Елең еткізген – “Егіз лебіз”
Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде офлайн және ZOOM платформасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері ақын Мирас АСАН мен Жадыра БАЙБҰЛАНОВАНЫҢ өлеңдерін жатқа оқудан «Егіз лебіз» атты қалалық байқау өтті. Байқау идеясының авторы әрі демеушісі – білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.
Елімізге кеңінен таныс қос ақынның шығармашылығына арналған бұл кеш Бекзат Қомарұлының бастамасымен Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен өтіп отырған бесінші шара. Бұған дейін Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрактың шығармашылығы насихатталған еді.
Кітапхананың өлкетану бөлімі мен «Қарымды қаламгер» клубы ұйымдастырған байқауда қатысуға өтініш білдірген 16 мен 35 жас аралығындағы 25-ке жуық үміткерлер бақ сынасты. Филология ғылымдарының кандидаты, Азат Бабашов төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова, №8 ЖББМ-нің қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Қасқа құлын» жыр жинағының авторы, ақын Қайрат Иманбек, Абай атындағы облыстық балалар кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директоры Асхат Қажытай болды. Кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы тізгіндеген байқауда қазылар алқасы үміткерлердің өнерін жаттаған өлеңдер саны мен сапасы, мәнерлеп оқу шеберлігі, сахна орындаушылық шеберлік деңгейі бойынша бағалады, сахна мәдениетіне баса назар аударып, кемшіліктерін де ескертті. Қатысушылардың барлығына Алғыс хат пен «Арқа батырлары» атты кітабы табысталды. III орынның 35 мың теңге сертификатын ИП «Ozge Group» қызметкері Бағым Қарасаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының II курс студенті Қасиет Сағынтаев жеңіп алды.
II орынның 60 мың теңге жүлдесі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Тілеужан Қамысбаев ие болса, I орынның 100 мың теңгелік сертификатын өзге қарсыластарынан оқ бойы озық келген №61 орта мектептің 11 сынып оқушысы Ақшархат Эшкулова жеңіп алды.
Сонымен қатар, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директоры Асхат Қажытайдың қолдауымен 5 үміткерге ай сайын 20 мың теңгеден 5 айға степендия тағайындалды. Бұл құрметке лайық деп, Аружан Айтмағанбет, Наргиз Екпінбай, Айғаным Әуесбек, Ислам Адилов, Қауария Сәлімгерей танылды. Жобаның келесі байқауы «Арқаның ару қыздарының» шығармашылығына арналатындығын Бекзат Алтынбеков өз сөзінде айрықша атап өтті.
Жәлел ШАЛҚАР.