Жаңалықтар

Ерлігін Жуков білген Темірғали

Әрбір адамға оның кім екенін, оның ата-бабаларының кім болғанын білу аса маңызды. Өйткені, қазақ мемлекетінің тағдыры әрбір отбасына байланысты. Адам кетеді. Тұтас толқын ауысып жатады. Алайда, оның барлығына тарих куәлік қалдырады…

Жұмаш әулетінен сол уақытта бірсыпыра боздақ майданға бет алды.

Ақын Тұрсын Жұмаштың әкесі Темірғали Жұмашев елге офицер шенімен оралды. «Ерлігі үшін» медалінің иегері атанды. Бұған қоса ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін де еншіге қосыңыз. Сонымен, соғыс бітті. Туған жеріне оралған офицер 1951 жылы Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, ұстаздық жолын жалғастырды. Әу баста орыс тілінен сабақ берген ол кейінірек оқу ісінің меңгерушісі, одан соң Егіндібұлақ ауданы, «Арқалық» совхозы, «Шөптікөл» бөлімшесінде мектеп директоры болып қызмет атқарды. Өмірлік жары Қазиза Мұздыбаева да сонау бір зобалаң жылдарда тыл майдангері болған. Жарымен бірлесе жүріп ұрпақ сүйді. Шәкірт тәрбиеледі. Мағыналы ғұмыр кешті. Десек те, соғыс майданында жеті рет жараланған сарбаздың денсаулығы сыр берді. Елдің қамын ойлаған асыл ер 1967 жылы 47 жасында дүниеден озды…

***
Киев Еңбек Қызыл Ту орденді №141 Б.Хмельницкий атқыштар дивизиясы кезекті ұрыста барын салды. Батыс Левиданың Грон өзеніндегі неміс қорғанын бұзу оңайға соқпағаны анық. Командир Темірғали Жұмашев шешуші сәтті пайдаға асыруды байыппен ойланды. Айқастан көздеріне қан толған взвод солдаттарына сынай қарады да әнтек қабағын керді. Блиндажда отырған серіктеріне:

– Бізде уақыт аз. Жаудың траншеяларын қалайда басып алсақ, күш біздікі, – деді картаға қарындашының ұшын тигізіп.

– Жолдас командир, солдаттар шаршады, көмек әлі келмеді. Ас-­ауқат та тапшы. Жауынгерлердің көңілі сынық. Біз оларға рух беру үшін нендей шара қолданатынымызды ойластыруымыз керек. Психологиялық дағдарысқа түскен сарбаздарды оята аламыз ба?, – деген сержанттың сөзін Жұмашев келтесінен қиды.

– Халық маған оларды тапсырғанда «еті сенікі, сүйегі менікі» демеп пе еді? Отставить! Не деп тұрсыңдар?! Қысқасы, бір жұмада жаудың қамалын бұзамыз. Әскери операция «Жұма» деп аталады. Сарбаздарды үш топқа бөліңдер. Біз дәп ортада боламыз, – деп үстел үстіндегі күрең шайдан бір ұрттап қойды.

***
Ұрыс алаңы. Көздеген траншеяларды басып алу мүмкіндігі туды. Шепте тұрған бес неміс пулеметшісі көздеп атқан оқтан қалпақтай ұшты. Қалған 14-15 шақтысының ыңырсыған дауыстары аспан астын азан-қазан қылғандай. Осы картинаны көрген қалғандары жан сауғалап, әлгі жаралылар мен қолдарындағы үш пулеметті де тастай қашты. Көп ұзамай жау өзенге қарай ауысып шабуылды бастап еді, командир Жұмашев сол қапталдағы бөлікке команда берді. Бұғып жатып тынығып алған сарбаздар оқты қарша боратты. «Енді естерін жиғызбау керек» деген ой. Енді естерін жиса, сытылып кететінін сезген ол дереу төбе көрсетіп «Отан үшін! Алға!» деген қысқа ұран тастады да өзі алғы шептен жүгіре жөнелді. Басшысынан мұндай шалт қимылды күтпеген өзгелері жапатармағай «Урра! Отан үшін!» деген ұрандармен лап қойды…

