Жаңалықтар

Ерлік сабақтастығы

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін, жерін қорғаған бабалардың ұрпағы кешегі Ұлы Отан соғысындағы майдангерлердің жан аямас ерлігін ел жадынан шығармау, ұрпаққа паш ету – қашан да біздің пар­ызымыз.

Сурет uainfo.org

Тарихтың қай кезеңіне үңілсек те, Ұлы даланың ұл-қыздарының ерлігі, қайсарлығы, рухының биіктігі, көзсіз батырлығы дәлелді қажет етпейтін шындық. Әңгімемізге арқау болып отырған Ұлы Отан соғысының жауынгері болған Сұлтанбай Қуанышбайұлы Қарқаралы ауданы Қоңырқұлжа жайлауында 1910 жылы дүниеге келген. Жасынан аласапыран заманның қиыншылығын көрген бозбала елін қорғауға 1942 жылы Қарағанды қаласы әскери комиссариатынан майданға аттанады. Майдан шебіндегі №503 құрамның сапында жүріп, жас жауынгер Қаратеңіз жағасындағы небір шайқастарда өзін көрсете білген теңіз-жаяу әскери құрамасының белді мүшесі болды. Бұл құраманың алдына қойған міндеттері жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, шығынға ұшыратып, кейін тез бой тасалап үлгеру болған екен.

Жау әскеріне тұтқиылдан қорқыныш тудырып, қара киім киген бұлар «Қара перілер» деген атаққа ие болған. 1943 жылдың қыркүйек айының 16-17-ші жұлдызында Екатериновка селосының жанындағы жанкешті ұрыста сержант Сұлтанбай әкеміз автоматымен он бір жауды жайратып салады. Осы ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін омырауына қадап, бөлімше командирлігіне тағайындалады. Талай шайқастың бел ортасынан көрінген әкеміз кезекті бір ұрыста қатты жараланып, дала госпиталынан бір-ақ шығады. Жаужүрек жауынгер оң аяғынан айырылып, елге оралады. Елге келгеннен кейін де соғыс солдаты мал бағуды кәсіп қылады. Бойындағы төзімділігі мен қайраттылығы майдан шебінде шыңдалғанының айғағындай болған әкеміздің жалғыз аяқпен ат үстіне қарғып мінетінін көз көргендерден естіген едік. Сұлтанбай әкемізбен Бикен анамыздың шаңырағынан туған алты бала өсіп-өнді. Немере-шөберелері бар, бүгінде үлкен бір әулет.

Алты баланың ортаншысы Жәмет бірге оқып, қызықты ғұмырды бірге кешіп келе жатқан менің – жан досым. Мектепте жүргенде көп сөзге жоқ, тұйық, тік мінез, екі айтпайтын, сөзіне тұратындығымен ерекшеленетін. Оқуды тәмамдаған соң өзі армандаған тәртіп сақшысын даярлайтын оқу мектебін бітіріп, отыз жылға жуық осы салада абыройлы қызмет атқарды.

Жәмет ауданның ішкі істер бөлімінің қатардағы телімдік полиция инспекторынан Жарық кентінің полиция бөлімінің бас­тығына көтеріліп, полиция майоры шенінде зейнетке шықты.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың орта шенінде Қарағанды қаласында такси жүргізушілерін өлтіріп кету фактілері жиі орын алған еді. Сол кезеңде топталған бес қарақшыға бүкілодақтық іздеу жарияланып, төртеуі құрықталып, біреуі қашып жүрген болатын. Қаладан шалғай орналасқан Ақбауыр ауылын жасырын паналап жүрген қашқын жендетті жазбай таныған Жәмет жатқан пәтеріне барып, пышақ ала жүгірген жауызбен алыса кетіп, қол аяғын байлап, аудандық ішкі істер бөліміне апарады. Сондағы басшылар «Жәмет, жалғыз әрекеттенгенің қалай? Жедел топты шақырмайсың ба?», деп кейіген көрінеді. Қаскөй сермеген пышақтан қалған оң қолындағы тыртық сол сәттегі жағдайдың куәсіндей көрінеді.

Жасаған батыл ерлігіне емес, міндетін адал атқарғанына ырза көңілмен ақтарылатыны бар. Еңбегі бағаланып, «Жезқазған облысы бойынша жылдың үздік учаскелік милиция қызметкері» белгісімен қоса, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен «За отличную службу по охране общественного порядка» медалімен марапатталды. Сол жылдары екеуміз Ақшоқы совхозында бірге қызмет атқардық. Күндіз-түні мал ұрлығын тыйып, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ерікті жасақшылардың кезекшілігін ұйымдастырып, тыным көрмейтін беймаза күндерінің сан куәсі болған едім.

Марат ШАЙКИН

Басқа материалдар

Back to top button