Жаңалықтар

Дмитрий ВАСИЛЬЕВ: «Әр сәтіміз санаулы»

Қарағанды медицина университетінің инфекциялық стационары орналасқан «Мұстафин 15»-ке таңертеңгі 8-де бардық. Мақсатымыз – ондағы реанимация және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Дмитрий ВАСИЛЬЕВПЕН аз-кем сұхбаттасып қалу. Кешіксек, реаниматолог «қызыл аймаққа» кіріп кетеді. Адам өмірі үшін өліммен арпалысатын реанимация бөлімдерінің орны ерекше. Сырт көзден таса, көпшілікке беймәлім әлемде жанталасқан еңбектің қандай екенін елестете де алмаймыз. Десе де білуге талпындық…

Жұмысқа күнде осылай ерте келесіз бе?

– 8-ден басталады. Әуелі ауысымнан шығатын бригадамен кезекшіліктерінің қалай өткені, әр пациенттің жағдайы, денсаулығындағы өзгерістер туралы сөйлесеміз. Мұның бәрі «таза аймақта» өтеді. Кейін тиісті қорғаныш киімдерін киіп, «қызыл аймаққа» кіріп, науқастардың жағдайын бақылаймын. Бұл бақылау жұмыс уақытынан тыс та тоқтамайды. Әр бекетте телефон байланысы бар. Қажет кезде видео байланыс та жасаймыз.

Реаниматолог мамандардың жұмысы несімен ерекше?

– Реаниматологтар өмірі кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін, жағдайы ауыр науқастармен ғана жұмыс істейді. Бұл – бірінші. Екіншіден, науқастың жағдайының ауырлығын бағалау. Ең қиыны да осы. Алдыңда тұрған адам денсаулығының нашарлау ықтималдарын болжау, оның алдын алу жұмысы – біздің мамандықтың ерекшелігі. Бәрін бірдей реанимацияға жатқыза береді деген сөз емес. Бірақ, кей кездерде беті бері қарап, палатаға ауыстырылған адамның кенеттен жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Аяқ асты жағдайы нашарлап кеткенімен, өкінішке қарай дәл солай бірден жазылып шықпайды.

Науқас реанимацияда орташа есеппен қанша уақыт болуы мүмкін?

– Оның орташа есебі жоқ. Оны шамамен бірнеше минуттан бірнеше айға дейін деп айтуға болады. Бірнеше айлап жататындар – өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандар, омыртқа жұлыны зақымданғандар. Негізінен операциядан шыққандар бірнеше тәулікте есін жиып, палатаға ауыстырылады. Жарақат алғандар да солай.

Сіз басшылық ететін реанимация тек коронавируспен ауырғандарға ғана арналған. Қазір мұнда қанша адам жатыр?

– Реанимация 12 адамға арналған. Бір мезгілде 7 адамға дейін жатты. Дәл қазіргі сәтте біреу ғана. Ол науқасты басқа стационарға ауыстыратын шығармыз. Себебі, бүгін біздің соңғы жұмыс күніміз. Облыс бойынша ауру таралу деңгейін бақылау нәтижесіне сәйкес стационарды уақытша консервациялау туралы шешім қабылданды.

Жақсы жаңалық екен. Бұл індеттің беті қайтып келе жатыр деген сөз ғой.

– Белгілі бір деңгейде коронавирустың таралуы төмендегені байқалады. Оны статистикалық мәліметтерден де, стационарлардың жұмысынан да көруге болады. Себебі, біз ғана емес басқа да стационарлар жұмысын уақытша тоқтатып жатыр. Бірақ, індет біржола жойылған жоқ. Ол әлі де арамызда.

Бірақ, былтырғы жағдаймен салыстыруға келмес әрине. Пандемиямен өтіп жатқан екі жылды салыстырғанда не айтар едіңіз?

– Былтыр университеттің Пришахтинскідегі клиникасында ашылған провизерлік госпитальда істедім. Жаңа вирус біраз әуреге салғаны рас. Қайтсе дұрыс болады деп, түрлі шешімдер қабылдады. Оның бірі дұрыс болса, кейбірі өзгертілді. Бірақ, қазір науқастармен жұмыс жасау жүйесі қалыптасты. Олардың нақты маршруты анықталды, алғашқы көмек көрсету жолға қойылды. Мамандар ың-шыңсыз қандай жағдайда не істеу керектігін біледі. Сондай жұмыстың нәтижесінде өкпесі 90, 95% зақымданған науқастарды реанимациядан шығардық. Менің командам үздіксіз жұмыс істеді. Енді, ауырып немесе басқа себептермен кеткендердің орнына басқа мамандар келді. Осы орайда, орта персоналдың еңбегін ерекше айтқым келеді.

Стационар жабылса немен айналысасыз?

– Кафедралық жұмыспен. Университеттің жедел медициналық көмек, анестезиология және реаниматология кафедрасының меңгерушісімін. Қазір резиденттердің аттестациясы жүріп жатыр. Жұмыс жеткілікті.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button