Бас тақырып

Экономиканы әртараптандыру: толғам мен болжам

Үнем ұғымы бір қарағанда күрделі болып көрінгенімен, әрбіреу әр заманда қалтасындағы қаражатының сыр-сипаты турасында титімдей болса да хабары болғаны өзіне тиімді. Себебі, экономикалық бостандық болмай, өміріңіз әп-сәтте зындандағы қапасқа ұқсап кетуі де ықтимал. Адам. Қоғам. Мемлекет. Қай-қайсысы болсын, алдымен нарықпен бетпе-бет, жүзбе-жүз келіп, тағдыршешті саналы қадам жасауы заңдылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен өзге бағдарламалық құжаттарда белгіленген басымдықтар – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық, экономиканы әртараптандыру, азаматтардың әл-ауқатының сапалы өсуі күн тәртібінде қаққан қазықтай менмұндалап тұрады.

 

Толғам

Президенттің айтқан экономиканы әртараптандыру мен жаңарту амалдары неғұрлым жеделірек іске асса, соғұрлым мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамти түспек. Әлбетте, «әр нәрсенің өз уағы болады» деседі-ау мұндайда былайғы мамандар байсалды қалыппен. «Үш экономист бас қосқан жерде бес түрлі пікір бар» деген тәмсіл ойға оралады осындайда. Әйтсе де, бір нәрсе – айнымас ақиқат. Нарық деген ұғым барда экономика секторына селкеу түсірмей, түрлентіп түлетіп отыру мемлекет тұрмақ әр адамның күнделікті мүддесі деген ойға шомамыз.

Жаһанның алмағайып алаңындағы тысқы, ішкі жағдаяттарды былай қойғанда, Қарағанды облысының экономикасы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету есебінен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң серпіні аңғарылды бұл жылда. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 3 010,4 млрд. теңгені құрапты. Ал, 1 қарашадағы жағдай бойынша облыс бюджеті 711,7 млрд. теңгені шамалап, республикалық бюджеттен субвенциялар, несиелер және трансферттер 56,7%-ды жеткерген. Әлеу­меттік мәселелерді шешуге 362,6 млрд. теңге бағытталған да, кейінгі айлар аясында мемлекеттік бюджетке 483,3 млрд. теңге көлемінде кіріс түскен. Қарқын қамшы салдырмай тұр. Облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемінің республикалық көлемдегі үлес салмағы 7,9%-ды құрады. Бұл – Қазақстан Республикасы бойынша ІІІ орын.

Мақұл делік. Көрсеткіш көз сүйсінткенмен, алдағымызды саламат ету жолында экономиканы екпіндетіп, әртараптандыра түсу міндетін ешкім жоққа шығарған жоқ. Тоқталайық.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарына алдымен инфляциялық үдерісті барынша шегеріп, инвестициялық тартымдылықты арттыру, бюджеттік шығыстарды ұтымды ету арқылы макроэкономикалық тұ­рақтылықты қамтамасыз ету болып тұр. Азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу мақсатында бірінші кезекте ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Мәселен, жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайта отырып, цифрлық технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды іске асыру үдей түспек. Мысалы, 2023-2026 жылдар аралығында 1878 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 162,4 млрд. теңгеге 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Экспорттық әлеуетті және еңбек өнім­ділігін арттыру арқылы салаларды технологиялық жаңғырту, 2023-2030 жылдар аралығында өнеркәсіптің түрлі салаларында 56 инвестициялық жобаны іске асыру көзделді. Оның ішінде өңдеу саласында 1,5 трлн. теңгеге 33 жоба және 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру. Металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, қағаз өнімдерін өндіру, тау-кен өнеркәсібінде – 19 жоба.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын бі­ріктіретін қолдау жалғасады. Орта бизнесті нығайтуда экономика салаларын әртараптандырудың драйверіне кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасау үшін бәсекелестікті кешенді дамытуға жәрдемдесетін болады.

