Еңбекпен есейген әулет
1989 жылдың қазан айы. «Орталық Қазақстан» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде істеймін. Редакторымыз: «Егіндібұлақ ауданындағы «Комсомол» совхозында біраз игілікті шаруалар жүзеге асырылып жатыр екен. Директоры Қабыл Құттин есімді азамат. Екі күнге бұйрығыңды шығарып қойдым. Сол жаққа барып қайт та, келесі сенбіге дұрыс материал дайындап бер», – деді.
Ертеңінде Егіндібұлаққа келіп, аудан орталығындағы шаруаларымды тындырған соң, ауыл шаруашылығы бөліміндегі жігіттерге арнайы келген шаруамды айттым. Олар: «Қаракөл совхозының директоры Сағымжан Апақашев осында жүр. Сағымжанның ауылынан Комсомол совхозы таяқ тастам жер. Қайтарында бізге соғамын деген. Осында күтіңіз» деді. Сағымжан кабинеттерді аралап жүргенде уақыт біразға барып қалды. Сағымжан алдын ала хабарласқан болуы керек, шай дастарқан жасаулы тұр екен. Бір-екі шыны ішіп, межелі жеріме жетіп жығылсам деп отырғам. Сағымжан осы ойымды сезгендей: «Тілеке, жолыңыз түсіп келіп қалған екенсіз, бүгін осында болып, дәм татып кетіңіз. Таңертең разнарядкадан кейін өзім апарып саламын», – деді. Қонақ – қойдан жуас. «Мақұл» дедім. Оның үстіне осы шаруашылықтан да бір материал ала кетсем артық болмас деп ойладым.
Сағымжан разнарядканы жөндеу шеберханасында өткізеді екен. Тағы бір әдеті қызмет машинасын шақырмай, шеберханаға дейін жаяу барады. Шеберхана мен Сағымжан үйінің арасы жарты шақырымдай. Таңертең тұрсақ, қазанның қара суығы ұрып тұр. Менің үстімде күздік жұқа плащ. Күн жадырап тұрған соң, қолғап та кимей шыққам.
Сағымжан алда, мен соңындамын. Ол шаруашылық жайын әңгімелеп келеді. Қойны-қонышымды суық жайлаған мен оның әңгімесін жарытып тыңдап та келе жатқам жоқ. Көңілде «Қызмет машинасын неге шақырта салмады?» деген реніш те бар. Бас мамандар жиналып, күтіп отыр екен. Басқа совхоздардың директорлары разнарядканы кеңседе өткізеді ғой. Шеберханада өткізгеннің артықшылығы мамандар тапсырмаларын алған соң, көліктеріне отырып, бірден жұмыстарына жөнеледі екен.
Кешегі уәде бойынша Сағымжан екеуміз разнарядкадан кейін «Комсомол» совхозын бетке алдық. Расында, оншалықты қашық емес екен, әп-сәтте жетіп келдік. Қабекең кабинетінде екен. Сағымжан директорға мені таныстырды да, шаруалары бар екенін айтып, кері қайтты. Орта бойлы жігіт ағасының сөзге сараңдығы байқалады. Біраз қағаздарға қол қойды да, «Жүріңіз, ауылымызды көріңіз» – деп сыртқа беттеді.
Негізі қазақ ауылдарының көшелері былығып жатады ғой. Сыртқа шыққан бойда көзге ұрғаны – тазалық пен жинақылық болды. Әр аулада тал-терек жайқалып тұр. Кеңсенің қарсысындағы шағын бақша темір шарбақпен қоршалыпты. Шеберхана жанындағы ғимаратқа тері илейтін және тон тігетін цех орналасқан. Бес-алты қыз-келіншек қызу жұмыс үстінде. Сол тұста қолға түсе бермейтін қысқа тондар көздің жауын алады. Фабрика бұйымдарынан бірде кем емес. Менің шолақ тондарға назар кідірткенімді аңғарған жігіттер «Бастыққа айтсаңызшы, сұрасаңыз, береді» – дейді қамқор көңілмен.
Тон тігетін цехты аралатқан соң, Қабекең асханаға бастады. Іші жайнап тұр. Столдарға ақ дастарқан жайылған. Қаладағы кафе-ресторандардан бірде кем емес.
Қабекең кірген бойда «Қыздар, нелерің бар?» деді. «Бәрі бар, ағай. Біріншіге борщ, ши бар, екіншіге котлет, қуырдақ бар» деп жамырай жауап беріп жатыр қыздар.
«Мына журналист жігіт жұқа киініпті. Қаланың адамы ғой. Жаурап қалды-ау деймін. Жылытатын бірдеңелерің бар ма?» деді Қабекең. «Сіз сұрасаңыз бәрі де табылады, ағай» деп қыздар да әзілдей жауап беріп жатыр.
Сол жолы Қабекең қызыл кірпіш шығаратын цех салсақ деген жоспарлары, ақ сұр түлкі өсірсек деген ойлары бар екенін айтты.
