Шет

Еңбек қатынастары – ерекше назарда

   

  Жуырда аудан прокуроры Т.Рымбаевтың төрағалығымен «Шаруа қожалықтарында еңбек қарым-қатынасын заңдастыру» жобасы бойынша семинар-кеңес өтті.

Семинарға аудан әкімінің орынбасары М.Жұмкин, кәсіпкерлер палатасының Шет ауданы филиалының директоры О.Сейілбеков, аудандағы шаруа қожалықтары жетекшілері, ауыл әкімдері, білім бөлімі, жұмыспен қамту орталығының басшылары мен мамандары, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы, Қарағанды облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының бөлім басшысы Е.Бейсенов, сонымен қатар, аудандық орталық аурухана басшысы мен жергілікті полиция қызметінің бастығы қатысты.

Күн тәртібінде шаруа қожалықтарында жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы еңбек қатынасын реттеу, оларды әлеуметтік жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы рәсімдеу, осы мақсатта ауданның құқық қорғау, білім, медицина және жұмыспен қамту мекемелерінің атқарған жұмыстары қаралып, талқыланды.

Аудан прокуроры адам еңбегін заңсыз пайдалану бойынша ауданда соңғы 5 жылда 43 оқиға тіркелгенін, оның бірде-біреуі сотқа жетпей қысқарғандығын атап өтті.Яғни, ауданда заңсыз құлшылықта ұстау деректері орын алған жоқ.

Үкімет тарапынан жұмыс берушілердің жұмысшылар еңбекақысына қосымша 35 пайыз субсидия төлейтінін, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігін атап, осы бағытта қандай жұмыс жасауға болатынын ортаға салды.

Қожалық жетекшілерінен де бұл жөнінде біраз сұрақтар туындады. Негізінен, мал бағымына, басқа да шаруашылық жұмыстарына жұмыс күші тапшы екенін алға тартқан қожалық жетекшілері көбінесе, жұмысқа сұранып келетіндердің құжаты болмайтынын айтты.

Жұмысшыларға 30-40 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төлейміз, тамақтандырамыз, киіндіреміз. Жергілікті жердегі учаскелік инспекторға тіркетеміз. Ал, заңды құжаттары болмаса, учаскелік инспекторлар жұмысшыны алып кетеді. Бұл, әрине, заңды да. Ал, құжатсыз жоғарыда аталған субсидияны төлеу тағы мүмкін емес, – деді қожалық жетекшілері.

Аудан прокуроры Т.Рымбаев:

Шаруашылықтарда құжаты жоқ азаматтар жоқ емес. Арасында әр жерде іздеуде тұрғандар болады. Олар өз кезегінде «Мені құлдықта ұстады» деп шаруашылық жетекшілерін айыптап жатады. Кейбіреуі, тіпті, жағдайын жасап алғаннан кейін қашып кетеді. Әр жұмыскермен келісім-шарт болуы керек. Материалдық құндылықтар жүктелгеннен кейін сот арқылы шешіледі. Міне, осы жағдайларды болдырмас үшін әрбір жұмыскерге жағдай жасалса, құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеп, Үкімет тарапынан берілетін субсидияны пайдаланып, іске асырсақ деген ниет бар, – деді.

Сонымен қатар, құжатсыз жұмысқа алынған тұлғаларды міндетті түрде ішкі істер бөлімінде саусақ таңбаларын алып, арнайы тексеріп, құжаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Нәтижесінде, ішкі істер бөлімінде тіркеуде тұрғандар кейін құлшылықта ұстады деген жалған хабарлама бере алмайды.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы Ж.Сағадиев әлеуметтік жұмыстан бөлек, қоғамдық жұмысқа бухгалтер, тағы басқа да жұмыстарға маман алуға болатынын, ол үшін 6 айға дейін 56 мың теңге төленетіндігін атап өтсе, қожалық иелері де өздеріне механизаторлар керектігін айтты. Ал, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Н.Сейілбеков жеке төлқұжат алу оңай емес, көп уақыт қажеттілігін түсіндірді. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары М.Жұмкин, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Бекенов, жергілікті полиция қызметінің бастығы Р.Әбдіғалиев, кәсіпкерлер палатасы Шет аудандық филиалының директоры О.Сейілбеков, Ақсу-Аюлы және Ортау ауылдық округінің әкімдері – Б.Арыстанбеков пен Д.Кәрсембаев туындаған мәселелер бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Семинарды қорытындылаған аудан прокуроры Т.Рымбаев «Бұл жерде ешкімді айыптау ойымызда жоқ, біздікі тек қана заңды тұрғыда көмек қолын созу. жоба бойынша осы салаға қатысты мамандармен арнайы комиссия құрылып, шаруашылықтарды аралап, көмек көрсету ниетімен құжатсыз жұмыс істеп жатқан тұлғарларды заңдастыру мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарамыз», – деді.

Жиын соңында шаруашылық жетекшілері де шешімін таппай отырған мәселені талқыға салу үшін осындай семинар-кеңес ұйымдастырған аудан прокуратурасына алғыстарын білдірді.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button