Ерлан ҚИЯСОВ: ««АSHYQ» мобильді қосымшасы COVID-19-дан қауіпсіз орта құрады»
Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында 15 мыңнан астам адам «АSHYQ» мобильді қосымшасын жүктеп алды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан ҚИЯСОВ мәлімдеді.
Аталмыш қосымша КВИ-ден қауіпсіз орта құруды, келушілерді жұқтыру мен таралу қаупінен қорғауды көздейді. Сондай-ақ бизнеске карантиндік шаралар кезеңінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға 40 нысан қосылды. Олардың қатарында фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар бар. Тағы 59 қатысушы бұл қосымшаны пайдаланды.
– Коронавирустық инфекцияның пандемиясы басталғаннан бері бүкіл әлемдегі, оның ішінде біздің елдегі бизнес айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл кәсіпкерлік қызметтің кірісіне айтарлықтай зиян келтірді. Осыған байланысты бизнес-қауымдастық «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен Қазақстанда «АSHYQ» пилотын іске асыруға бастамашылық етті, – деп атап өтті Е.Қиясов.
Жобаға қатысушы болған объектіге қол жеткізу үшін келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеу, телефон нөмірі бойынша авторлану (ЖСН енгізу), QR-кодты сканерлеу және оны мекемеге кірген кезде көрсету қажет. Қазіргі уақытта телеграм @support_ashyq_bot-та техникалық қолдау қызметі іске қосылды, онда әркім сұрақ қойып, оған жауап ала алады.