Еріктілер еңбегі – ерен
Елде орын алған төтенше жағдайға байланысты «Saryarqa Jastary» облыстық еріктілер штабының атқарып жатқан игі істері ауыз толтырып айтарлық. Мереке қарсаңында Қарағанды қаласындағы аз қамтылған 1500 отбасы мен 32 соғыс ардагеріне азық-түлік қораптарын табыстады.
7 мамырдан бастау алған игі іс бірнеше күнге созылды. Аз қамтылған отбасыларға үш жүк көлігіне тиелген жеміс-жидек, азық-түлік өнімдері мен гигиеналық заттар алынған. Мереке қарсаңында әр отбасына елу келіден 3000 азық-түлік қорабы теңдей үлестірген. Қайырымды істі қаржыландырған «Halyq»қайырымдылық қоры мен «Шұбаркөл Премиум» АҚ еді. Сондай-ақ, «9 регион» және «Қостанай ШинСервис» фирмасының демеушілігімен ардагерлерге де дәл осындай себеттер тапсырылды. Бұл туралы облыстық штабтың еріктісі Сымбат Әубәкірова:
– Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен көмекке мұқтаж, жағдайы төмен отбасылардың тізімін алдық. Ардагерлерді де жыл сайын құттықтап тұрамыз. Биыл елде орын алған төтенше жағдайға байланысты демеушілер бізге үлкен көмек көрсетті. Сол себепті табыс етілген себеттердің көлемі де артты. Алдағы уақытта карантин режимі аяқталғанша, жұмысты жалғастыра береміз– дейді.
Облыстық штабтың мәліметінше 15 наурыз бен 6 мамыр аралығында волонтерлер мен кәсіпкерлер 698 акция өткізіп, мұқтаж жандарға қол ұшын берген. Оның ішінде, көпбалалы және азқамтылған отбасы, қараусыз қалған қарт адамдар мен мүгедектерге, сондай-ақ, басқа да санаттағы тұрғындар бар. Оларға 42,8 млн теңгеден астам қаражат жұмсалып, азық-түлік себеті (макарон және бакалея өнімдері, жеміс, көкөніс, жарма, ұн, ет, өсімдік майы мен басқа да өнімдер) 13 663 отбасына таратылды.
Осы уақытқа дейін облыс көлемінде 106,8 тонна азық-түлік, санитарлық-гигиеналық, тұрмыстық және дәрілік заттарды мұқтаж жандарға табыс еткен. Игі бастамаға бизнес-құрылымдары мен шаруа қожалықтары қаржылай қол ұшын беріпті. Оның ішінде «Бипэк авто – Азия авто» компаниясы, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қарағанды автоәуесқойлар клубы, «Vogue» мейрамханасы, «Жанель» кафесі, «Жандос» ЖК және басқа да ұжым өкілдерінің көмегін айта кетпеуге болмас.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»