Жаңалықтар

Еңбегі еленгендер

Рамиль Кирпичев кезіндегі Қарағанды металлургиялық комбинатына бұдан 30 жыл бұрын Теміртау қаласының Жоғары техникалық оқу орнын (қазіргі Қарағанды индустриалды университеті) бітірген соң келген болатын. Алғаш еңбек жолын бірінші домна пешінің жұмысшысы болып бастаған ол газ шаруашылығына ауысып, төртінші домна пешінің газшысы болды. Енді бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болып аталатын осы кәсіпорында домна цехының өндірістік шебері болып еңбек етеді.

 

Әдетте оның жұмыс күні аусым қабылдаудан басталады. Онда өткен ауысымда болған ескертпелер есепке алынып, жаңа ауысымның жұмысын белгілейді. Бұл ретте Рамиль жұмыс орнында техникалық қауіпсіздіктің сақталуына аса мән беріп, жұмыстың сапалы, мерзімінде атқарылуын қадағалайды. Сондықтан да, ол басқаратын ұжымдағы 13 адамның бәрі тұтастай бір механизм сынды жұмыс істейді.

– Адамдармен бірге қимылдап, сөйлесіп, тыңдай білу керек, – дейді Рамиль, – біздің жігіттер бір-бірін жақсы түсінеді. Үлкендері жастарға көмектесіп, қолдау көрсетеді.

Кирпичевтің өзі де кәнігі тәлімгер. Бір кездері өзі оқытып, үйреткен бір жігіт осы күнде бригадир болып істеп жүр. Әріптестері де оны сол үшін де қатты құрметтейді. Ал, металлургтер мерекесі қарсаңында оған ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің берілуі де оның көп жылғы еңбегінің бағаланған белгісі.

Осындай еңбегі еленгендердің бірі – коксохимиялық лабораторияның бірінші санатты инженері Светлана Дмитриевна Леонова. Ол да кәсіби мерекелерінің алдында ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болды.

 

Қарағанды техникалық университетінің Жезқазған бөлімшесін «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша тәмамдаған оның осы комбинатта еңбек еткеніне де биыл 40 жыл толған екен. Әуелде ол осындағы көмір фабрикасында лаборант болып бастаған жас маман кейіннен ағынды суларды тазалаумен айналысуға біржола көшкен.

– Кокс өндірісінің негізгі қалдық өнімдері – фенолды су. Оны тазалаусыз кәрізге төгуге болмайды. Себебі, ол барлық тірі организмдерді өлтіреді. Ал, фенолдың өзін жеп қоятын микроорганизмдер де бар. Дәл осы технологияға осыған ұқсас өндірістердің көбісінде қолданылады, – дейді бұл турасында өз ісінің маманы Светлана Леонова. – Содан кейін тек қалған аммиагымен қалалық тазарту құрылғыларына түсіп, одан әрі тазартудың келесі сатысынан өтеді.

Светлана Дмитриевнаның қарамағында сегіз тәжірибелі химик мамандар жұмыс істесе, оның мына алған марапатына солардың да өлшеусіз үлесі бар.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button