Жаңалықтар

Ел дамуының жаңа серпіні

      «Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.»

Нұрсұлтан Назарбаев.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болғанын, Алматы шаһарында «Универсиада – 2017» спорт ойындары өтуі және ең айтулы оқиға – елордамыз Астананың төрінде жас мемлекетімізді әлемге мәшһүр ететін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі өтетінін атап айтты. Осындай игі шаралар халықаралық аренада мемлекетіміздің жоғары беделге ие екендігін, саясатымыздың дұрыстығын айғақтай түседі.

Екі жаңғырудан табыспен өткен еліміз үшін, биылғы жылда еншісіне бұйырған Үшінші жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын, Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізілетін сенімді көпір. Бес басымдықтан тұратын Үшінші жаңғыру экономиканың әлемдік өсімінің жоғары қарқынын қамтамасыз етуге негізделген, әлемнің озық 30 елінің қатарына кіруге бағытталған.

Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеп және қабылдау қажеттігін, Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретінін, ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстау керектігін, сонымен қатар әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болатын «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру қажеттігін қадап айтты. Жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында ғылыми және инновациялық әлеуетті дамыту керектігіне де тоқталды. Еліміз үшін маңызды кешенді міндеттер – жаңа индустриялар құрумен қатар өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы сынды дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер арқылы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру, басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру, бір ведомстоваға экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін шоғырландыру, «бір терезе» қағидаты бойынша экспорттаушыларға өңірлерде де қолдау көрсету басты назарға алынады.

Біздің еліміз үшін агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Сол себептен де аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Жері кең, табиғаты тамаша Ұлы дала елі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айналып, экологиялық таза тағамдар ұсынатын «Made in Kazakhstan» брендімен танымал бола алады.

Елбасымыз жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі екенін, еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажеттігін, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керектігін, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Бүгінде урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Урбанизация үдерісі отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс дейді Мемлекет басшысы. Бүгінде әрбір қазақстандықты толғандырып жүрген өзекті мәселенің бірі – баспаналы болу. Ағымдағы жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайтыны бұқара халықты бір қуантып тастады.

Бүгінгі күн тәртібінде тұрған кешенді міндеттің бірі – еңбек нарығын жаңғырту. Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалады. Елбасымыз, міне, осы мәселенің шешімін табу үшін Үкімет пен әкімдерге міндет жүктеп отыр. Ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе тиісті жол карталарын әзірлеп, қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлап, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет, жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек. Үкіметтің биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруды қолға алғаны көңіл қуантады. Қазақстан азаматтарының өз бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатындығы кәсіпкерлерге ерекше қолдау екендігін де атап айту керек.

Жолдаудағы төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру арқылы оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту сынды өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады. Жолдауда үш тілде оқу кезең-кезеңмен көшу мәселесі де қарастырылды. Қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, ағылшын тілін меңгеру – заман талабы. Бүгінде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланатынын, әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отыратынын ескерсек, ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады. Биылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастайды. Енді жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар тегін кәсіптік-техникалық білім ала алады. Білімді ұрпақ – еліміздің басты әлеуеті. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайтыны хақ.

Сәуле ҚАЖЫКЕНОВА,

Е.Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік

университетінің Қолданбалы

математика және информатика

кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының

докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button