Денсаулық сақтау және білім беру жүйесін қайта құру есебінен адами капиталдың сапасын артты­руда цифрландыру бойынша жұмыс жалғасуда. Медициналық кө­мектің кепілдік берілген көлемін ұсынатын барлық медициналық ұйымдар Damumed кешенді медициналық ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, қосымша ол учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыру­ға, зертханалық зерттеулердің нә­тижелерін, дәрілік препараттарға рецептілерді алуға, аурухана парақтарын қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Puch-хабарламалар арқылы емделушілерге хабарлау жүйесі енгізілді. Қарағанды облысының 700 мыңнан астам тұрғыны науқас қосымшасы арқылы 20-дан астам цифрлық медициналық қыз­метке қол жеткізе алады. Әр апта сайын қосымшада 1 600-ге жуық жаңа қолданушы тіркеледі. Соңғы жарты жылда 72 мыңға жуық пайдаланушы пациенттің қандай да бір қосымша қызметін кем дегенде бір рет пайдаланды. Бұл ретте пайдаланушылар күнделікті пациенттің қосымшасы арқылы өздері және жақындары үшін алатын қызметтердің орташа саны 12 мыңды құрайды. Бұл денсаулық сақтау­ды цифрландыру шынымен де халыққа ыңғайлы және пайдалы екенін көрсетеді. Әлеуметтік салада әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейту жұмыстары жалғасады. Азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту жөніндегі шаралар жалғастырылады, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына мониторинг қамтамасыз етіледі.

 

Болжам

Қарағанды облысы бюджетінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік параметрлерінің болжамына қайырылсақ, Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудың болжамды сыртқы жағдайларын және макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып 2024-2026 жылдары облыс бюджетінің кірістері 270,8 млрд теңгеден 2026 жылы 302,2 млрд. теңгеге дейін өседі. Болжам бойынша, салық түсімдерінің өсу қарқыны 2024 жылы 106,5%, 2025 жылы 105,6%, 2026 жылы 100%-ды құрайды. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық түсімдерінің ұлғаюы облыс экономикасының салаларында еңбекақы төлеу қорының өсуі есебінен қамтамасыз етілетін болады. Әлемдік және Қазақстанның экономикасында ахуал өзгерген кезде бюджет саясатын түзету, оның ішінде бюджет параметрлерін нақтылау жолымен жедел және икемді шаралар қабылданатын болады.

2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджеті шығыстарының басымдықтары әлемдік экономиканың құлдырауы жағдайында экономиканы қалпына келтіруге, мемлекет қызметінің инклюзивті тұғырнамасын қалыптастыруға, өңірдің әрбір азаматының әл-ауқатын арттыруға бағытталатын болады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын, AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру әрі Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау жалғасатын болады.

Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру бірінші кезектегі бағыттар болып қала береді. Оның ішінде, әділ әлеуметтік саясат, қолжетімді, тиімді денсаулық сақтау жүйесі, сапалы білім, агро­өнеркәсіп кешен тиімділігін дамыту және арттыру, шағын және орта бизнесті барынша қолдау, тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандырып, оған қолжетімділікті арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және сумен, газбен және жылумен жабдықтауды жаңғырту, транзиттік әлеуетті дамыту, оның ішінде өңірлік көлік инфрақұрылымын жаңғырту шаралары жете назарда. Қоршаған ортаны қорғау, экономика салаларын технологиялық жаңғырту және цифрландыру үшін тиісті жағдай жасау, облыс аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, теңгерімді аумақтық даму, жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамалары тұр күн тәртібінде.

Қазақстан Республикасының 2024-2028 жылдарға арналған әлеу­мет­тік-экономикалық даму болжа­мында әлемдегі қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, негізгі күш-жігер жаңа экономикалық модель құруға бағытталатыны айқын. Шығыстардың өсу қарқынын шектейтін бюджеттік қағидалардың қолданылуы «бюджетті басқару» қағидатынан «нәтижелерді басқаруға» көшуге сәйкес, қол жеткізілген нәтижені ескере отырып, шығыстардың басымдылығын айқындауды алдын ала нақтылайды. Шығыстардың жаңа бастамалары ең жақсы әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету және белгіленген бюджеттік ережелерді және бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығын сақтай отырып, экономикалық дамудың жалпы стратегиясына сәйкестігі кезінде қолдау көрсетілетін болады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button