Елтай ауылының ерен ардагері
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көре алмай кеткен ардагерлердің бірі – Елтай ауылынан шыққан жауынгер, жүрегі түкті еңбек адамы, ақеділ ақсақал Бажақ Исайынұлы еді. Қан майданда жаумен бетпе-бет шайқасып, жараланып, сол жақ қолын ұрыс даласында қалдырса да, елге оралған соң мойымаған азамат, бейбіт күнде де қажымай еңбек етіп, жеті бірдей ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Ол тек соғыстың емес, бейбіт өмірдің де қаһарманы бола білді. Өтелген ерлігі мен еңбегі ел есінде, ұрпағының жадында да мәңгі сақталып қалды. Артында ізі, сөзінде шындығы, жүрегінде Отанға деген адалдық ұялаған халықтың батыры еді…

Қызыл төңкеріс уағында дүние есігін ашқан Бажақ Исайынұлы – тағдыры тарихпен тұтасқан тұлға болатын. Сол бір алмағайып заманда небәрі төрт кластық білім алуы – бүгінгі толыққанды орта біліммен пара-пар болатын. Ол кезде әр әріпті танып, қағазға сауатты ой жаза білу – үлкен жетістік, ел ішіндегі құрметтің бір өлшемі саналған-тын. Қарағандыдағы №18 шахтада еңбек етіп жүріп, жастық жігерімен комсомол қатарына қабылданды. Ізденісі мен ұмтылысының арқасында 1935 жылы Көкшетау педагогикалық техникумын тәмамдады. Сонан соң Қарағанды қаласындағы №11 орта мектепте ұстаздық қызметін бастап, білімнің шырағын жаққанымен, көп ұзамай тағдыр оны басқа майданға шақырды. Қарашада қызыл армия қатарына қосылды. Бұл кезде Ленинград әскери округінде фин соғысы қызу жүріп жатқан-ды. Бажақ ақсақал осы майдан шебінде қосалқы атқыштар полкінде жауынгер ретінде сапқа тұрды. Оның әскери жолы дәл осы сәттен басталып, болашақта ерлікке толы біртұтас шежіреге айналды…
Жас та болса, жасындай жарқылдаған жігерлі Бажақ сол жылдары бойына біткен қайсарлық пен білімін сарбаздық жолда шыңдады. Орта білімді, жауынгерлік тәртіпке төселген азамат кіші командир шенімен Приволжье әскери округіндегі Балашов жаяу әскер училищесінде оқып жүрген тұста-ақ, Отан үшін отқа түсер күн жеткен еді. Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Майдан даласындағы ұрыс қызған шақта ол 167-атқыштар дивизиясының 520-полкі құрамында взвод командирі қызметіне тағайындалып, аға сержант шенінде жауға бет түзеді. Фашизммен жүзбе-жүз шайқаста ерлік пен төзім ғана емес, жанқиярлық та сынға түсті. Командир Бажақ дәл осы Бобруйск түбіндегі қанды қырғында ауыр жарақат алады. Жау оғы сол қолын үгітіп, сүйегі талқандалған оның жарасы жазылмай, ақыры қолынан айырылып, елге оралады. Бірақ, қолы сынса да руһы сынбады оның!
Майданнан елге оралғаннан кейін де Бажақ ақсақал бір сәтке тыным таппады. Оның ерен-ғайып еңбегі бейбіт өмірде де жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары байыпты Бажақтың еңбекке деген көзқарасын, табандылығын, елге деген шынайы жанашырлығын өз көздерімен көріп, ерлік тек окопта емес, күнделікті істе де көрінетінін түйсінді. Бейбіт өмірде Бажақ ақсақал Елтай ауылының еңсесін тіктеуге, шаруашылықты қалпына келтіруге белсене араласты. 1960 жылы «Победа» совхозының «Мұнай базасы» жаңар-жағар май стансасына меңгеруші болып тағайындалып, бұл қызметті абыроймен атқарды. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, 20 жыл бойы Халықтық бақылау тобының төрағасы болып еселі еңбек етті. Бұл – ел ісіне деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің жарқын көрінісі еді. Қаймана халықтың сенімін арқалаған ардагер Ақжар селолық округінің депутаты болып сайланып, шынайы халық қалаулысына айналды. Оның әр сөзі мен ісі ауыл азаматтары үшін үлгі, келер ұрпақ үшін өшпес өнегеге айналды.
Соғыста қаруын, бейбіт өмірде қаламын серік еткен ардагер Бажақ ел шежіресін сөзбен өрнектеген санаулы жандардың бірі еді. Қарт жауынгер өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамады. Ауылдың тыныс-тіршілігі, адам тағдыры, қоғам өзгерісі – бәрі де оның жүрегінен өтіп, шынайы әрі салмақты оймен қағаз бетіне түсті. Бажақ Исайынұлы аудандық «Знамя Ильича», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінің меншікті тілшісі ретінде ұзақ жылдар бойы ел ішінің үнжариясына айналды. Оның жазған әр мақаласы – ауыл шежіресінің тасқа басылған ізіндей болаын. Бейбіт өмірде де, майданда да көрсеткен қажырлы еңбегі мен жанқияр ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Бажақ Исайынұлы – бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері. Сонымен қатар, ол «Германияны жеңгені үшін», «Ерен ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін» медальдарымен және де Ұлы Жеңістің әр мерейтойына арналған марапаттармен наградталған. Бұл марапат легі тек кеудедегі төсбелгі ғана емес, өнегелі өмір жолының, азаматтық ұстанымының, еліне адалдығының айшықты дәлелі.
Бүгінде Бажақ ақсақалдың ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп, өмірдің әр саласында із қалдырып жүр. Олардың ішінде ұстаз да, дәрігер де, инженер мен шаруа да бар. Уақыт өз дегенін қылса да, ардагер Бажақтың кейінгіге қалдырған тәлімі мен өшпес өнегесі ұрпақ санасында жатталды. Алдыңғы толқын буыны зейнет жасына жетіп, кейінгілері елге қызмет етудің даңғыл жолында жүр. Олар да әзиз әкелерінің есімін мақтанышпен атап, оның өмір жолын тек отбасының емес, тұтас бір ұрпақтың руһани қазынасы ретінде қастерлейді. Бажақ Исайынұлының жарқын елесі бір қолын майдан шебінде қалдырса да, жүрегін халқы үшін сақтап өткен, шын мәніндегі батыр, еңбеккер, қаламгер, халықтың ақсақалы қалпында сақталып қала бермек!
Сафура БАЖАҚҚЫЗЫ, ұрпағы