«ЭКСПО» – дағдарысқа қарсы жоба»
Иә, Астана – әлем назарында. Халықаралық көрменің басталуына санаулы күн қалды. Америкалық әйгілі «The New York Times» газеті де Астана қаласын туристердің назарына ұсыныпты.
Аталған басылым саяхаттанушыларға 2017 жылы назар аударуға кеңес берген 52 бағытты анықтаған. «ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілетін Астана қаласы бұл рейтингте 26 орынды иеленді.
Жарияланған материалда Астанада соңғы жылдары ашылған таңғажайып мейманханалардың көптігі айтылыпты.
Қазір көп таңдана алмайсыз. Осы жылы «Samsung» компаниясы бүктелетін телефон шығарады. Ал, «Alibaba» компаниясы 2017 жылы селфи арқылы төлем жасау технологиясын енгізбек.
Мынау тіптен қызық. Жаңазеландиялықтар реактивті сөмкелерді нарыққа шығармақ. Сөмкенің құны – 150 мың АҚШ доллары. Сөмке иесі бұл сөмке арқылы өзі ұша алады немесе тауарды салып, өз бетінше ұшырып жібере алады. Аталған реактивті сөмке сағатына 74 шақырымға дейінгі жылдамдықпен қозғалады.
2017 жылғы мұндай жаңалықтардан Америка да құралақан емес. Жекеменшік компаниясын Айға ұшырады. Біріккен Араб Әмірліктері болса, алғашқы робот тәртіп сақшыларын іске қосуды жоспарлап отыр. Роботтың бетіндегі сенсорлы экран қарсы алдындағы адамның түрі мен даусын ажыратып, сауалдарға жауап бере де алады. Тың жоба Дубайдағы Бурдж-Халифа ғимараты мен туристік орындарда пайдаланылады.
Міне, Елордамызда өтетін көрменің олжалы болары сөзсіз. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов хабарлағандай, халықаралық павильондардың құрылысы толығымен аяқталды, оларды көрме қатысушыларына табыстау басталды. Халықаралық байқаудың қорытындылары бойынша, беделді сараптамалық комиссия 25 елден 24 жоба іріктеп алды.
Сонымен қатар, қатысушыларға тұрғын жайларды беру де басталды. Комиссарлардан 324 өтінім алынды. Бұл тұрғын жайлар өтеусіз емес, қонақтар тұрған уақытына жалгерлік ақы төлейді. Көрмеден кейін олар қазақстандықтарға өткізілетін болады. Елордамыздың тұрғын үй қоры 4 400 заманауи, жайлы пәтермен толығады.
– Айтып жүргеніміздей, «ЭКСПО» – дағдарысқа қарсы жоба және де біз мұны нақты цифрлармен және фактілермен дәлелдедік. Атап айтқанда, отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін біз барлық облыстардың әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы меморандум жасастық. Нәтижесінде, бүгінде біз 322 отандық тауар өндірушілерді тарттық, жалпы сомасы 48,9 миллиард теңгеге шарттар жасалды. Қорытындысында жоба бүкіл Қазақстан бойынша 50 мыңдай жұмыс орнын құрып, сақтауға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, біз демеушілік қаржы ретінде 126 миллион евро, сонымен қатар, инвестиция ретінде 211 миллиард теңге тарттық, – деді А.Есімов.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