Елімізде биылғы сәуір айында бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы республика жұртшылығын айнала қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстауға жұмылдырғаны белгілі. Осы ауқымды акция аясында Абай ауданының жас еріктілері «Таза аула» челленджін іске қосқан еді.
Бұл туралы Абай аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлия Әшімова: – Аталған челленджге 200-ден аса еріктілер қатысуда. Олар осы маусым айының басынан бері 16 қарт және мүгедек адамның үйлері мен аулаларын, бау-бақшаларын ретке келтірді. Бұл шара одан әрі жалғаса береді, – деген еді.
Соның ішінде, еріктілер Абай қаласының тұрғыны Валентина Куприяноваға көмек қолын созып, қол ұшын берді. Кейуана ауруханада жатса да, олар оның үйін әктеп, шарбағын жөндеп, сырлап, ауласының шөбін шауып, қоқыс қалдықтарын сыртқа шығарды.
– Менің жасы сексеннен асқан көршім Валентина апайға еріктілер жасаған қамқорлыққа алғысымды айтамын. Жасы ұлғайған қарттарға жанашырлық танытып, жәрдем жасайтын осындай жастарымыздың қатары көбейе берсін, – дейді оның көршісі, зейнеткер Қарашаш Жүнісбекова.
Еріктілердің еңбегіне ардагер кенші, бірінші топтағы мүгедек Виктор Потапов та дән риза. Олар ақсақалдың ауласын тазалап, дәлізі мен шарбаған сырлапты.
Абай ауданы еріктілеріне айтылып жатқан алғыс пен берілген батаның ақыр соңы бұл емес…
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz