Ерлікті дәріптеген сайыс
Жуырда Қарағанды мемлекеттік университетінде дене мәдениеті және спорт факультетінің, «Жас Сұңқар» әскери-спорттық клубының ұйымдастыруымен оқытушылар арасында әскери-спорттық сайыс өтті. Шара Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғана 28 жыл толуына және ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналды.
Аталған білім ордасының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қалықов осындай игі шараның өткізілуіне ұйытқы болған факультет ұжымына, «Жас Сұңқар» әскери клубына алғысын білдіріп, факультет деканы Нұрманбек Рамашұлы, облыстық және қалалық Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының, «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің орынбасарлары Сергей Сахманов пен Игорь Молодов қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараның ашылу салтанатында аталған әскери-спорттық клуб сарбаздарының құрметті қарауыл жасағы көрсетілім қойып, патриоттық әндер шырқады.
Сонымен, ҚарМУ-дың 12 факультетінен жиналған командалар сынға түсті. Шарт бойынша, сайысқа ер азаматтармен қатар нәзік жанды аруларымыз да қатысты. Үш ер адам және екі әйел адамнан құралған әр команда төрт бөлімнен тұратын жарыс кезеңінен өтті. Атап айтсақ, бірінші кезең – 8 метр қашықтықтан мылтық ату, екінші кезең – дартс, үшінші кезең – бір орында тұрып қашықтыққа секіру және төртінші кезең – арқан тартыс.
Жарыстың бас төрешісі, аға оқытушы Талап Елемесов сайысты қорытындылай келе, жүлделі үшінші орынды математика және ақпаратттық технологиялар, философия-психология факультеттеріне тапсырды. Екінші орын тұғырына педагогикалық және физика-техникалық факультеттер көтерілді. Ал, бірінші орынды дене мәдениеті және спорт факультеті қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға кубокпен бірге медальдар, грамоталар табысталды. Бұдан бөлек, үздік деп танылған қатысушыларға жекелей спорт түрлерінен сый-сияпаттар ұсынылды.
Меруерт БАТТАЛОВА,
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ҚарМУ-дың студенттері.