“Дулығалы” мешіті Амангелді сардар сарбаздары серттескен тарихи орын
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен дүниеге келген “Мәдени мұра” бағдарламасының талай тарихи жәдігерге жан бітіруге септігі тиді. Соның бірі – заманында өзіндік өркениет орталығы болған, Құлмұхамбет ишанның кесенесі мен қызыл үйін және Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт пен медресені қамтитын “Дулығалы” рухани-мәдени кешені. Бүгінде бұл кешен “Терісбұтақ мешіті”, “Бердікей мешіті”, “Құлмұхамбет ишан мешіті” деп аталып жүр. Қолжазбада да алма-кезек кездеседі.
Құлмұхамбет ишан. Ол кім?
Әуелде әкесі Арыстанбай ашқан діни сауатты қанағат тұтпаған қаршадай Құлмұхамбет жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, он бір жасында алыстағы араб еліне аттанады. Содан он алты жылдан кейін “Қари” және “Ишан” атанып, елге оралады.
Ол басы артық дүние-мүлік жимаған, мал ұстамаған. Қолына түскен малды жәрмеңкеге шығарып, ақшасына кітап пен оқу құралын алдырған. Жат жерде жиған-терген өнерін өзгеге үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған. Имандылық үйі – мешіт, білім ошағы – медресе салған.
Құлмұхамбет ишан алғашқы мешітті “Ақсудың” табанынан ойған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Алайда, ойдағы мешітті қыста қар басып қала бергесін, қырдан жаңасын салады. Алғашқы мешітте дала комиссары Әліби, сардар Аманкелді сауат ашқан.
“Қазіргі мешіттің салынған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бірі – 1904, екіншісі – 1910. Екі дерек те негізді. Консервациялық сараптамада анықталғаны: мешіт алдымен шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен қапталғаны көрініп тұр” дейді “Ұлытау-Ұлар” мамандандырылған жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар Төлебаев.
Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен Құлмұхамбет ишан сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, күйдірген. Кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан. Оны күйдіретін пеш салған. Қалыптың дайын болуына қарай дереу кесек құйып, күйдірген.
Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасыған. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Оған дейін балалар мешітте оқиды.
Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – “Дулығалы” өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы талайдың санасына саңылау түсірді. Туған топыраққа деген түсінікті тереңдетті. Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жанжақтан жұрт келіп жатады.
Ол – АманГелдінің түп нағашысы
Аяр “ақ патшаның” майдандағы қара жұмысқа қазақты жегу жөніндегі жарлығы қандай қатты қарсылыққа кездескені белгілі. Алайда, Арқадағы Аманкелді бастаған сарбаздар бір байламға келіп, серттескен жері “Дулығалы мешіті” екенін екінің бірі біле бермейді.
Алмағайыпта алыс сапарға батасыз аттанбайтын қазақ осы мешіт басына жиналып, құрбандық шалып, көтерілісшілерге ақжол тіледі. А.Имановты қолбасшы-сардар деп таныды. Жиынға бірнеше болыстың игі-жақсысы, сыйлы азаматы мен атқамінері қатысты.
Көтеріліс дүрбелеңі қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ол алпауыт елдің езгісінен қатты күйзелген халықтың бей-берекет қарсылығы деңгейінде қалмай, егемендікке ұмтылған ұлттың күресі дәрежесінде соны сипат алды. Қарулы көтеріліс үш жүзге жуық болысты қамтығаны туралы дерек бар.
Сондай отты ошақтың біріне айналған Торғай өлкесінде өрттей лаулаған толқудың жалынын басып, тұншықтыру үшін “ағзам патша” тың қарулы күшті дүркін-дүркін аттандырды. Алайда, Аманкелді сарбаздары мұздай қаруланған жазалаушының жазасын беріп отырды.
Өйткені, ол бердеңке ұстап, бұқпантайлаған бытыраңқы топ емес, белгілі бір темірдей тәртіп жүйесіне бағынған берік әскер болатын. Жасақта негізінен Ұлытау, Қарсақбай, Байқоңыр, Жезқазған төңірегіндегі жұмысшы мен шаруа болды. Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын ер-азаматы “Аруақ!” деп аттандап, алғашқы жиынды Дулығалыда өткізді.
Қазақстанның көпшілік өңірінде толқу екі-үш айдан аспаса, Торғай даласында жеті айға созылып, патша тақтан түскенше тоқтамады. Кейбір дерек Аманкелді сарбазының саны елу мыңға жеткенін айғақтайды: “Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров…” (История КазССР с древнейших времен до наших дней. КазОГИЗ 1946г. 391 стр).
Көтеріліске Торғай уезіндегі он үш болыстың қару ұстауға жарайтын ер-азаматы тегіс қатысқан. Оның үстіне іргелес болыс, дуаннан да адам келіп қосылған. Ал, Қайдауыл болысына қарасты ел бас қосып, атқа қонған жер – “Дулығалы”. Құлмұхамбет ишан – Аманкелдінің түп нағашысы (Қалампыр шешеміз ишан тұқымынан – авт.).
Аманкелді қол бастап шығарда Қайдауыл мен бес болыс Қыпшаққа киелі мекен болған нағашы жұртынан бата алған. Қазақ әсіредіншіл емес, алайда, исламның жөн-жосығын қатаң сақтаған. Әулие-әмбиеге сыйыну – исламнан емес, атадан қалған дәстүр. Қазақ жауына “Аруақ!” деп аттандаған.
Сардар мұсылманша өте сауатты болған, дінге теріс қарамаған. Қолына құран ұстап келгенге сеніп, аңғалдықпен 1919 жылы тұтқынға түсуі де сондықтан.
“Дулығалы” мешіті 2011 жылы консервацияланды. Белгіленген біраз істің басы қайтты. Кешенге кіретін нысанның бірі – Құлмұхамбет ишан кесенесін жаңғырту бұрнағы жылы бітті. Кезек тоғыз күмбезді мешітке келді.
“Бұл мешіт – Ұлытау өңіріндегі тарихи маңызы зор ескерткіштің бірі, дүр маржаны. Биыл азан шақыратын мұнарасын бұзып, жаңадан іргетас құйып, қайта қалап шықтық. Алтыншы тамызда онда ондаған жылдан кейін екінті намазының азаны шақырылды”, – дейді Әнуар Төлебаев.
Енді Алла тағала сондай күнді толық жаңғыртылған мешітте көруге жазсын!
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»