Спорт

Елбасы Қарағандылық 19 жасар акробаттың арқасынан қақты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесті. Бұл жобада  түрлі сала жүйріктері бақ сынаған еді. Дауыс беру аяқталғаннан соң жеңімпаздар қатарында спорттық акробатика бойынша әлем чемпионы, қарағандылық Никита АМОСКИН бар екені белгілі болды.

– Мен Новодолинский кентінде тұрамын, бұл – Қарағандыдан 45 шақырым жерде. Күн сайын таңғы сағат алтыда тұрып, жолға шығамын. Серіктесім екеуміздің жаттығуымыз бірнеше кезеңге бөлінген: жаттығу, шыңдалу, қалыптасу, негізгі элементтерді өңдеу және хореография. Мен күн сайын аптасына алты рет он жыл бойы өмірімді осылай өткізіп келемін. Менің ойымша, чемпион атану үшін, тура жол – осы», – деді Никита Амоскин  кездесу сәтінде.

Нұрсұлтан Назарбаев спортшыны арқасынан қағып, тынбай еңбектенсе әлі талай жеңіске жететініне сендірді.  «Мен жүрген жерімде айтып жүремін: адамның мүмкіндіктері шексіз. Барлығына қол жеткізуге болады. Он жыл күніне үш-төрт сағат… Ал, ол да жас қой, серуендеп, ойнап-күлгісі келеді… Табанды еңбексіз табысқа жету мүмкін емес. Барлық ұлы адамдар осылай жеткен мақсаттарына», – деп атап өтті Президент. Нұрсұлтан Назарбаев «Apple» компаниясының негізін қалаушыларды мысалға келтіріп, «олар ішкі жан-дүниесін өзгерту арқылы әлемнің өзгеруіне әсер етіп, адамзаттың басқаша ойлай бастауына түрткі болуға талпынды, сен де барлық мүмкіндігіңді жастық шақта пайдалануың қажет, жастық шақ сонысымен ыстық», — деді.  

«Менің Сізбен қол алысып, суретке түссем деген арманым бар еді», – деді Никита.  Армандар орындалады!

Никита Амоскин – спорттық акробатика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы, 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті. Оның алдағы межесі – бес құрлықтың үздіктері сынға түсетін Олимп  шыңына шығу.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button