Жаңалықтар

«ЕLBASY JOLY» туризмді түлетпек

Сәрсенбіде облыс әкімдігі, облыстың кәсіпкерлер басқармасы, ҚР «Атамекен» ҰКП, сонымен қатар, Орталық Қазақстанның туризм, мейрамхана, қонақ үй және қолөнер бизнесі Қауымдастығының ұйытқы болуымен өңірімізде Астана қаласының 20 жылдығына орай «ЕLBASY JOLY» атты тарихи-ақпараттық тур өткізілді.

Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинді зерттеушілер шайыр өмірінің бірер сәттерінен ғана бейхабар көрінеді. Тұлғаға деген құрмет осындай-ақ болса керек. Ал, біз бас ақынымыз деп бағалайтын Абайды осылай зерделей алдық па? Әуезовтің «Абай жолы» ақын ғұмырын барынша айшықтап берді дегенмен, дәл Пушкиндей зерделей қоймағанымыз аян. Сол сияқты ел билеп, Президент ретінде танылған тұлғалардың да өмірі жұрт қызығушылығына ие. Мәселен, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттің кез келген Президенті осы ел тұрғындарының назарына жиі ілігеді. Әлденеше деректі, көркем фильмдер де түсірілген. Жүріп өткен жолдары қаламгерлерге де арқау болып, қанша туынды жазылды десеңізші?! Тіпті, ел тізгінін ұстаған азаматтардың тұрмыстық заттары, тұрған үйлері, қызмет еткен орындарына дейін қастерлі саналады. Міне, шетелге бара қалған туристер мен саяхатшыларды да қызықтыратыны – осы.

Өкінішке орай, еліміздің туристік саласы әлі де шарықтау шегіне жете қойған жоқ. Қонақүйлер мен демалу орындарының бағасы шетел демалыс орындарымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Осы шараның өтуіне бастамашылық еткен Орталық Қазақстанның Туризм, мейрамхана, қонақ үй және қолөнер бизнесі қауымдастығының президенті Майя Ағаділованың айтуынша, бұл ең алдымен маркетинг мәселесіне келіп тірелетін көрінеді. Яғни, туристерге жағдай жасайтын демалыс орындарының иелері көп адамды қамтып, көрсетілер қызмет құнын төмендеткеннен гөрі, аз адамнан көп ақша алуға бейімделген. Бәлкім, баға мәселесі жүйеленіп, маркетинг жетілдірілетін болса, еліміздегі туристер саны да көп болар ма еді дейсің. Себебі, осы өңірдің өзінде-ақ жұрт қызығарлық жер жетерлік. Табиғаты болсын, тарихы болсын тамсандырмай тұрмайды. Соның бір қадамы – осы шара деп білген дұрыс.

Шара Елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар да Астана қаласынан болғанын айта кету керек. Бас-аяғы өңірімізге 49 адам ат басын бұрыпты. Солардың қатарында туристік компаниялардың өкілдерімен қатар, Астана құрдастары да болды.

Алдымен, меймандар Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында болып, нысандағы «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының перзенті», «Тұлғаның ерен қабілеті», «Қазақстаның құрыш келбеті», «Уақыт ағымында», «Қазақстан жолы» сынды залдарды аралап көрді. Елбасының еңбек жолымен танысты.

Осыдан кейін қатысушылар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның металлургиялық комбинатында болды. Бұл жерде Елбасымыз алғаш еңбек жолын бастап, Қазақстан магниткасында тер төккені белгілі. Болат балқытылып, шойын қортылатын комбинат күні бүгінге дейін дамылсыз жұмыс жасап келеді. Шара барысында меймандар аталған комбинат жұмысымен танысып, жұмысшылардың қиын да қызықты еңбегіне зер сала алды.

Бұдан соң, топ облыс орталығына бет бұрып, Көшбасшымыз білім алған ҚарМТУ қабырғасындағы Елбасы мұражайын аралады. Білім ордасында студенттер Президентіміздің білім алған өмір кезеңдерін зерделеп, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жұмыс жасау бағытын түйсінуге тырысты.

Сөйтіп, тарихи-ақпараттық тур Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжіндегі шахта-мұражайында түйінделді. Қарағанды көмір бассейнінің даму тарихынан сыр шертетін бұл мұражай барынша шынайы етіп жасалған екен. Тіпті, алғашқыда қолданылған шахта техникасы да орналастырылыпты.

– Бұл шараның негізгі мақсаты – жастар бойындағы патриоттық сезімді жаңғыртып, Елбасының жүріп өткен жолына деген қызығушылықтарын ояту. Жаңғырып, жаңарып келе жатқан Астанамыздан арнайы шақырып отырғанымыз да сондықтан. Өздеріңіз байқап отырғандай, Астанамыздың құрдастары да мейлінше қызығушылық танытуда. Сөйтіп, алдағы уақытта бұл маршрут ақылы болып, туристер назарына ұсынылады деп жоспарлаудамыз. Себебі, Президентіміздің жүріп өткен жолы қашан да қызықты әрі тартымды, – деді Майя Ағаділова.

 

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button