Ресми

Ерекше жандар елеусіз қалмайды

Қарағанды облысында 55 000 нан астам мүгедектігі бар адамдар бар екен. Оның ішінде, Қарағанды қаласында 25 096 адам тіркелген. 3043 адам – 1 топ, 10536 –2 топ, 9036 – 3 топ санатында болса, мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 2481.

Ерекше жандардың мәселесі күнделікті өмірде көзге жиі ұшырамағанымен, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін мекеме қызметкерлері мен бейімдеу орталықтарына мәлім. Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», – деген еді.

Қазір Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсететін 70 ұйым жұмыс істейді. Бірнеше игі жоба жүзеге асқан. Аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Ерекше балаларға арналған түрлі спорттық секциялар жұмыс істей бастады. Аймақтағы 11 қалада инватакси іске қосылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру ісі де жүйелі жүзеге асып келеді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сәйкес, жергілікті атқарушы органдар «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Онда ауыр, еңбек жағдайы зиянды, қауiптi салалардағы жұмыстарды қоспағанда 2-ден 4%-ға дейiнгi мөлшерде мүгедектер үшiн жұмыс орындарының квотасын белгiлеу (9-бап) қарастырылған.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға квота бөлу барысында «Мүгедектерге жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 13 маусымдағы №498 бұйрығына сәйкес, және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде қызметке кірудің ерекше шарттары, лауазымға тағайындау тәртібі мұқият ескеріледі.

Қарағанды облысы өнеркәсіптік аймаққа жататынын ескерсек, көптеген ұйымдар мен кәсіпорындарда еңбек жағдайлары ауыр және зиянды, сондықтан барлық кәсіпорындарда квота жоқ.

2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті мүгедектер саны 34 148 адамды құрайды. Олар 16 және одан жоғары жастағы еңбекке қабілетті адамдар, 60 жасқа дейінгі әйелдер, 63 жасқа дейінгі ерлер. Соңғы 3 айда 11 793 адамға әлеуметтік төлем аударылған. Жұмыспен қамтылған мүгедектердің үлесі – 34,5%. Жоспарда – 28,5% деп көрсетілген.

Биыл штат саны 6203 адамды құрайтын 48 кәсіпорын (ауруханалар, мектептер, жеке ұйымдар, коммуналдық қызметтер) анықталды. Оларда 87 адамға квота белгіленді.

Әлеуметтік осал топтар үшін биыл 191 грант беру жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа механизм – жастарды несиелендіру енгізілуде, онда 1,62 млрд теңге сомасында 324 несие қарастырылған, оның 227-сі қалада (70%), 97-сі ауылдық жерде (30%).

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мүгедектер санатынан 700 адамды қамту жоспарлануда. 2023 жыл 1 наурыздағы жағдай бойынша 527 мүгедек өтініш берсе, оның 252 -сі жұмысқа орналастырылды.

Бос орындарға – 56 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 8 адам, қоғамдық жұмыстарға – 187 адам, жастар тәжірибесі бойынша – 1 адам жұмысқа орналасты.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары туралы ақпараттандыру, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен біліктіліктерді алуда ақпараттық қолдау көрсету, қалалар мен аудандарда бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алу мақсатында, оның ішінде облыстың шалғай ауылдық елді мекендерінде Жұмыспен қамту орталықтарының жылжымалы Жұмыспен қамту пункттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, тұрақты негізде жұмыссыз тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, ЖҚО ресми Instagram парақшасында, басқарманың интернет-ресурсында жұмыс берушілермен және жергілікті тұрғындармен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы квота негізінде Қарағанды облысы Абай ауданындағы жұмыспен қамту орталығына жүгінген жанның бірі – 3 топ мүгедегі Әлихан Ахмеджанов. Әлихан – Абай ауданындағы Көпсалалы колледж түлегі. Орталыққа жүгінген соң жұмыссыз деп танылды. Одан соң «Алғашқы жұмыс орны» жобасына сай жолдама беріліп, жұмыс берушінің өтініші бойынша «Абай ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне» бағдарламашы болып жұмысқа орналасты.

Назым ДҮТБАЙ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button