Жаңалықтар

Ел мұқтажы – ескерулі

                IMG_6510Жуырда Қарағанды облысы прокуроры бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Әспенби ЖАРЫЛҒАСОВ Ұлытау-Жезқазған аймағында арнайы іссапармен болып, «Ашық есік күні» аясында азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдау шараларын жүргізді.

«Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалы ғимаратында өткізілген жеке қабылдауға сол өңірдегі өздеріне тән өзекті мәселелері көңілдеріне маза бермей жүрген біршама азаматтар келіп, құзырлы органның лауазымды қызметкері алдына көкейкесті сауалдарын көлденеңінен тартты. Олар көтерген сауалдардың алуан сипатты болуы, әрине, табиғи заңдылық. Мәселен, Сарысу ауылдық округінің тұрғыны Жамсап Әшенов бұрын осы ауылға қарасты болған жер телімдерінің жергілікті тұрғындардың ықтиярынсыз Жаңаарқа ауданына беріліп кеткенін ашына жеткізді. «Соның әсерінен, әсіресе, жеке шаруа қожалықтарының иегерлері айтарлықтай зардап шегіп отыр. Күні бүгінге дейін салаға жауапты әр деңгейдегі бірқатар мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырғанмен, тиянақты шешім шығарылар емес» деген сарысулық қауымның тілегін жеткізуші түйткілді жайттың түйінін тарқатуға ықпал етілуін сұрады.Қабылдауға жазылушылар қатарында әлеуметтік сипаттағы жеке сауалдардан тысқары, қоғамдық тұрғыда маңызы бар өзекті мәселелерді алға тартқан мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де болды.

Ел мұқтажын ескеріп, қойылған сауал-тілектерге ықыласпен ден қойған Әспенби Жолдасұлы оларға қолданыстағы заңнама талаптары аясында орнықты жауаптар берді. Сұрақтардың ерекшеліктері мен маңыздылығына сәйкес, біршама мәселелердің күрмеуін қолма-қол шешіп берсе, орындалуы белгілі бір уақыт шамасын қажетсінетін жайттардың қарастырылуы тікелей өз бақылауына алынатынын ескертті.

Сондай-ақ, ауданның тізгінұстар азаматтары және ардагерлер қауымымен болған екіжақты жылыжүзді әңгіме барысында мәртебелі мейман прокуратура қызметінің негізгі міндеттері мен аталған саладағы оң сипатты өзгерістер хақында сөз қозғады. Ел мүддесін мүлтіксіз ескеруге қатысты Елбасы тапсырмаларынан туындайтын іс-әрекеттерге қысқаша шолу жасады. Мақсатты негіздегі кездесулердің қоғам үшін игілікті қайтарымы мол боларын тілге тиек етті.

Қарапайым қазақы болмысы «көзге ұрып» тұрған, ана тілінде айшықты сөз өрбітуге мейлінше машықтанған азаматқа риясыз алғысын бүкпесіз білдірген Ұлытау селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы, байырғы ұстаз Шабаз Смайылов бабалар жолымен ақ батасын берді.

Облыс прокуроры бірінші орынбасарының міндетін атқарушы азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдау шараларын Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да өткерді. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясына» қарасты Жезқазған байыту фабрикасына атбасын бұрып, өндіріс еңбеккерлерімен кездесті. Тиісінше, олардың талап-тілектеріне құлақ түрді.

Ахат Құрмансейітов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button