның,

Көремін қамал араңнан!

Жібердім сонда баламды,

Сталинград қалаңды,

Қорғас деп жүрек, жаныңдай!».

Ол осылайша жыр төгіп, өз ұлдарын жауынгерлік ерлікке қанаттандырды. Жамбылдың ұлы Алғадай да Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты.

1942 жылы қыркүйек айында неміс-фашист әскерлері Сталинградты басып алуға екінші рет әрекет жасады. 13 қыркүйекте қала ішінде шайқас басталды. Алайда, дұшпан қаланы басып ала алмады. Еділ бойын қорғаушылардың айбынды қимылдары жаудың жоспарын күйретті. Батыр қаланың солтүстік-батысында 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының бөлімшелері қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Олармен көршілес 292-ші атқыштар дивизиясының (бұрынғы 74-ші теңіз атқыштар бригадасы) полктері шайқасты. Ұрыстың алғашқы күндерінен 64-ші армияның құрамындағы 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиясы Сталинградтың оңтүстік кіреберісін табандылықпен қорғады. Астраханьға шығатын жолды 28-ші армия әскерлері, солардың ішінде, қазақстандық 152-ші атқыштар бригадасы және 81-ші атты әскер, 387-ші атқыштар дивизиялары берік қорғап тұрды.

Сталинградты қорғауда 29-шы дивизияның жауынгері Әбдібай Құрмантаев дараланды. Ол дивизиядағы мергендер қозғалысының бастамашысы болды. Ұрыстардың бірінде Құрмантаев қызмет еткен взводты румындар қоршап алды. Олардың берілуді талап етуі мұң-ақ екен, взвод командирі қолын көтеріп, өз солдаттарына да солай етуді ұсынды. Солдаттардың арасында қорқақтар жоқ еді. Сатқынды атып тастаған Құрмантаев жауынгерлерді қарсы шабуылға көтеріп, қоршауды бұзып өтті. Қаһарман жауынгер «Қызыл Ту» орденімен марапатталды және оған кіші лейтенант атағы берілді. Атақ-даңққа табанды жауынгер мақтанып кетпеді. Ол өзінің мергендік шеберлігін шыңдай түсті. Қарсы шабуылға шығу қарсаңында оның оғынан жер құшқан жау солдаттары мен офицерлерінің есеп санын жүзге жақындатты.

1942 жылы 19 қарашада Оңтүстік-Батыс және Дон майдандарының әскерлері бір мезгілде шабуылға шықты. Келесі күні, 20 қарашада дәл осы бағытта Сталинград майданының әскерлері оңтүстіктен шабуылға шықты. 23 қарашада Сталинград және Оңтүстік-Батыс майдандарының әскерлері бір-біріне қосылды. Сөйтіп, олар неміс-фашист армияларын Калач қаласының ауданында болаттай берік қоршауға алды. Сталинград шайқасында қазақстандық құрамалар мен бөлімдер батыл күресті. 19 қарашада Кеңес жауынгерлерінің таңғы артиллериялық дайындығына Ақтөбеде жасақталған 129-шы миномет полкі де қатысты. Сталинградтың солтүстік-батысынан шабуылға шыққандардың алғы сапында командирі полковник Ғани Сафиуллин басқарған 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы полктері де болды. Ол 150 шақырым алға жылжып, жаудың 29 танкісін, 1500 солдаты мен офицерін жойды. Дивизия жауынгерлері қоршаудағы жау тобын күйреткенде тағы да 3300-ден аса гитлершілерді жойып, 1900-ін тұтқынға алды. 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына шайқаста көрсеткен табандылығы мен ерлігі үшін Сталинград қаласының тұрғындарының сұрауы бойынша дивизияға «Сталинград дивизиясы» деген құрметті атақ берілді.

29-шы атқыштар дивизиясының 7-ші ротасында жауынгерлер құрамының көпшілігі қазақтар болатын. Сталинград көшелерінде ерлікпен шайқас жүргізіп, көпшілігі қаза тапты. Олардың ерлігі құрметіне Сталинградтың бір көшесі «Қазақ» көшесі деп аталды.

51-ші армия құрамындағы 152-ші дербес атқыштар бригадасының бөлімдері, сондай-ақ, қазақстандық 387-ші атқыштар, 81-ші атты әскер дивизиялары шабуылға шықты. 5-ші екпінді армияның құрамында болған 387-ші атқыштар дивизиясы шабуыл ұрыстары кезінде 250 шақырым алға жылжып, жаудан 80 елді мекенді азат етті. Ал, 152-ші дербес атқыштар бригадасы Дондағы Ростовқа және Миус өңіріне жетті. Сталинград түбінде 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиялары 200 күн бойы қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Қоршауға алынған жау әскерлерін талқандауда бұл дивизиялар ерекше ерлік көрсетті. 1943 жылы 2 ақпанда Сталинград жаудан толық азат етілді. Немістердің 6-шы армиясының бас қолбасшысы, генерал-фельдмаршал Паулюс (фельдмаршал әскери атағын қоршауда 1943 жылы қаңтарда алған болатын) ондаған генералдарымен тұтқындалды. Сталинград түбінде 22 неміс дивизиялары талқандалып, 91 мың адам қолға түсті. Осы жерде айта кету керек, Сталиннің баласы Яков Джугашвили немістерде тұтқында лагерьде болатын. Гитлер Сталинге ұсыныс жасады: фельдмаршалды Сталиннің баласына айырбастау туралы. Сонда Сталин «Мен солдатты фельдмаршалға айырбастамаймын» деген екен.

Жауынгерлердің ерліктері, барлық дәрежедегі командирлердің стратегиялық соғыс өнері әлемдік соғыс тарихындағы осы аса ірі шайқастардың бірінде кеңес әскерлерін жеңіске жеткізді. Сталинград шайқасындағы жеңіс Ұлы Отан соғысының барысындағы түбірлі бетбұрыс болды.

Партия мен үкімет майдандағы қазақстандықтардың ерлігі мен батылдығын жоғары бағалады. 1943 жылы, 6 ақпанда «Даңқты қазақ халқы советтік Отан үшін күресте» деген бас мақаласында «Правда» газеті: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысады, тылда олардың әкелері, балалары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр», – деп жазды.

Е.АДАМБЕКОВ,

Қарағанды «Болашақ» академиясының профессоры.

С.АДАМБЕКОВА,

Қарағанды экономикалық

университетінің доценті.

Басқа материалдар

Back to top button