Одан кейін қызыл империя күйреп, одақтың шаңырағы ортасына түсті. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой өргізген шаруашылықтар бөлінді. Қабыл Құттин да «Комсомол» совхозының негізінде «Балқантау» шаруа қожалығын құрып, ел іргесін сөгілуден сақтап қалыпты дегенді естігенмін.
Әдетте жақсы хабардың да, жайсыз хабардың да жамбасы сартап болып жатпайтыны белгілі. Сол сәтінде-ақ, бірден-бірге ел жеткізеді, ел болмаса, жел жеткізеді. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген сөз содан шықса керек. Мен Қабыл Құттиннің азаматтық істеріне, ол басқарып отырған «Балқантау» шаруа қожалығының тамаша табыстарына сырттай қанық болып жүрдім. «Құттин ауыл жастарына арнап, спорт кешенін салыпты, Құттин той-томалақ өткізетін кафе ашыпты» деген хабар жан-жаққа тарап жататын. Тағы бір барып тілдесудің ретін келтіре алмай жүретінмін.
«Сабақты ине сәтімен» деген. 2002 жылдың қаңтар айында «Аппаз» шаруа қожалығының жетекшісі Разақ Әлин бір топ қарқаралылық азаматтармен бірге «Жартас» санаториінде демалып жатыр деген хабарды естіп, қасыма көңіл жетер екі-үш жігітті алып, қас қарая «Жартас» санаториіне келдім. Разақтың бөлмесі жабық тұр. Қабырғалас көршілері «Қабыл Құттин дәмге шақырды», – деп отырған. Сонда кеткен шығар», – дегенді айтты. Сұрастыра жүріп, Құттиннің бөлмесін де таптық. Ішке енсек, бір топ азамат мол жайылған дастарқан басында қауқылдасып отыр екен. Асығыспыз дегенімізге қарамай, төрге оздырды. Біраз жыл өтті ғой. Қабекең мені ұмытыңқырап қалыпты. Осы жерде қайтадан дұрыстап таныстық. Мен «Балқантау» шаруашылығына арнайы баратын болдым. Қабекең ана жылғыдай қарсы алатын болды. Қол алысып, осыған келістік. Бірақ, ол жаққа жол тартпай-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, жомарттығымен, қарапайымдылығымен елге танылған абзал азамат 2005 жылдың қаңтар айында өмірден озды. Шаруашылықтың тізгінін зайыбы Мәнзиа Құттина ұстап қалды деп естігенмін.
Осыдан екі-үш жыл бұрын асыл азаматтың соңында қалған тамаша істерінен жұртшылық хабардар болсын деген оймен қасыма Балқантау ауылының әкімі Ахат Смағұловты алып, Құттиндер әулетіне талай жыл құтты шаңырақ болған еңселі үйдің табылдырығын аттадым. Кірген бойда төрдегі қабырғаны тұтас алып тастаған кілемнің ортасына тоқылған абзал азаматтың бейнесі көзіме оттай басылды.
Дәм үстінде Мәнзиа жеңгей 36 жыл отасқан асыл азаматы жөнінде көсіле әңгімеледі.
– Менің жолдасым Қабыл Нескейұлы Құттин 1941 жылы қыркүйек айында Алғабас селолық кеңесінің Саған деген қыстауында дүниеге келген. Руы – Көшім, оның ішінде – Елшібек. Үлкен әкелері Құтты әулеті өз уақытында мыңды айдаған бай болған. Құтты қорасы әлі күнге дейін бар. Әке-шешесі Нескей мен Зейнеп көп бала тәрбиелеп өсірген Отанға беріліп қызмет еткен жандар.
1961 жылы Қарқаралыдағы зооветтехникумды бітірген соң, Егіндібұлақ ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы совхозында мал дәрігері болып істейді. 1966 жылы азаматтық міндетін атқарып қайтқан соң «Комсомол» совхозына келіп, еңбек жолын одан әрі жалғастырады. 1976 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып тәмамдаған соң, «Комсомол» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланады. 1982-1986 жылдары совхоздың бас инженері, 1986-1996 жылдары осы совхоздың директоры болды. Шаруашылықтың барлық саласы бойынша аудан, облыс көлемінде алдыңғы лектен көрініп жүрді. Сол тұстағы аудан әкімі Тілеубек Зейнешев «Ауылымызға құт әкелген Құттин» деп қалжыңдап жүреді екен. Жаңалыққа жаны құмар еді. Ауыл шаруашылығына қатысты журналдарды Ресейден жаздырып алып, оқитын. Көңіліне жаққан іс болса, соны жүзеге асырғанша тыным таппайтын. Аң фермасын ұйымдастырып, тері илейтін, тон тігетін, шұжық жасайтын цехтар ашты, спирт заводын, кірпіш заводын салды. Жаңашыл директордың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.
