Еңбектерімен еңселі
Мал-жанның амандығын ойлаған ауылдағы ақжүрек ағайын. Қырдағы қып-қызыл еңбек. «Отқанжар» шаруа қожалығындағы қысқа қамданыс жылдағыдан да жауапты. Астық алқабына түскен орақ. Қысқа шөп жинаған бөлімше еңбеккерлері. Жайылымына жылқы, қой өргізген шопан мен жылқышы күздің қара суығында да аттың үстінде. Мал өсіріп отырған бәрінің маңдай тері адал. Соның ішінде аға шопан Жақия Шопабаев пен майталман механизатор Тұтқабай Смағұлов шаруашылықта аса қадірлі, еңбектерімен еңселі.
Отар қойдың орасан пайдасы
Жауапты шопан Жақия Шопабаев жиырма жыл болды, қырда қой бағып жүр. Жауапты дейтініміз, көктемде тәуір шыққан бірінші тұқымды, яғни, бір отар жас тоқтыны қабылдап алады. Оны келер жылы қоздайтын қылып береді. Жиырма жыл бойғы кәсібі – осы. Ал, бұған дейін Жақия Олжабайұлы шаруашылықта механизатор болып еңбек еткен. Жазда трактормен шөп шауып, қыста қойдың қиын, ауланың қарын тазалаған. Кейін пайданы, құт пен ырысты осы қойдан еселеймін деп шопандыққа ауысқан. Бағымы – тұсақ қой. Тоқтының санын кемітпей, салмағын өсіріп, қысқа аман-есен жеткізу – шопанның мойнында.
Шаруа басшылығы шопанға әбден сенім артқан. Өйткені, қойдың жай-күйін жақсы меңгеріп алған ол мұны бала кезінен біледі. Атасы Ашықбай өз заманының үздік шопаншысы атанған. Ол кісі қой баққан қырды ел-жұрт «Ашықбай қыстағы» деп атап кеткен. Атакәсіпті әкесі Олжабай әрі қарай жалғаған. Сөйтіп, бала кезінен әкесі мен атасының атына мінгесіп, қой баққан бала бүгінгі күні еңбегімен сыйлы.
– Жақия ағамыз ертеден осы малдың соңында. Малдың бар бабын жетік біледі. Кеңес кезінде де шопан болған. Бұл кісіге өткізген тоқтыларымыз қара күзде томпаңдап шыға келеді. Басқа шопандарға да ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөлісіп отырады. Біз әбден сеніп алғанбыз. Сол себепті, жақсы сұрыпталған тоқтыларды осы шопанға тапсырамыз. Өйткені, ертең өнім беретін қойдың қоңы жақсы болуы керек, – дейді «Отқанжар» шаруа қожалығының басшысы Аслан Қанатұлы.
Шопанның өрісі – «Кеңжарық» бөлімшесінде. Бір отарында 810 тоқты бар. Шаруашылық басшысы қысқы бағынға екі көмекші береді.
– «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның – көл-көсір» деп тегін айтпаған болар бабаларымыз. Ғұмырымыз осы аттың үстінде өтті. Көз ашқалы бері қой өсіріп, өрісімізді толтырып келеміз. Әлі де атпен бағамын. Қазір көбіне мотоциклмен бағады ғой. Қойды олай бағу қате. Қой асықпай, баппен жайылса ғана еті майлы, семіз болады. Осы шаруашылықта еңбек етіп келе жатқанымызға көп уақыт болды. Еңбектің арқасында жаман болған жоқпыз, тәубе. Балаларды қанаттандырдық, – дейді шопан.
Иә, атақты шопанның қой бағатын қос аты бар. «Қисық қасқа» мен «Ақжалды» кезегімен мінеді. Ал, әлді «Күреңатымен» қыста шана тартады.
