Рухани жаңғыру

Дипломатия мен «ДІЛ»

             Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында елімізде түрлі іс-шаралар атқарылуда. Соның жарқын үлгісі – облыс орталығында өткізіліп жатқан әдеби кештер дер едік. Мәселен, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының көпшілікпен жұмыс бөлімі биылғы жылдың алғашқы шарасын Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының ғимаратында өткізді. Бұл күнгі тақырып «Ұлыдан туған – Ұлы тұлға» деп аталады.

Қоғам қайраткер, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің 75 жасқа толуына орайластырылған әдеби кездесу кешіне Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің аға оқытушысы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Кәмшат Төлеубаева, саясаттанушы-ұстаз, жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Айдос Бәдел шақырылды. Қазақ жазба әдебиетінің басындағы мұзарт шыңдай болған Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Мұхтарұлы  күні бүгінге шейін ел болашағы мен тарих толқынындағы ізгі қадамдарға ат салысып, игі жұмыстардың басы-қасында жүр. ҚР Мәдениет қайраткері, дипломант ағаның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында кітапхана ұжымы әзірлеген бейнебаян көрсетіліп,  кітапхананың «БОТА» ЖИО қызметкері, ақын Руслан Нұрбайдың жүргізуімен әдебиетші, саясаттанушы мамандардан құнды мәліметтер тыңдалды.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы сынды кемеңгеріміздің көзіндей болған жалғыз ұлы Мұрат Әуезовті барша ел біледі. Ол – 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысына қарасты Мерке кентінде қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келген. Есейе келе М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді. КСРО Ғылым Академиясының әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады.

Шараның негізгі бөлігі Мұрат Әуезовтің «Ділім» және «Времён связующая нить» атты кітаптарының мән-мағынасын, мақсат-мұратын тануға бағытталды. Мемлекет және қоғам қайраткерінің жүріп өткен өмір жолынан сыр шертетін кітапта Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті де сөз болған.

Спорт мектептерінің негізі – ауыл балалары. Ендеше, ұлттың бояуы қанық болмысы да осы балаларға тиесілі. Тәуелсіздік туын шет елдерде мәртебемен көтеретін ертеңгі ұландар ұғымында дипломатия мен дарын, еңбек пен ерлік бірге жүретінін жас жеткіншектерге жеткізгіміз келді.. Рухтың ырысы – ұрпақпен ұтымды.

Гүлжазира СЫЗДЫҚОВА,

Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді,  дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеші-ұстазы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button