«Жалғыз ағаш орман емес» деген сөз бар. Ол өз маңына іскер, жаңалықты жатсынбайтын Зәрубай Шәкаманов, Салиха Исаева, Оңайбай Дәрібаев, Зәрубай Сәрсембаев, Талғат Елубаев, Қанат Жабағин, Тәкібай Есенов, Қабылбек Ысқақов, Марат Мұхтаров, Мұрат Бекішев, Қасымбек Шәкенов, Бейбіт Ахметов, Серік Ибадулдин, Айтқали Қаленов, Мәкен Сәмсембеков, Әсен Мейірманов, қайрат Ғабдуллин есімді азаматтарды топтастыра білді. Совхоз тараған соң, 1997 жылы «Балқантау» шаруа қожылығын құрды. Шаруашылық жылма-жыл 5-6 мың гектарға егін салып отырды. Түйеден басқа түліктің бәрін өсірді. Алла ғұмыр бергенде түйені де әкелетін еді. Адамдардың еңбегін ерекше бағалайтын. 1999-2001 жылдары жақсы көрсеткіштерге жеткен қожалық мүшелеріне он бір жеңіл автокөлікті сыйға тартты.
Манадан бері Мәнзиа жеңгейді мұқият тыңдап отырған мен:
– Өзіңіз жайлы ештеңе айтпадыңыз ғой. Осыншалықты толағай табыста сіздің де үлесіңіз бар шығар? – деген сауал тастадым.
Мәнзиа жеңгей жұмсақ жымиып, әңгіме арнасын өзіне қарай бұрды.
– Өзіме келетін болсақ, мен Едірей өңірінің тумасымын. 1947 жылы жарық дүниеге келдім. Әкем – Мұқан Шоланов, Руы – Бөдене, Анам – Гүлжазира Құсайынқызы. Руы – Асан. Анамның әулеті аталарынан байлық үзілмеген ауқатты адамдар болған. Нұртаза байдың қорларының орны Едірей жерінде бүгінге дейін сақталған.
Тың игеру науқаны басталған 1955 жылдары біздің отбасы «Комсомол» совхозына көшіп келіпті. Әкем ұзақ жыл совхоздың малын бағып, абыройға бөленді. Табиғат сыйлаған қарапайым, көпшіл мінездерімен ауылдастарының құрметіне ие болды. Төрт баласын қатарларынан қалдырмай тәрбиелеп, жоғары білім әперді. Жарықтықтар бәріміздің үй болғанымызды көріп кетті.
Жас болсам да тың игеру кезіндегі өзерістер есімде сақталған. Алғашқы директор Геровскихтің одан кейінгі Краснокутскийдің, Любичтің бейнелері санамнан әлі өшкен жоқ.
1964 жылы совхоз директоры әкемді шақырып алып, «Болашақта бізге мамандар керек», – деп, мені совхоздың атынан Мичурин совхоз-техникумына оқуға жіберді. 1968 жылы техникумды тәмамдап, «Комсомол» совхозына агроном болып келдім. Қабыл осында зоотехник-селекционер болып жүр екен. «Жас жастың тілегі бір» деген ғой. Таныстық. Қабылдың спортқа бейімі бар екен. Клубта өтетін шаралардан қалмайды. Азаматтармен араласы жақсы. Жұмысында абыройлы. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген ғой. Көп ұзамай 1969 жылдың бірінші қаңтарында үйлендік.
Алматыдағы халық шаруашылығы институтын сырттай тәмамдап, экономист мамандығын алдым. Осында сегіз жыл экономист болып істедім.
Қабыл екеуміз үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Қабыл балалардың біраз қызығын көріп кетті. Немерелерінің қызығын көруді жазбады. Ал өзім бүгінгі таңда он төрт немере-жиендердің әжесі атанып отырмын.
Үкіметіміз еңбегімді елеусіз қалдырған жоқ. 1971 жылы ВЛКСМ Орталық Комитетінің «Алтын масақ» белгісін омырауыма қададым. «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталдым. Аудандық мәслихаттың бесінші шақырылымының депутаты болып сайланып, аудан экономикасын дамытуға, әлеуметтік саладағы проблемаларды шешуге шама-шарқымша үлес қостым.
Алланың сыйы шығар, құда-құдағиларымыз қабыл екеуміздің көңілімізден шыққан жарқын көңілді азаматтар болып кезікті. Алтындай-алтындай құда-құдағиларымды қашанда мақтан тұтамын. Мен үшін әрқайсысының орны ерекше.
Мен өзімді әлемдегі бақытты әйелдердің бірімін деп санаймын. Тек асыл азаматым – Қабылдың өмірден ертерек кетіп қалғаны ғана көңілге кірбің түсіреді. Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Соңында қалған ұрпақтары өсіп келеді. Соған тәубе деймін…»
Сол жолы азаматын ардақтап, оның бастап кеткен ісін жолда қалдырмай, ілгерілетуге күш салып жүрген Мәнзиа жеңгейдің өзіне, ұрпақтарына амандық тілеген көңілмен ауылдан аттандым.
P.S. Әрине, тоқсаныншы жылдардағы аласапыран кезеңде Қабекең қолға алып, жүзеге асырған тамаша бастамалар тоқырауға ұшыраған. Дегенмен, «Балқантау» шаруа қожалығы жылма-жыл егіндерін салып, түлік басын көбейтіп келеді. Ең бастысы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етіп, ел іргесін сөгілуден сақтап отыр.
Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қарқаралы ауданы.