Жаңалықтар

ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Ел қорғаны – сарбаздар сап түзеген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 52859 әскери бөліміне 50 жыл толды. Елу жылда елдің тыныштығын күзеткен талай сарбаз Отан алдындағы борышын өткерген бөлім мерейтойына еліміздің құрметті азаматтары, ардагерлері, мекеме басшылары қатысты.

Шара далада құтқарушылар – құтқару техникалық құралдарымен, кітаптар мен фото материалдар көрмесімен басталды. Далада балаларға арналған ойын алаңдары құрылып, сарбаздар көріністер қойды. Жеке шатырда далалық-әскери асхана ұйымдастырылды.

Мерекенің салтанатты ашылу рәсімінде 52859 әскери бөлімінің қолбасшысы, полковник Әрлен Бүркітбай бөлімнің сан қырлы жұмыстарымен таныстырып өтті.

Бүгінгі бейбіт күнде 52859 әскери бөлім шет елде, немесе елімізде болып жатқан табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және апат салдарын жою жұмыстарын Қазақстан Мемлекетінің Ішкі Істер министрлігінің бұйрығымен бұлжытпай орындап, атқарып келеді.

Сондықтан да болар, қазіргі таңда 52859 әскери бөлімнің құтқарушы жауынгерлері, қай жерде болмасын табиғи немесе техникалық әртүрлі төтенше жағдайлар апаттарынан тайсалмай, өз өмірлерін қауіпке тігіп, бетпе-бет шайқасуға әрқашан да сапта дайын тұр.

Құтқарушылар борышы – Отан алдындағы берген антына адал болып, басқа адамдардың өмірін сақтап қалу, мойынына аса үлкен жауапкершілікті алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бөлімнің басшылық құрамы өздерінің кәсіби мамандықтарын шет елдердің жоғарғы академиялық оқу орындарында білім алып, шыңдалған. Ал, келісім-шарт бойынша қызмет ететін құрам арнайы кәсіби мамандығы бойынша таңдалып алынып, бөлімнің сарбаздары сайдың тасындай жауынгерлермен жасақталған. Бөлімге Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан аймақтарының төтенше жағдайларын күнделікті бақылау жүктелген.

Украинада болған Чернобыль АЭС жарылысына бөлімнің барлық инженерлік техникалары қатысты. Ауғанстан, Оңтүстік Шығыс Азия, Шри-Ланка, Индонезия, Түркия, Солтүстік Осетия, Жапония елдеріне Қазақстан көмек бергенде, жүктерін жөнелту жұмыстарын осы 52859 әскери бөлімі атқарды. Сол сияқты, өз елімізде Қарағанды облысының Қарқаралы, Жезқазған аймақтарына «Протон» ракетасы құлағанда гиптильден тазартып, сынықтарын жинады. Қарқаралы мен Көкшетаудағы, Ақмола облысының Ақкөлде болған орман-тоғай өртін сөндірді. Бурабайда дауылдан кейінгі демалыс орындарын тазарту, Ақтаудағы цемент заводындағы жарылыс салдарын жою, Қарағанды, Сарань, Теміртау қалаларындағы тұрғын үйлерде газ жарылысының апат салдарын жою, Қарағанды-Ертіс су қоймасын тазартты. Қыс айларында Қарағанды-Алматы, Қарағанды – Жезқазған, Қарағанды – Астана, Қарағанды – Павлодар бағыттарындағы тас жолдарында қалған адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізіп отырды.

Жамбыл облысындағы Луговая станциясында жер сілкінгенде, Қызылорда облысын су басқанда, Талдықорған облысындағы Ақсу ауданы мен Қызылағаш елді мекенін су басқанда айлап, апталап құтқару жұмыстарын жүргізді. Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған апатты жағдайларда біздің сарбаздар құтқару жұмыстарына білек сыбана кірісті.

Құтқарушыларды 50 жылдық мерейтойымен құттықтаушылар қатары қалың. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департамантінің бастығы полковник И.Күлшімбаев, Ұлттық Ұлан Бас басқармасының атынан полковник М.Төлеубердинов сөз сөйлеп, жеке құрамды төс белгілер және мақтау қағаздарымен марапаттады.

Өз кезегінде «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының Қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов бөлімнің 50 жылдық мерейтойы Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығымен тұспа – тұс келгенін айта кетіп, осы салада еңбек етіп, тер төгіп жүрген ардагерлерді, офицерлерді, келісім-шарт бойынша әскери қызметкерлерді, сарбаздарды құттықтады.

А.КАЛИКБЕРГЕНОВ,

52859 әскери бөлімі ардагер кеңесінің төрағасы,

запастағы подполковник.

Басқа материалдар

Back to top button