Елмен бірге – Елордаға
Елордада өтетін «ЭКСПО» көрмесінің басталуына санаулы күн қалды. Халықаралық деңгейдегі іс-шараға біздің облыс тұрғындары да қызығушылық танытып отыр. Халықтың сұранысына сай, қазірдің өзінде Астана қаласына жолдамалар сату басталып кетті.
Мәселен, біздің облыста екі қарағандылық компания – «Жанар Трэвел» және «Павлин-Тур» «ЭКСПО» көрмесіне жолдамалар ұсынады.
«Жанар Трэвел» 20 және 50 адамнан тұратын топтармен бір және екі күндік тур аясында Елордаға сапар шегуге шақырады. Жолдаманың бастапқы құны – 18100 теңге. Бұл қаржыға жұмыс күніне бір күндік тур ұсынылады. Оған Астана бойынша экскурсия (ҚР Тұңғыш Президентінің музейін аралау, «Бәйтерек» монументіне көтерілу, екі сағатқа «ЭКСПО» көрмесіне бару), сондай-ақ, «Mega Plaza» сауда орталығында сауда жасау кіреді. Сонымен қатар, туристер трансфермен және үш рет тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Екі күндік турдың құны – топтағы адамдар санына қарай 33500 теңгеден 40000 теңгеге дейін. Туристерге бұл қаражатқа тамақтану мен қонақүйде тұру, бас шаһардың көрікті жерлерін және күні бойы «ЭКСПО» көрмесін аралау ұсынылады.
«Павлин Тур» туристік агенттігі бір күндік турлар ұсынады. Оған экскурсия, көрмеге бару және трансфер кіреді. Демалыс күндері ересектер үшін турдың құны – 13500 теңге, 6 жасқа дейінгі балалар үшін – 3500 теңге, оқушылар, студенттер және зейнеткерлер үшін – 10500 теңге.
Жұмыс күндері жолдаманың ең төмен құны ересектер үшін – 11500 теңге, балалар үшін 3500 теңгеден басталады. Оқушылар, студенттер және зейнеткерлер үшін жолдама құны 8500 теңгеден болады.
Турларды «Жанар Трэвел» туроператорынан (Н.Әбдіров даңғылы, 36/4) және «Павлин-Тур» туристік агенттігінен (Ерубаев көшесі, 33/2) сатып алуға болады.
Жалпы, Астанада өтетін Халықаралық көрменің ауқымы кең. Мәселен, түрлі іс-шаралар қатарында Инженерлер мен ғалымдардың Бүкіләлемдік Конгресін өткізу де жоспарланған.
Ғалымдардың ғаламдық проблемаларды сарапқа салатын басқосуы екі күнге созылмақ. 19-20 маусым күндері. Тақырыбы – «Болашақ энергиясы: инновациялық сценарийлер мен оларды жүзеге асырудың әдістері».
Мұндай маңызды Конгрестің Елордада өткізілуін ауыз толтырып айтуға болады. Себебі, ол Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның өзінде алғаш рет өткізілмек.
Конгресс жұмысына әлемнің 50 елінен 1000-нан астам делегат жиналмақ. Олардың қатарында, Нобель және «ЖаҺандық энергия» халықаралық сыйлығының лауреаттары, әйгілі сарапшылар, көрнекті ғалымдар мен әлемдік энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысады.
Конгресс жұмысы жаҺандық энергетикалық түйткілдердің жаңа шешімдерін іздеу, кадрларды, технологияларды, зерттемелер мен инновацияларды әзірлеуге бағытталған.