Еріген қар елді алаңдатуда

     Кеше облыстың төтенше жағдайлар департаментінде аталған орган басшысының орынбасары, полковник  Мұрат ҚАТПАНОВ,облыстың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан ҚҰДИЯРОВ және облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әсел СӘДУАҚАСОВА қатысқан облыстағы су тасқыны мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

29 наурыздан бастап облыс көлеміндегі күннің күрт жылуына байланысты, қар еріп, сең қозғалу, жер-жерді су басу қаупі орын алды. Соған байланысты, аталған департаментте келіп түскен ақпаратты бір арнаға тоғыстыратын арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар, кезекшілік-диспетчерлік қызметтің жұмысы күшейтілді.

Аталған мерзімнен бері облыс аумағында 8 елді мекенді су басты. Яғни, Бұқар жырау ауданына қарасты Петровка ауылы, Теміртау қаласына қарасты Мырза станциясы, Қарқаралы ауданына қарасты Жарлы ауылы, Талды станциясы, Ақшоқы станциясы, Шет ауданына қарасты Ағадыр кенті мен Көктіңкөлі ауылы және Жаңаарқа ауданына қарасты Ақшағат ауылдық округі. Аталған елдімекендерде барлығы 21 үй, 44 аула су астында қалған. Бұл үйлер мен аулалар қазіргі күні судан толық құрғатылды.

Апатты жағдайдан барлығы 397 адам құтқарылып, соның 361-і бүгінгі күні өз үйлеріне қайтарылды. Бидайық және Атасу ауылдарына эвакуацияланған қалған 36 адам – Ақшағат ауылының тұрғындары. Мұнымен бірге, 89 ірі қара мен 113 ұсақ мал көшірілді. Азын-аулақ үй құстары да бар. Қазіргі таңда барлық малдар иелеріне қайтарылды.

29 наурыздан бері барлығы 2,5 шақырымға созылған уақытша құм үйінділері жасалып, су тасқынына бөгет боларлық 8830 құм салынған қап төселді. 700 текше метр су сорылып алынды. Апатты ошақтарда жеке құрамның 594 қызметкері мен 133 техника жұмыс жасауда. Жалпы, облыстың су басу қаупі бар аймақтарында жергілікті атқару органдарының, бөлімшелердің, жеке құрамның, ұйымдардың қызметкерлері апаттың алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ауа температурасы жоғарылаған күннен бастап, Шет және Қарқаралы аудандарында су басу апаттары орын алғаны белгілі. Сонымен қатар, Жаман Сарысу өзенінің арнасынан асуы да алаң туғызуда. Бұл өзен Сарысу өзеніне құйылып, Атасу ауылын жағалай Ұлытау ауданына ойысады. Бұл өңірде өзенге етене жақын Жыланды ауылы тағы бар. Жыланды ауылы 2015 жылы су астында қалған еді. Сондықтан, бұл ауылда да апаттың алдын алу шаралары күшейтілді. Бұдан әрі өзен Қызылорда облысының шекарасына өтеді.

Республикалық және облыстық маңызды 23 автокөлік жолының үстімен су жүріп өткен. 1 сәуірде таңғы мерзімде Қызылорда-Павлодар тасжолының 166-шы шақырымында 20-25 метр жолды су шайып өтті. Қазіргі күні жол жөндеушілер су ағынының азаюын күтуде. Тасқын саябырсыған бетте жөндеу жұмыстары басталады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.