Руханият

Әділ жанмен әңгіме

Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кеншілер шаһарының 90 жылдық мерейтойына арналған «90 жылдыққа 90 кездесу» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері, запастағы генерал-майор, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызыловпен «Әділдік жолындағы азамат» тақырыбында кездесу кешін өткізді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кешке заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полиция полковнигі, «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елеужан Серімов, запастағы полиция полковнигі Ізбасқан Нысанқұлов, дәстүрлі әнші Ержан Базарбеков, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының I курс курсанттары, Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының мамандары, Қарағанды облысы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының тобы, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мүшелері, Қазыбек би ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, әрлі әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында модератор оқырмандарға Мирлан Қызыловтың құқық қорғау саласында табандылықпен еңбек еткен жылдарына, қатардағы қызметкерден бастап, генерал-майор шеніне адал еңбегінің арқасында жеткені туралы кеңінен ақпарат берді.

Кеш кейіпкері оқырмандарға өзінің балалық, студенттік шағы және генерал-майор болғанға дейінгі өткен жолы, өмірінің қызықты, әсерлі сәттері туралы айтып берді. Жиылған жұрттың сұрақтарын да назардан тыс қалдырмады. Еркін форматта пікірлесіп, кейіпкердің әлеміне еніп, мамандыққа адалдықтың қыр-сырына қанықты.

Сонымен қатар, Мирлан Қызыловтың ұстаздары, әріптестері, замандастары да тың ақпараттарын ортаға салды. Мирлан Ахмедияұлының адамгершілігі, жұмысқа деген жауапкершілігі, азаматтығы, отбасына қамқорлығы, жас мамандарға көрсеткен үлгі-өнегесі және ғылымға деген сүйіспеншілігі де бірталай әңгімеге арқау болды.

Сондай-ақ, кеш иесі кітапхана қорына өзі жазған кітабын сыйға тартты. Кеш ұйымдастырушылары да өз кезегінде Мирлан Ахмедияұлына алтын уақытын қиып, жастармен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап беріп, білікті маман ретінде ақыл-кеңесін аямағанына шексіз алғысын білдірді.

Ал, кешке қатысушылар сегіз қырлы, бір сырлы кеш иесінің тәртіпке баса мән беретініне, ұқыптылығына, әскери саланың өкілі бола тұра, сөзге шешендігіне, ғылым-білімге құштарлығына тәнті болды.

Өз тілшімізден.
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button