Дін – татулық тұғыры

Діни сенімдері мен дәстүр-салты өзге болса да, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері қоғамдық тұрақтылық пен келісімді берік ұстанып келеді. Осы бірлікті бекемдей түсетін рухани келісім және толеранттылық күніне орай Теміртау қаласында «Діни экстремизм – зорлық-зомбылық ұясы» атты шара өтті.

ҚарМИУ студенттері мен «Мирас» колледжінің оқушылары және арнайы шақырылған қонақтар Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында ислам және христиан дінінің теориялық негіздерімен танысты.

Шара барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастарды сараптау және зерттеу орталығының басшысы Дәурен Қанаев, орталық мешіт имамы Ысқақ Абдраманов, Свято-Никольский шіркеуінің басшысы, дін қызметшісі Николай әкей жауап берді.

Кез келген діннің көздейтіні – біреу. Ол – алдымен, Алланы сүю, жақыныңа жақсылық жасау. Бейбітшілікте, татулықта өмір сүруге насихаттау. Дін – ұлтына, ұлысына қарамайды. Тек бары – адамдардың дінге деген көзқарасы мен өздерінің пікірлері ғана.

Жетпіс жылдан астам Кеңес империясының бұғауында Құдайсыз қоғамда өмір сүріп, тәуелсіздік алғаннан кейін дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз қайта оралған кезде әр ненің ұшығына жармаса алмай қалған сәттер болғаны жасырын емес. Бұл – білімсіздік. Яғни, нақты жол көрсететін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей, абдырап қалған шақта дұрыс жол көрсететіндер табылмай, теріс ағым жолына түсіп кеткендердің көбейгені рас. Әсіресе, бұл жастар арасында көп орын алды. Іс-шараға қатысып отырған жастарды да толғандыратыны да осы мәселе. «…Егер кез келген діннің көздейтіні біреу  болса, неліктен жер бетіндегі адамдар әр түрлі дінді ұстанады?» — дейді олар.

Дін өкілдерінің айтуынша, адамзат пайда болғаннан бастап, белгілі бір даму кезеңінен өтеді. Ал, әр пайғамбар белгілі бір уақыт кезеңінде қажеттілікке, тура жолды көрсету үшін арнайы жіберіледі. Олардың барлығы ұстанатын дініне қарамастан бір Құдайға бағынуға шақырды.

Бірақ, жер бетіне хақ дінді насихат ету үшін жіберілген пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Құранда пайғамбарлардың саны жайында мәлімет жоқ, тек хадисте — 124 мың, екінші бір риуаятта 224 мың пайғамбардың адамзатқа келіп кеткендігі айтылады.

Теміртау қаласының конфессия-аралық қатынастарды сараптау және зерттеу орталығының басшысы Дәурен Қанаевтың айтуынша, адамның сырт келбеті мен өмір сүру салтына қарап, оның қандай жолда жүргеніне баға беру дұрыс емес. Мысалы, қазіргі кезде қоғамның дертіне айналған, бет-ауызын тұмшалағандары, қысқа балақ шалбар киіп, сақал өсіргендер таза дін жолында жүргендіктің белгісі емес. Қай дін болмасын,  алдымен жүректің тазалығы керек.

Свято-Никольский шіркеуінің басшысы Николай әкей де жан дүниені таза ұстауға шақырады. Сырт келбетің мен ойың сәйкес келмесе  – діндарлыққа кереғар. Мұсылман,   христиан діні болсын – бірінші адалдыққа, ойдың тазалығына, ниеттің түзулігіне шақырады.

Сұхбат барысында оқушылар қойған қызықты сұрақтардың бірі – «…адамға періште не үшін керек?» «Егер бізді аспаннан қадағалап, қамқорлығын төгетін бір Алла бар  болса, адамға оның қажеті қанша?» дейді олар.

Николай әкей «Әр адамның, қоғамның, мемлекеттің қорғаушы періштесі болады. Оны әуел бастан Құдайдың өзі жаратып, өмірінде қорғап-қолдап жүруге бұйырған» дейді.

Ал, орталық мешіт имамы Ысқақ Абдраманов оны былайша түсіндіреді: «…себепсіз салдар болмайды. Алла бәрін себеппен жаратқан. Дәм-тұзы таусылған шақта адамға Жебірейіл періште келіп, оның жанын алып кететін болған. Уақыт өте келе адамдар періштені жек көріп кетті. Сол себепті Алла оны жасырып, адамның жанын әр түрлі апаттар, ауру түрлері арқылы алатын болды. Бірақ, бұл ауруға бой ұсынып, қарап отыру емес, әрекет етіп, емделу керек. Сол үшін де ауруды жаратқан Алла, оның емін де қоса жаратқан. Қас-қағым сәтке де күнә жасамайтын, бәрін Алланың қалауымен атқаратын періште Алланың өлшеп берген ғұмыры таусылғанша, адамды қорғап-қолдап жүреді».

Студенттер мен оқушылар іс-шара барысында Терроризм неліктен ислам дінін таңдады, деген сұраққа да жауап алды.

– Террор – зомбылықты насихаттаса, ислам – қайырымдылықты насихаттайды. Ал, ислам дінін жамылып, адамдардың сеніміне соққы беру арқылы әлемге билігін жүргізуді көздегендердің мақсаты – дінді әлсірету, сол арқылы тұрақтылықты, толеранттылықты жою дейді Дәурен Қанаев.

Шара соңында қатысушылар 60-тан астам бірегей, шынайы жәдігерлері бар, әлемдік діндердің тарихымен танысуға болатын  «Дін тарихы діни-ғұрып заттар арқылы» экспозициясын тамашалады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

 ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.