Жаңалықтар

Экология – тренд емес, қажеттілік

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ, энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек деп айтып, «Экологиялық кодекске» өзгерістер енгізуді талап етті. Олай болса, кез-келген елдің бәсекеге қабілеттілігі экологиялық жағдайымен де бағаланатына ешкімнің дауы болмас. Ал, қарағандылық компаниялар өздерінің бизнестерін экологиялық тұрғыда қауіпсіз қылуға мүдделі ме? Қалай болғанда да, экология күзетіндегі Қарағанды облысы бойынша экологиялық департаменті бұл тұрғыда өз жұмыстарына мығым. Аталмыш департаменттің Сарапшылық кеңесінің кезекті отырысында департаменттің басшысының міндетін атқарушы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВТІҢ қатысуымен жергілікті кәсіпорындардың экологияға келтіретін зиянды әсерлері туралы жобаларын қарастырып, өз бағаларын берді.

Көрнекі сурет

Міндеті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қоршаған ортаны қорғаудың күрделі проблемаларын талқылау болып табылатын Сарапшылық кеңес ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар мен жұртшылық өкiлдерiнен құралған. Білікті мамандардың кезекті отырысы «Sary-Arka Copper Processing» ЖШС, «Zeytun» ЖШС мен «Алтыналмас АК» АҚ ұсынған жобаларды қарастыру үшін бас қосты.

Мәселен, Шет ауданында орналасқан «Алмалы» мыс кен орнынан сілтісіздендіру әдісімен мыс өндіретін «Sary-Arka Copper Processing» ЖШС ұсынған жоба бойынша бірқатар кемшіліктер анықталған. Қарағанды облысы бойынша экологиялық департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы К.Бейсенбаевтың айтуынша, шоғырлы шаймалау учаскесі үшін шекті рұқсат етілген шығарындылары нормативтерінің 2018-2027 жылдарға арналған жобасының «Экологиялық кодекс» нормаларына сай келмейтін бөліктері бар. Жобаны қарастыру барысында аталмыш кәсіпорында мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша күкірт қышқылының қоймасы бар екені анықталған. Бұл – кемшіліктердің бір тармағы ғана. «Sary-Arka Copper Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 10 түрлі тармақтан тұратын ескерту жасалып, сарапшылық кеңес мүшелері бір ауыздан жобаны қабылдаудан бас тартты.

«Zeytun» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясы нормативтерінің жобасынан» да кемшіліктер табылған. Аталмыш компанияның өкілі О.Циммерман нысандағы құрылыс жұмыстарына байланысты дәнекерлеу жүргізілгенін, қазіргі уақытта қажеттілік болмауына байланысты, құрылыстың тоқтатылғанын айтады. Бидайды қайта өңдеумен айналысатын «Zeytun» ЖШС өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын аймағында демалыс орындары, ірі медициналық мекемелер, қорықтар, сондай-ақ, басқа да заңмен қорғалатын нысандар жоқ. Жылына 30 000 тоннаға дейін бидайды қайта өңдеуді жоспарлап отырған кәсіпорынның да ұсынған жобасында экологияға қатысты кемшіліктер табылды.

Жаңа жабдық орнатуға байланысты өнімін жылына 3 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлаған «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы қарастыруға ұсынған «Пустынное» кенішінің өнеркәсіптік алаңдарынан және Балқаш-Пустынное су таратқышы бар алтын шығару фабрикасының атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясы нормативтерінің 2018-2027 жылдарға арналған жобасы да кемшіліксіз емес. Атмосфераға ластаушы заттардың шығарындысы нормалардан артық, яғни, көлемі айтарлықтай артқан дейді, мамандар. Осы тәрізді бірқатар кемшіліктердің болуына байланысты компанияның жобасын қанағаттандырудан бас тартты білікті Сарапшылар кеңесі. Көрсетілген кемшіліктерді жойып, жобаларын дұрыстап, қайтадан ұсынатын аталмыш кәсіпорындар экологияға қатысты заңның қатал екеніне, ал, кеңес мүшелерінің кәсіби біліктіліктеріне дауы болған жоқ. Шынымен де, білікті органдар барда экология үшін алаң жоқ екеніне көзіміз жетті.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button