«Достық үйі» – бірлік ордасы

     Сәтбаев қаласында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығын одан әрі нығайта түсуге қатысты тапсырмаларынан туындайтын міндеттер мінсіз жүзеге асырылып келеді деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Ұстанымы ұлағатты, пейілі кең қауымға есігін айқара ашқан «Достық үйінің» тұсаукесері – осынау пайымның айшықты бір айғағы.

Ресми түрде «Қазақстан халқының рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі атауын иеленген ұлы достық шаңырағының ашылу рәсіміне лайықты тұрғыда мерекелік рең берілді.

– Қазақстан халқы – сан қиындықты басынан кеше жүріп, ерік-жігері ешқашан мұқалмаған ел. Ұлт басынан өткен қасіретті сындар ертеңіне үміт артқан қалың қауымның қайрат-жігерін жанып, талабы мен талпынысын ұштай түскен. Соған дәнекерлік еткен құдіретті күш – бірлік.  Сол бірлікті бекем сақтау қажет. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының түп-тамыры осы ұстанымға негізделген, – деді өзінің құттықтау лебізінде Қарағанды облысы әкімінің өкілі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын. Жауапты тұлға аталған «Достық үйі» Қарағанды мен Жезқазған қалаларындағы осы тектес орталықтардан кейін іске кіріскелі отырған үшінші шаңырақ екендігіне ерекше екпін берді. Жағымды істі шынайы ықыласпен қолға алып, оны көңілге қонымды деңгейде тиянақтаған қала басшылығына ризашылығын білдірді. Этно-мәдени орталықтардың қызметіне сәттілік тіледі. Орталық кітапханасына облыс әкімінің атынан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 12 томдық шығармалар жинағын тарту етті.

Өз кезегінде қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың тынымсыз қайнап жататын қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысатын этностық-мәдени орталықтардың осындай ортақ шаңыраққа көптен мұқтаж болғандығын атап өтті. Жұртшылықты мерейлі қуаныштарымен құттықтады. Жаңа мекеменің өзара рухани сабақтастық мәселесі шеңберіндегі тегеурінді істерді орнықты жүргізуге ұйытқы болар ордаға айналарына сенімді екендігін мәлімдеді.

Әдемі тілектерді әсерлі әдіптеген қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук ынтымақ ошағына кілем және ыдыс-аяқ жиынтығын сыйға тартты.

Бірлік ордасының лентасы қиылып, шашу шашылған соң жиылған жұртшылық оның ішкі жағдайын зерделеп, ерекшеліктерімен жете танысты. Қысқаша тізбелесек, мұнда татар-башқұрт, орыс, украин, корей және Балтық елдері өкілдерінің этно-мәдени орталықтарымен бірге қалалық Қазақ тілі қоғамы да орналасқан. Бұдан тысқары, мәжіліс-концерт залы, дәрісхана, музейі және кітапханасы бар. Шырайлы шараларға ұйытқы болып жүретін «Шындық» қоғамдық бірлестігіне де арнайы бөлме бөлінген екен. Болашақта мекеме әкімшілігі кабиеттерінен бөлек «Меценаттар бөлмесін» жасақтау да жоспарға енгізіліпті.

Салтанатты шара барысында этно-мәдени орталықтардың жетекшілері сөз алып, тиісінше, әр ұлттың әндері әуеледі. Бірлік тамыры берік болсын деген ырыммен «Достық гүлі»  отырғызылды. Жылы шырайлы жиын тұсауы енді ғана кесілген жаңа мекеменің директоры Гүлназ Гатиятованың құттықтау сөзі, орталықтың мақсат-мүддесі мен жоспарлары туралы байсалды әңгімесімен түйінделді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Суреттерді түсірген

Е.ВАНЮШОВ.  

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.