***
Темірғали әскерін сапқа қайта тұрғызды. «Жолдастар, тойтарыс тегеурінді болды. Дұшпанның ротасы күйреп тынды. 22 гитлершінің жаны жаһаннамға кеткен екен. 7-еуі қолда. 3 станок және 1 қол пулеметі жарамды күйде тәркіленді. Қазір біздер Ваг өзенінің батыс жағалауындағы неміс қорғанысына иелік еттік. Бұл соғыс стратегиясында өте маңызды. Осы арқылы біз ендігі жаяу сарбаздардың қатерлі өткелден мүдірмей өтіп, жау шебіне атой салуына көмек қылдық. Енді аз-кем аялдаудан соң біздің нысанамыз Малацки шаһары болмақ. Ел сенімін ақтағандарыңыз үшін, бәріңізге алғыс жариялаймын», – деп сөзін тыя қойды. Командир ендігі әрекеттерді блиндаждағы картасына тесіліп, ұзақ ойланды. «Біз мылтық ұстап, соңына овчарка ерткендерді сабасына қалай түсірсек екен? Осы жолы тактиканы ауыстыру керек. Біз осы жолы гранатаның күшін пайдаланамыз» деп ішкі ойын бір түйіп қойды.
Қырық бестің бесінші сәуірі. Взвод граната жаудырып, жау адымын алдыға бастырмай қойды. Қорғаныста отырған фрицтер қайтерін білмей дағдарды. Алағай шақты пайдаланған қызыл әскер 9 немістің көзін құртып 15-ін қолға түсірді. Командир Жұмашев аңысын аңдып, өзі 3 фрицті тірідей олжалады.

***
– Жолдас Жуков, біздің батыстағы әскеріміз қанжығасын қанды қылды. Малацки қаласы – бізде! Осыны жеткізуге рұқсат етіңіз, – деді майор Кузнецов телефон тұтқасына.

– Жолдас Кузнецов, құттықтаймын. Біз әрі қарай өте алатынымызға сенімдісіз бе? – деген маршал дауысы естілді ар жақтан.

– Командир Жұмашевтің взводы сенімді ақтады. Бірақ, адам шығыны да жоқ емес. Меніңше, олар ептеп ес жиып алуы керек. Жұмашевтің тактикасы Рокоссовский командасынан өзгерек. Олар қолдағы бар мүмкіндіктерді сараптап алып, солдат жанын үнемдеп қана қоймай, дала мен кеңістікті шебер қолданады. Қанша айтқанмен, азиаттардың ұрыс өнеріне тамсануға болады.

– Поздравляю! Бұл жерде командиріңіз кәнігі секілді. Естуімше тірідей тұтқын олжалаудың шебері екен. Командир Жұмашевті не істейміз, жолдас майор?

– Жуков жолдас, Жұмашевті өзге фронтқа жіберуге қарсымын. Үйренген жерінде жалғастыра берсін. Оны Мәскеуге алдырып, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапаттауға ұсыныс хат жазамын.

– Сіздің сөзіңізбен келіспеуге болмас, мен ұсынысыңызды қабылдаған бетте Калинин мен Сталин жолдасқа хабарлаймын, – деп соғыс маршалы телефон тұтқасын қоя салды.

 

***
Шөкен Жұмашев (ел кезінде қайырымдылығына бола Шөлә деп атап кеткен) еді. Жігіт кезінен-ақ майдан даласына жазылды. № 49 атқыштар полкінің құрамындағы сайыпқыран сарбазға айналды да кетті. Негізінде айта кету керек, Шөлә ағкеміз ол кезде әскер жасына сай келмеген, тым жас еді. Тағдырдың жазуымен кескілескен бір ұрыста оң қолынан жарақат алған. Госпитальда жатқан бозбала жігітті көрген әскер басшылығы «тым жас, әрі қолы жарамайды» деген шешіммен елге қайтарады. Туған жерге келген соң 1950 жылы Семейдің қаржы техникумын тәмамдаған. Кейінірек Абыралы ауданы Қайнар селосында аудандық қаржы бөлімінің маманы, Егіндібұлақ, Ақтоғай аудандарында банкінің басшысы, сол кездегі Егіндібұлақ ауданының тұтынушылар одағының, кейінірек тұрмыстық коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы секілді түрлі қызметтерді атқарып, жемісті еңбек етті. Қарағанды облысы, бұрнағы Егіндібұлақ ауданында Ғалия жеңгемізбен тоғыз бала өсіріп тәрбиеледі. Еліне қадірлі азамат болды. Өкінішке қарай өмірден ерте озды. Биыл Ғалия жеңгеміз бақилық болды.

***
Осы әулеттен майданға аттанған тағы бір сарбаз Көкен Жұмашев – 1943 жылы хабарсыз кеткендердің қатарында… Негізгі мәлімет «Боздақтар» кітабының І томында жинақталған. Тек «Калининград қаласындамыз. Соғыс басталмақ. Пулеметім сақадай сай…» деген жалғыз ауыз үшбу хат қана қалғаны…
Мінекей, санамызды сартап еткен сәл сағыныш қолымызға қауырсын алғызды. Негізгі меже жеңістің ел үшін жанын берген ұрпаққа тәлім берген осы бір есімдерді қағаз бетіне қалдырып өнеге қылу ғой. Әулеттің шерлі күндердегі шежіресі осылай өрбіді…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button