Қара күздің суығы болса да, қойын күн шықпай өріске жаяды. Қазір егін орылған жерге бағып жүр. Бидайдың масағы да таптырмас азық екен. «Майлы азықтың нәрі мол», дейді шопан. Онымен қоса, қойын «Құланөтпес» өзеніне күнде тоғытады. Таза әрі семіз болатын бір себебі сол.
Жары Жұмакүл ханым – үйінде. Үнемі аттың үстінде жүретін жолдасының күрең шайын демдеп, ыстық асын әзірлеп отырады. Ас үйдің ғана айналасында емес, қойдың аранына да шығып, қолғабыс қылады. Қой құрттасады, оны санасып, қамасады. Әсілінде, ең үлкен көмекшісі.
Еңбек сүйген шаңырақтың төрт баласы бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған екеуі қарашаңырағы, кенжелерінің тойының қамына кіріскен. «Балаларымыздың тойын жасадық, баспанасын әпердік. Осының бәрі мал-жанның арқасында. Еңбектің бізге берген сыйы», – деп тәубе қылады қадірлі шопан.
Көктеткен көк трактор
Шабындықтағы шаруаның да қайнаған уағы. Мұндайда майталман механизаторлардың еңбегі аса маңызды. «МТЗ 80-2» маркалы көк трактор тізгіндеген Қабидолла Әлмұхаммедұлының техникаға ауысқанына жиырма жыл болды. Еңбек майданына ерте келген ол бұған дейін қойды да, жылқыны да баққан. Қазір шабындықтан тонна-тонна боп келген шөпті жып-жинақы етіп маялау – Қабидолла мырзаның міндеті.
– Жастайымнан еңбекке ерте араласып, техниканың қыр-сырына қанық болдым. Әуелі «Отқанжар» шаруа қожалығында қой бақтым, жылқы бақтым. Кейін трактор тізгіндедік. Далада жүріп шөп шаптық. Қазіргі жұмысым – шөп маялау. Жаз бойғы шапқан азықты аман-есен тасып, оны жинап, маялап алған күні біз үшін үлкен той. Таңмен таласып техника рөліне отырғалы кешке дейін тыным таппай шаруада боламыз. Қыстағы шаруамыз да – осы. Қойға шөп саламыз. Қалың қарды аршимыз. Қора тазалаймыз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрі уақытылы жасалуы қажет. Осының бәрі техниканың күшімен тынатын шаруа, – дейді механизатор.
Биыл шөп түсімі мол. Жер берекесін берді. Әйтпесе, былтырғы құрғақшылық көп шаруаның қолын байлады. «Отқанжар» шаруашылығы жеті-сегіз жыл бұрынғы шөп қорын бұзып, қайта маялап, қыста соны азық қылып шықты. Ал, осы жолғы маусымда шөп мол. Сол себепті, мұндағы шаруа қауырт. 1-ші бөлімшеге 2100 тонна шөп түсіріледі. Бүгінгінің өзінде 5 мая орама шөп әзір.
Шаруашылықтың басшысы Аслан Қанатұлы білікті механизатордың жауаптылығын былай бағалайды.
– Қабидолла ағамыз ұжымда аса қадірлі. Бұл кісі бесаспап шаруагер. Қойдың да күйін, жылқының да жайын біледі. Міне, енді еңбегін трактормен жалғады. Соның өзіне жиырма жыл болыпты. Зейнет демалысына да шамалы қалды. Шамамыз келгенше білікті механизаторды жібергіміз келмейді. Тракторының сайманы сыр берсе болды, өзі іске қосып алады. Май-суын ауыстыратын уақытына да ұқыпты, – дейді ұжым басшысы.
Еңбектің арқасында төрт баласын оқытып, бір-бір отау шығарды. Жары Зурият екеуінің бес немересі бар.
Майталман механизатор көк тракторынан түскісі келмейді. Өйткені, «осыменен көгеріп, көктедік» дейді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Нұра ауданы
Ortalyq.kz