Жаңалықтар

Еріктілер сапында елдің ерен жастары

   Қарағандылық волонтерлер «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде қызметке кірісті.

Волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы жанынан «Волонтерлер корпусы» Штабы ашылып, жұмыс атқаруда.

Бүгінде Қарағанды облысы бойынша 1800-ге жуық студент жастар мен оқушыларды қамтитын 70 волонтерлер тобы жұмыс істейді. Бұл топтардың негізгі міндеті – облысымыздағы іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысу және қайырымдылық көмек көрсету.

Халықаралық көрмеге волонтерлерді іріктеу үшін шет тілі мамандарынан, жастар ұйымдарының өкілдерінен, жастар ресурстық орталығының қызметкерлерінен тұратын қабылдау комиссиясы құрылды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды экономикалық университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, «Лингва» тілдер институты, «Болашақ Академиясы», Қарағанды гуманитарлық колледжі, Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі, Қарағанды политехникалық колледжі секілді оқу орындарының студенттерінен 250 волонтерлер іріктелініп алынды.

Іріктеу кезеңінде волонтерлердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруіне, Қазақстан тарихын, көрікті жерлерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын үш тілде таныстыра білуіне назар аударылды. Таңдалып алынған волонтерлер – осы талап үдесінен шыға білген жастар. Аталмыш волонтерлер қатарында 4-5 тілді еркін меңгерген жастар да кездеседі.

Көрмеге дайындық кезеңінде волонтерлер «ЭКСПО – 2017 волонтерлері арасында көшбасшылық қасиеттерді дамыту және жұмыс барысындағы қақтығыс жағдайын төмендету», «ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізу кезінде волонтерлер арасындағы қарым-қатынас, жергілікті локация және әлеуметтік желілерді пайдалану», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Төтенше жағдайлар кезінде жасалатын әрекеттер» тақырыптарындағы семинар-тренингтерден өтті.

Қарағандылық волонтерлер «ЭКСПО» көрмесінің алғашқы айында, яғни, 2-30 маусым аралығында қызмет көсететін болады.

Көрме волонтерлері «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы тарапынан заманауи үлгідегі студенттер үйімен, үш мезгіл тамақтандыру, арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, «Волонтерлік корпустың» қызметіне Қарағанды облысының бюджетінен он төрт миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат волонтерлерге ұйымдастырылған семинар-тренингтер, волонтерлердің Астана қаласына барып-қайтуы, экипировка, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын көрмеге апару, көрмеге қатысатын волонтерлерге және облыс волонтерлеріне арналған түрлі іс-шараларға жұмсалатын болады.

Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесі кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылды. Оның тақырыбы жан-жақты терең қызығушылық танытады. Осынау үлкен іс-шарада қарағандылық волонтерлер көрме қонақтарына сапалы қызмет көрсетуге дайын.

Мирас ҚҰТТЫБАЙ,

облыстық жастар саясаты

мәселелері жөніндегі басқарма

басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button