Егемен елдің мәңгілік мұраты
Кеше Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында облыс әкімдігінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе ұйымдастыруымен «Мәңгiлiк Ел» патриоттық идеясын ілгерілету мақсатында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті.
Шараға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков арнайы қатысты. Өңірлерден жиналған белсенді жастар да осы салтанатты шарадан табылды.
Аталған акцияның мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына ел жастарының қосқан үлесін айшықтау.
Акция 4 қарашада Талдықорған қаласында өткен «Менің елім – Мәңгілік Ел» форумынан бастау алған болатын. Қарағандыдағы акция барысында «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» жинағы таратылды.
Бұл кітапта жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған Үндеулері қамтылды. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының елді біріктірудегі ролін айқындайтын көрсеткіштер, егемендік жылдары қол жеткізілген жетістіктер топтастырылды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.