Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаяды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу шеңберінде 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаятынын хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі күні жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың қолданыстағы әдістемесіне сәйкес 1 студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, енді ол орта есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.
— Жаңа қаржыландыру нормативі негізгі және ынталандыру бөліктерінен тұрады, бұл ретте ынталандырушы төлемдер нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждерге беріледі. Қаржыландырудың жаңа жүйесі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, білім беру ұйымдарын заманауи материал-техникалық құралдармен жабдықтауға және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА