Кездесу

Елге Елдос келді

Токио Олимпиадасында ел қоржынын қола жүлдемен толықтырған дзюдошы Елдос СМЕТОВ кеншілер қаласына келді. Ел мақтанышы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің оқушыларымен кездесіп, спорт төңірегінде әңгіме өрбітті.

Қарағанды спортының қарашаңырағында өткен жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев арнайы қатысты. Және жерлестеріміз, дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері – Ғұсман Қырғызбаев пен Рүстем Ибраев та құрметті қонақтар қатарынан табылды. Жас спортшылар елдің мерейін үстем етіп жүрген балуандарға жан-жақты сауал жолдады. Өз кезегінде ел мақтаныштары жанып тұрған жас жеткіншектерге спортта жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті.

– Қонақжай мекен Қарағандыға үлкен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, ел ағаларына бек алғысымды айтамын. Еліміздің ертеңі – жас спортшылар. Ал, бұл оқу орны – үлкен тәрбие мектебі. Өзіміз де интернаттың қара нанын жеп өстік. Бапкерлердің қатал талаптарын ескердік. Дайындықты мүлдем тастамадық. Аллаға шүкір, нәтижесі – міне. Құрметті жас спортшылар. Сіздер де табандап кіріссеңіздер, Олимп шыңын бағындырасыздар. Ол үшін тек спортқа жан-тәніңмен берілуің керек. Сонда сенімен елің мақтанатын болады, – деді Елдос Сметов.

Құрметті қонаққа Қазақ күресі федерациясының облыстағы азаматтары, Дзюдо күресі федерациясы облыстық филиалының төрағасы Евгений Кондратьев және облыстық жауынгерлік өнер ассоциациясы мәрттік танытып, ақшалай сыйлық тарту етті. «Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстан халқына спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдайларды жасау керектігін баса айтқан болатын. Біз өз кезегімізде мектеп-интернатымызда тәрбиеленіп жатқан жас спортшыларға спортпен шұғылданып қана қоймай, жан-жақты болып өсуі үшін еліміздің мақтанышына айналған алдыңғы буын аға-әпкелерімен осындай кездесулерді ұйымдастырып тұрамыз. Біз еліміздің болашағы үшін тер төгетін рухты спортшыларды дайындап шығару үшін бар күшімізді салуға міндеттіміз», – деді шара соңын түйіндеген аталған оқу орнының директоры Ерден Халилин.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button