АймақБас тақырыпҚарағанды

Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесті

Шахтинск тұрғындары жол жөндеу, абаттандыру және аурухана жұмысына қатысты өздерін толғандырған сауалдарын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа тікелей қою мүмкіндігіне ие болды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Кездесу ашық микрофон форматында өтіп, оған қатысқан әрбір тұрғын көкейіндегі мәселесін көтерді. Облыс әкімі қалада оңалту орталығының қашан ашылатынын және газдандыру жұмыстары қалай жүргізілетінін айтып берді.

— Қала тұрғындарын толғандырған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соның ең бастысы – жылумен жабдықтау сапасын жақсартып, қысқы маусымды тұрақты өткізу. Жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда. Сіздермен кездесудің алдында Шахтинск жылу электр орталығында болып, онда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарымен таныстым. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым да жаңартылуда. Шахтинск қаласында ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын су құбыры желілерін реконструкциялау аяқталуға жақын. Ал Новодолинский кентінде жаңа су құбырының құрылысы жалғасып жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы Шахтинск қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салуды қаржыландыру көздерін айқындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да хабарлады.

Қаланы кезең-кезеңімен газдандыру жалғасуда. Ал көгілдір отынды Шахан кентіне жеткізу үшін жеке жоба әзірлеу қажет.

Шахтинскіде жаңа тұрғын үйлер жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынып жатыр.

Қала тұрғындары Шахтинскіде оңалту орталығын ашу мәселесін көтерді. Бұл мәселе ауруханаға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар шешілуде. 

Сонымен қатар аутизмі бар балаларға арналған орталық ашу туралы шешім қабылданды. Онда бейінді мамандар қызмет көрсетеді.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков қаланың даму барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жеті балалар ойын алаңын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, кенттерде тағы он екі ойын алаңы жөнделіп жатыр. Сондай-ақ футбол алаңдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Биыл Шахтинск қаласында қосымша 336 көше жарығының тірегі орнатылады. Осыдан кейін қалада жарықтандырылмаған көшелер қалмайды.

Кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселе бойынша Ермағанбет Бөлекпаев жауапты тұлғаларға сол жерде нақты тапсырмалар берді. Қалған өтініштер жан-жақты пысықталатын болады.

Ашық диалогтан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін қарады.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button