Руханият

Ерекше тастар тізіліп…

Қарағанды облыстық экологиялық мұражайда «Аширит» ерекше тас жинаушылар клубының көрмесі ашылды. Экспозиция дәстүрлі түрде сәуірдің бірінші жексенбісінде аталатын Геолог күніне орай өткізіледі. Көрмеге әлемнің түпкір-түпкірінен жинақталған жүздеген сирек үлгілер қойылды. Олардың көпшілігі Орталық Қазақстанның, атап айтқанда Қарағанды облысының кеніштері мен даласынан жиналған.

Суреттер: ұйымдастырушылардан

Мұражайға келушілер жеке коллекциялардан бірегей экспонаттарды тамашалап, жер қойнауының табиғи әсемдігіне таңданды.

«Аширит» клубының төрайымы Алма Жұмағалиева «әр тастың энергетикасы бар» деп сенеді.

Экспозицияның ерекше жәдігері – мүк агатының үйіндісі. Ол бірнеше жыл бұрын Бетпақдала маңында табылған. Геологтар салмағы ауыр тас сұр әрі сұрқай болып көрінгенімен, көз тартарлық ерекше сұлулығы бар екенін айтты. Артық минералды қабаттарды тазалап, жылтыратқаннан кейін ашық түсті тас жарқырай түскен.

Экспонат көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Ашылу салтанатында табиғи мүсін тіпті дау тудырды. Тасты әркім әрқилы көрді: біреуі әйел сұлбасын елестетсе, тағы бірі еркек пен әйелдің бастауы сабақтасқан деген ойын білдірді.

Алып аметист жеоды аталатын ерекше тас та көрген көзді тамсандырады. Бұл Бразилия топтамасының бір бөлігі. Тау хрусталінің кристалды друзасы да таңқаларлық.

Сөрелердің бірінде крест бейнесі бар нефрит үлгісі ерекшеленеді. Бұл – жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар қарағандылық геолог Сергей Клевцовтың коллекциясындағы таңғажайып жәдігер.

– Мүмкіндігінше әртүрлі минералдарды ұсынуға тырыстым. Негізгі массасы – кремнеземдер, кварцтар, халцедондар, силикаттардың барлық түрлері. Ұзақ жылдар жинақтаудың арқасында коллекциямда мыңдаған ерекше тас бар. Менің коллекциям әлі де ұлғая береді, тіпті, оларды ешқашан санамадым. Орталық Қазақстанның жер қойнауынан көптеген минералдар таптым. Сондай-ақ, Орал, Забайкалье, Таулы Алтай бойынша өткен экспедициялардан алып келдім. Коллекцияның жартысына жуығы басқа тас жинаушылар мен әуесқойлардан айырбастап алған қор, – деді Сергей Клевцов.

Көрменің ашылуына осы мамандықты енді ғана меңгеріп жүрген болашақ геологтар да келді.

– Біздің аймақ – пайдалы қазбаларға бай екені рас. Бірақ оның осынша ауқымды екенін жете ұғынбаған екем. Бүгінгі көрмеге қойылған тастар сан қилы. Өте қызықты әрі танымдық көрме, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тау-кен факультетінің ІІІ курс студенті Михаил Кряхов.

Көрмеге асыл тастардан басқа олардан жасалған зергерлік бұйымдар мен көркем туындылар қойылған.

Экомұражайдағы көрме 15 сәуірге дейін жалғасады. Мекенжайы: Бұқар жырау даңғылы, 47 (Каскад алаңында «ЦентрКазНедра» ғимараты, 1-қабат).

Экспозицияны дүйсенбіден сенбіге дейін күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін тамашалауға болады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button