Шет

Еңбек – оның Еншісі

      ЕрсайынХимияның жілігін шағып, майын ішпесек те, мұғалімдеріміз әр нәрсенің ядро, ал, оның ұсақ бөлшек – атомнан тұратынын миымызға құйып-ақ қойған.  Атом болмаса, ядро жоқ. Ядро болмаса, зат немес қандай да бір құрал да жоқ. Атомдардың қозғалысынсыз ештеме жоқ. Химия сөйдейді. Мұны неге айтып отырмыз?

Кез келген саланы алсақ, онда мансабы, қызметі, жұмысы сатыланған мамандар бар. Жоғарыға шығатын тура баспалдақ секілді.  Сол баспалдақтың бастау тұсында  сала қозғалысына тікелей ықпал ететін мамандар, жұмысшылар тұрады. Саланың атомы, ядросы, міне, солар. Яғни, алақаны ойылғанша, қара жұмысын атқарып, жоғарыдағылардың жақсы көрсеткішке қол жеткізуіне тікелей мұрындық болатындар. Былайша айтқанда, саланың қозғаушы күші, жұмысшысы. Десек те, жасыратыны жоқ, кейінгі уақытта сондай қозғаушы күштер есімізден шығып кеткен. Сонау бір жылы Елбасы Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын айтқанда, есімізге бір алғанбыз. Содан кейін бұл қозғаушы күштің жабуы тағы жабуымен қалған. Мереке-мерейтойда төсбелгі, медаль дейтін омырауға ілінетіндердің барлығын басшылық атаулы өздері іліп алып, мәре-сәре болып жатқанда ойымызға осындай жандар түседі. Сосын қарадай қарап тұрып, өзіңізден өзіңіз ұяласыз. Бірақ сіздің ұятыңыздан түзеліп кеткен дүние жоқ. Қош.

Біздің кейіпкеріміз де телекоммуникация саласында аттай отыз жыл еңбек еткен, ол үшін ешкімнен өтеу сұрамаған азамат. Есімі – Ерсайын. Тегі – Айтжанов. Шыққан жері һәм мекені – Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылы. Ауданның бүкіл дерлік телефон жүйесінің бүгесі мен шігесін жетік білетін бірден-бір кәнігі маман. «Қазтелеком» АҚ Шет өндірістік торабында электржөндеуші  Ерекең ауданның қай жерінде қандай телефон жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көзін жұмып отырып сызып бере алады. Телеграф саласында өткен отыз жылы қай сымның қай жерде ақау беретінін бал ашпай-ақ айтады.  Мұны қатарластары, тұстастары да біледі. Мойындайды іштей.

Содан шығар,  Үкіметтің берген демалыс күндері байланысы байыз таппай, сыр беріп жатса, жұртшылық Ерекеңе келіп жүгінетінін көзіміз көрген. Елге сыйлы. Ортасына құрметті. Ердің жасы елуге жетіп қалған тұста, аудандық, облыстық деңгейде бірқатар марапттарды иеленіпті. Ауданның «Үздік байланысшысы» аталымын иеленген.

Отыз жыл аз уақыт емес. Ерекеңнің арқасында осы жылдар аралығында Шет ауданының байланыс саласы бір ақсамаған шығар, сірә. Жаңадан келген жас маманға білгенін үйретіп, берген тәлімі қаншама.

Әдетте, кез келген дүниеге баға берер тұста жылмен өлшейміз. Бес дейміз, он дейміз… солай жалғасын тауып кете береді. Лайықтылар марапатын алып, бәсекеге қабілеттілік таныта алмағандар жолда қала береді. Ал, Ерекеңнің теккен төрі  отыз жыл екенін жоғарыда айттық. Демек, бір емес, екі дүркін «ҚР Құрметті байланысшысы» атағымен марапатталатын жөні. Еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, өзіне жүктелген міндетті адал әрі жауапты орындайтын, бастамашыл және кәсіпқойлық танытып, жас мамандарға тәлімгер бола алатындар иеленеді екен бұл атақты-мыс. Демек, Ерекеңнің еңбегі де, өтілі де сайма-сай. Тек, басшылық тарапынан құнт, қолдау қажет.

Отыз жыл байланыс саласы тоқтаусыз қызмет етті, ал, өмір өте береді. Бастамашыл емей немене. Бәсекеге қабілеттілік заманында қолыңнан келсе ғана қажетке жарап, қолыңнан келмесе ысырылып қала беретін технология заманында техниканың қай түрін болмасын ұршықша иіріп, үйренуден жалықпаған осыдай майталман маман елінің   марапатына лайық екендігі кәміл.

Алтынды қолда барда қадірлей алмайтынымыз рас. Атақ сұрап жүрген Ерекең де жоқ. Ауданының байланысы ақсамаса болғаны ол үшін. Ал, осындай азаматтардың арқасында алыстан хабар алдыртып, ісімізді ақаусыз атқарып, көл-көсір пайдасын көріп отыратын басқалар үшін құлаққағыс ретінде айту – парыз.

Мейрам СӘДУАҚАСОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button