Брифинг

Елдің күші – татулықта

«Қарағанды облысындағы этносаралық қатынастар саласындағы медиация институтын дамытуға бағытталған іс-шаралар кешені» жобасы аясында 3 күндік этномедиация курсы өтті. Қарағандыдағы Достық үйінде ұйымдастырылған шараға 30-дан астам маман қатысты.

Жалпы медиация – дау-дамайды шешудің балама әдістерінің бірі. Оның көмегімен тараптардың құндылықтарына, көзқарастары мен қажеттіліктеріне сүйене отырып, жанжалдар мен дауларды тиімді шешуге болады. Қарағандыда 2019 жылдан облыс төңірегінде медиация кабинеті ашылып, арнайы бөлім жұмысын бастаған еді. Содан бері медиацияны дамытуға байланысты кешенді жұмыс жүргізілуде. Солардың бірі – осы этносаралық қатынастар саласындағы медиация институтын дамытуға арналған 25 сағаттық кешенді курс.

– Қарым-қатынас жасау, дұрыс сөйлеу үшін психологиялық білім маңызды. Біз күнделікті қоғамда дұрыс сөйлесудің мәнерін білмегендіктен кері әсерін береді. Оның үстіне адамдар, қоғамдық орта, тұратын жер, барлығы әртүрлі. Сондықтан, жан-жақты психологиялық тұрғыдан өзін дамытуы қажет. Кейде орын алатын этносаралық кикілжіңдер де осы тіл табыса алмаудың салдарынан болады. Курсқа қатысушылар медиацияны толық игеріп, алған білімдерін қажет жағдайда пайдалана алады. Осы медиация саласында оқытуды жүзеге асыратын медиаторлардан талап ететін бірінші шарт – семинардың сапалы өтуі. Және жоғарғы деңгейлі кәсіби медиаторлардың сабақ беруі, – деді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Құрметті профессоры Лола Шәкімова брифингте.

Аталмыш курсқа Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен жұмыс жүргізетін азаматтардан бөлек, медиатор, волонтер, мемлекеттік қызметшілер мен басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Үш күндік оқудан кейін барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, әр қатысушы бірнеше жыл бойы қоғамдық қызмет ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясымен одан әрі ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында этносаралық қатынас туралы ойын ашып айтты. Елімізде қаншама ұлт өкілі бар. Олар өте тату. Дегенмен, кейде этносаралық жанжалдың туындайтыны да шындық. Міне, осы мақсатта біз түрлі жұмыстарды қолға алдық. Этномәдени бірлестік арасындағы дау- -дамайлардың алдын алып, тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгенін жасау – біздің басты міндетіміз, – деді кәсіби медиатор Света Шардарбекова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button