Бас тақырып

“Еңбек етсең ерінбей…”

Биылғы жылдың I тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздар саны өткен жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 1,7 мың адамға азайды. Бұл мәліметті текке жазып отырғанымыз жоқ. Елімізде «Балық берме, қармақ бер» деген қағиданың арқасында жұмыс орындарының ашылып жатқанының өтеуі – бұл. Тәуелсіздіктің арқасында еңбекке ұмтылғандардың санының артуы – бұл. Ал, бұдан 30 жыл бұрын қалай еді? Соған тоқталайық.

Жұмыссыздықпен күрестегі алғашқы талпыныс

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары мыңдаған кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Тығырықтан шығу жолдары іздестіріле бастады. Біздің көзіміз көргенмен, кейінгі жастар біле бермес: «Республикада қалыптасқан экономикалық жағдай еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленiсуiне алып келдi. Өндiрiстiң мәжбүрлi тоқтауының саны өстi. Ай сайын 900-ге жуық кәсiпорын мен ұйым толық немесе iшiнара тоқтады, 200-ге дейiнгi кәсiпорын толық емес жұмыс уақыты режимiне көшiрiлдi», – деп жазылды «Халықты жұмыспен қамтудың 1995 жылға арналған бағдарламасында».

Ел Үкіметі «Халықты жұмыспен қамту» бағдарламасын бір жылға ғана арнап, жыл сайын қабылдайтын. Бұл мәжбүрлі шара болатын. Себебі, мемлекет кеңестік жоспарлы экономикадан батыстық үлгідегі нарықтық экономикаға көшіп жатқан, көрші елдер арасындағы шаруашылық байланыстар үзілген, өндіріс орындарын жекешелендірудің алып толқыны жапқан, зауыт-кәсіпорындар жаппай дағдарған шақта жұмыссыздықпен күрестің ұзақмерзімді бағдарламасын түзу қиын еді.

Әйелдер арасындағы жұмыссыздық 60%-ға, жастар арасында 45%-ға жетті.

Сол бағдарламада перспективаға қатысты мынадай болжам келтірілген: «Жұмыс iздеушi азаматтардың саны 1 млн. 800 мың адамнан асады. Мектептер, кәсiптiк-техникалық училищелер, техникумдар, ЖОО түлектерiн еңбекке орналастыру қиындайды».

Мұның бәрі Кеңес Одағы идеологиясының салқыны еді. Өйткені, жұмыс істемейтін адамдар қылмыстық іске тартылып, қудаланатын. Оған себеп – 1961 жылы КСРО-да жұмыссыздықпен күресті күшейту туралы жарлық қабылданды. Оған сәйкес, жылына 4 ай бойы жұмыс істемегендер қылмыстық жазаға тартылатын.

Тәуелсіздік алған Қазақстан бұл талапты жойды. Оның орнына уақытша жұмыссыз қалғандарды ресми тіркеп, жәрдемақы төлеуге көшті. 1994 жылы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны 96,2 мың адам, 1995 жылы 175 мың адам алғаны айтылады.

Ал, біліктілігін өзгертіп, басқа жұмысқа тұрғысы келетіндер үшін мемлекет қайта даярлау курстарын ұйымдастыра бастады. Мысалы, 1994 жылы жұмыстан босап қалғандар мен жұмыспен қамтылған халық iшiнен 25 мың адам оқытудан өтіпті. Фермер, хатшы-референт, сылақшы-әрлеушi, ұлттық тағамдар аспазы, ұлттық аспаптар жасау шеберi, кiлем тоқу шеберi секілді кәсiптер бойынша қазақ тiлiнде 20 оқу бағдарламасы әзiрленген көрінеді.

Бағдарламалар нәтижесі

Бүгінгі күні елімізде бірнеше бағдарлама өз нәтижесін беріп, жұмыссыздар саны азайып келеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы орындалуда. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында орташа жалақысы 92 мың теңге болатын 8,3 мың жұмыс орны құрылыпты. Бүгінде жол картасы аясында 228 инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жүргізілуде, тағы 13-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Оның екінші бағыты аясында өз ісін ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 1 млрд. теңгеден асатын 170 шағын несие берілді. 2021 жылы жол картасының барлық бағыты бойынша 42,5 мыңжұмыс орны құрылуы тиіс, оның 28,8 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны болады. Бұған қоса, «Еңбек» бағдарламасы аясында 2020 жылы 319 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылған екен. 70 мыңнан астам адам қысқамерзімді курстардан өткен және техникалықкәсіптік білім алған. Тағы 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін игерген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылы еңбекпен қамту шараларымен жалпы саны 1,2 млн. адам қамтылмақ.

Оның ішінде 700 мыңдайы «Еңбек» бағдарламасы шараларына тартылады. Ал, қалғаны жол картасына және басқа бағдарламаларға тиесілі.

Қазір еңбек нарығы үлкен өзгерістерді өткеруде, оған пандемияның да әсері бар. Қазақстанда ел Парламенті қашықтан жұмыс істеу форматын заңдастырды.

Аймақта мыңдаған жұмыс орны ашылды

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Жолдауында «Жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек» деп атап өткен болатын. Қарағанды облысында осы бағдарламалар арқасында жұмыс орындары ашылуда. 2021 жылдың жеті айында мемлекеттік бағдарламалар бойынша 18 мың жұмыс орны құрылды. Жұмыс орындарының ашылуымен қоса өңірдегі тұрғындардың бизнес-идеяларын жүзеге асырып, кәсібін дөңгелету үшін 685 грант берілді. Мұндай гранттардың берілуі әсіресе ауданда тұрып жатқан халықтың кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуына үлкен мүмкіндік болды. Кәсіп ашып өз ісін әрі қарай дамытқысы келгендерге облыста «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы үлкен қолдау болған. Бұл бағдарлама негізінде алдымен тұрғындарға кәсіпкерлік негіздері арнайы курспен оқытылады. Оқу барысында ниет білдірген тұрғындар кәсіпті қалай ашып, оны әрі қарай дамыту қажеттігі жөнінде оқып шығады әрі өз идеяларын ұсынады. Бағдарлама негізінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 583 мың теңге сомасында өтеусіз грант немесе жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша микрокредит берілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа зауыт, кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосты. Сонымен қатар, кәсіпкерлікке де жол ашылып, мыңдаған адам грант, несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Бұның бәрі бір жылда бола салған жоқ. Осы жылдардың игілігі. Олай болса, дүкен сөрелері отандық өнімге толып тұратын күн де алыс емес дегенді нық сеніммен айта аламыз…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button