Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға «ХҚКО» қосымшасынан жазылуға болады
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін теориялық және тәжірибелік емтиханға енді тек «ХҚКО» қосымшасы арқылы ғана жазылуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл жаңалық ашықтықты, ресімдеудің қолайлылығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін енгізілгенін хабарлады.
Енді емтиханға жазылу үшін Google Play немесе App Store арқылы «ХҚКО» қосымшасын жүктеп алу қажет. Содан кейін екі факторлы аутентификациядан: биометриялық сәйкестендіру және 1414 нөмірінен жіберілген SMS-код арқылы жеке басын растау қажет. Барлық деректер расталғаннан кейін қосымшадағы «Теория бойынша емтиханға жазылу» немесе «Практика бойынша емтиханға жазылу» қосымша бетіне көшу және жазбаны мобильді азаматтар базасында тіркелген белсенді телефон нөміріне жіберілетін SMS арқылы растау қажет.
Сервисті пайдаланар алдында бәрібір мамандандырылған ХҚКО-ға жүгініп, емтиханға өтінім беріп, осы өтінімнің нөмірін алу керектігін есте сақтау маңызды.
Қосымшаның тағы бір жағымды жағы – емтихан туралы ұмытпайды және пайдаланушыны тапсыру уақыты немесе кестедегі қандай да бір өзгерістер туралы алдын ала хабардар етеді.
Сервис арқылы сондай-ақ барлық ХҚКО-на барып, электрондық кезек талонын алуға, өзекті ақпаратпен және қызметтермен танысуға, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығын таңдауға болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА