Жаңалықтар

Елдің қозғаушы күші

Көкшетауда өткен ел болашағына бағытталған маңызды оқиға – Ұлттық Құрылтайда ел дамуына тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, жастар саясатына ерекше назар аударылды. Бұл – ел ертеңіне бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды.

Сурет Ақорда

Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың ел дамуындағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспана мәселесіне және бос уақытын тиімді өткізуге қатысты нақты ұсыныстар айтты. «Жастар – біздің үмітіміз, еліміздің қозғаушы күші. Оларға тиісті жағдай жасалуы керек», – деді Президент.

Жиын барысында еліміздің әр өңірінен келген белсенді жастар өз аймақтарындағы түйткілді мәселелерді ортаға салды. Ауыл жастары заманауи білім мен интернетке қолжетімділік жайын көтерсе, қала жастары жұмыссыздық пен жалдамалы пәтер ақысының шарықтауы туралы мәселе қозғады.

Сондай-ақ, бізді ерекше қуантқан жайттардың бірі – Президенттің театр өнерін жаңғырту туралы айтқаны.
«Театр – халықтың рухани айнасы. Біз ұлттық театрларды қолдап, шығармашылық ұжымдарға жаңа тыныс беруіміз керек» деген ойы – өнер мен мәдениетке деген терең құрметтің дәлелі. Жастардың сахна өнеріне бет бұруы, ұлттық құндылықтарды өнер арқылы жеткізуі – рухани жаңғырудың маңызды бағыты.

Құрылтайда жастар ұйымдарының белсенділігін арттыру, патриоттық тәрбие мен кәсіптік білім беру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ел Президенті жастардың шығармашылық, ғылыми және кәсіпкерлік бастамаларын жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеп, нақты шаралар легін ұсынды.
Көкшетаудағы Құрылтай елдің болашағына жасалған сенімді қадам. Бұл отырыс елдің әр өңіріндегі жастарға тың серпін беріп, олардың үнін жоғары мінберден естірткен ерекше алаң болды.

Ерасыл ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Жастар ресурстық орталығы Жастар бастамашылдығы мен
жобаларына қолдау көрсету және ақпараттық насихаттау бөлімінің инспекторы

Басқа материалдар

Back to top button