Сәтбаев

Еңбек көрігін қыздыруда

Сәтбаевта құрылған «Жасыл Ел» жастардың еңбек жасақтары нәтижелі жұмыс атқаруда. Биылғы маусым айынан бері жас мөлшері 14-тен 29-ға дейінгі аралықтағы 106 сарбаз бес жасаққа бөлініп, өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда қаланы көгалдандыру және көк өскінді күтімде ұстау шараларымен түбегейлі шұғылданып келеді.

Елбасының «Жасыл Ел дегеніміз – Мәңгілік Ел дегеніміз. Біздің елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз қажет. Кейінгі ұрпаққа желде – ық, суықта – пана, ыстықта сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты жасыл елді табыстауымыз қажет» деген сөзі – жастар жасақтарының басты бағдары, басшылыққа алар қағидасы.

– Еңбек көрігін қыздыруға ынталы жас буын сарбаздардың қатарында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары да бар. Ішінара ішкі істер бөлімінде тіркеуде тұрғандары да кездеседі. 14 жастағы сарбаздар күніне төрт сағат, ал 16 жастан асқандары алты сағат жұмыс істейді. Еңбекақы мөлшері – 55 мың теңге көлемінде. Жасақ мүшелерінің күнделікті жұмыс көлемін тиянақтағаннан кейінгі қолдары бос уақытында мәдени-спорттық шараларға қатысу жайы да ойластырылған. Мұның да тигізер әсері өте зор – еңбекке құлшыныстарын арттырады. Ал, ұжымдаса еңбек ету, бірлесе әрекеттену – бірлік пен берекенің бастауы. Жастар жасағының ұтымдылығы – осында. Ең бастысы, олар өздері туған қаланың көгалдануы мен көркеюіне үлес қосып жүргендігін лайықты мақтан тұтады, – дейді қалалық жастар орталығы жастарды сүйемелдеу және болжамдау бөлімінің басшысы Айкүн Аяшова.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button