Елдардың елеулі жеңісі
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Елдар Қанағат «ТМД-ның үздік студенті – 2024» халықаралық байқауының жүлдегері атанды. Ол оқудағы жетістіктері үшін II дәрежелі дипломмен және «Қазақ тілін оқытуда жырау шығармаларын қолдану әдістемесі» мақаласы үшін арнайы жүлдемен марапатталды.

Президенттік стипендияның иегері және көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған Елдар – «Автоматтандыру және басқару» мамандығының ІІІ курс студенті. Мақаланы қазақ тілі мен мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы Меңдікүл Оспанғалиеваның жетекшілігімен жазған.
– Мақала тақырыбы өзекті және мен ұсынған әдіс көптеген адамдар үшін пайдалы. Жарияланыммен қатар оқу жылдарындағы басқа да жетістіктерім бағаланды, – дейді Елдар.
Университет оқытушыларының айтуынша, Елдардың мақаласы «Рухани жаңғыру» ақпараттық-талдау орталығы мен QAZAQ BILIMI Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналы ұйымдастырған «Үздік студенттік мақалалар» республикалық байқауында да жоғары бағаланған. Студенттің жұмысы бұл жолы «Үздік мақала» атылымы бойынша I дәрежелі дипломға ие болды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz