Бас тақырыпРуханият

Әділ КҮЛЖАНОВ: «Armang’a bastar jol alys emes»

Әділ КҮЛЖАНОВ жүзден астам жастарды шет тіліне үйретеді. «Кәсібім – нәсібім» дейтін азамат демалыссыз еңбек етуді қош көреді. Үштілділік қағидасын ескеріп, шетел тәжірибесін меңгерген маманды әңгімеге тартқан болатынбыз.

 

Әділ, 25 жаста 4 тілді жетік меңгерген мұғалімсіз. Ағылшын тілі – жүрек қалауы ма?

– Мектепте ағылшын тілін тереңдетіп оқығанмын. Кейін «Work and Travel» бағдарламасы бойынша Америкада үш ай жұмыс істедім. Елге келген соң бірден Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің қашықтықтан оқыту бағдарламасы арқылы Литва елінде оқуда болдым.

Ал, жаңа кәсіпті қалай аштыңыз? Қарағандыда «Dream Way» ашудағы мақсат қандай?

– Басында кәсіп бастаймын деген ой болған жоқ-тын. Университетте оқумен қатар, жұмыс істеп жүріп, «ағылшынша сөйлегім келеді» дейтін жастарды көп кездестірдім. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін қазақ жастарының саны артып, оларда өзге елдің жастарымен теңесе алатын дәреже болғанын қаладым. 2015 жылы ағылшын тілінде сабақ беруді бастадым. Жарнама парақшаларын тараттым. Сабақ өткізетін орын болмағандықтан, университеттің бос аудиторияларын пайдаландым.

Қазіргі таңда «Dream Way» орталығында 100-ден астам жас айына 12 500 теңге төлеп оқиды. Сабақтар 80 минуттан, аптасына 3 рет өтеді. Бір курс 4 айға созылады.

Сонда шет тілін жетік меңгертуде айрықша тәсіл бар ма?

– Менің ойымша тіл үйренудегі ең оңай тәсіл – сөйлесу және екеуара әңгіме айту. Демалыс күндері орталықта студенттерге тегін оқу өткізіп, әңгімелесеміз.

Литвада білім алу мақсатымен жүргенде түрік және африкалық азаматтармен жарты жыл бірге тұрып, түрікше және ағылшынша сөйлеп үйрендім. Көп көмегі тиді.

Қалай ойлайсыз, көп тілде сөйлеу мақтаныш па?

– Әлемнің 11 елінде аралап, көп тілде сөйлеу мақтаныш емес, пайдалы дүние екенін түсіндім. Тіл үйренгендер тез қартаймайды. Мәселен, профессорлардың көбісі кәрі көрінбейді ғой.

Оған қоса, тілді жетік меңгерген адамның екінші тұлғалық келбеті ашылады. Студенттерім «ағылшын тілі сабағында америкалықтарға ұқсап кетесіз» деп жиі айтады.

Қарағандыда сіз айтқан бағаға оқытатын курс орталықтары көп. Жақсысын қалай таңдаған дұрыс?

– Ағылшын тілін үйрететін орталықтардың саны көп болғанымен, сапасы аз. Кәсіпкерлер орталықтарды ашып қояды, бірақ, істі дұрыс жүргізуді білмейді. Сапасына көңіл бөлмей, табыс әкелуді ойлайды. Бәсекеге қабілетті болу үшін алдымен, аудиторияны зерттеу қажет. Мұғалімдердің сабақ өткізу барысына көңіл бөлген дұрыс.

Ал, «Dream Way» білімінің сапалы екенін қалай білуге болады?

– Бізде өмірге құлшынысы жоғары жастар жұмыс істейді. Басшы ретінде жұмысқа көп жылғы тәжірибесі бар мұғалімдерден көрі, жастарды алуға тырысамын. Өйткені, жастардың ойы ұшқыр әрі жаңашылдыққа бейім болады. Тәжірибесі көп, бірақ жасы келген мұғалімдер тіл курстарына физика сабағын өткізіп тұрғандай қарайды.

Ағылшын тілі – математика немесе физиканың формуласы емес, мұғалімнің тіл үйретудегі бірінші мақсаты – жастарға мотивация беру.

Сөздің анығында, жұмыссыз жүрген жастарды еңбекке қалай тартуға болады?

– Қоғамда мемлекеттік қызметші болсам немесе ақшасы көп жұмысқа тұрсам дейтін, бірақ, ол үшін ештеңе істемейтін жастар көп. Оларға өздері жасап алған «жайлылық аймағы» ұнайды. Мәселен, әкем маған «Әділ – мұғалімдік әйел адамдардың жұмысы, одан мемлекеттік қызмет жақсы» дегенге ұқсас пікірлерді әлі айтады.

Жақсы кәсіп болуы үшін бизнесті мектептен оқыған жөн. Жастар «көп ақша табу үшін, жұмысты көп істеу қажет емес» екенін білуі керек. Мысалы, 15-16 жасар бала бірдеңе ойлап тауып, миллионер болады. Сол сияқты шахтер «мен жер астында жұмыс істеймін, ал, тәжірибесі жоқ бала миллион тауып жатыр» дейді. Көрдіңіз бе, кәсіпті үйрену – өмір сүру сапасын жеңілдетеді.

Шетелде тәжірибе жинау барысында Еуропада жұмыс істейтін қазақстандықтардың қатарына қосылу ойда болған шығар?

– Жақсы табыс табу үшін Еуропада жұмыс істеген тиімді, әрине. Бірақ, қоршаған ортасы, жергілікті халқы әсер етпей қоймайды. Мәселен, ауырып қалсаңыз көмек беруге дайын адам таппайсыз. Қазақтағы мейірімділік пен қонақжайлылықты өзге елдерден кездестірген емеспін. Сосын «Өз үйім – өлең төсегім» деп елге қайттым.

Табысты адамдар деп кімдерді атар едіңіз?

– Бизнесте жүрген қазақстандық Қуаныш Шоңбайды айтар едім. Мәскеуде тұратын Шәміл Алауитдиновтың бір кеңістікте отырып қалмай, жан-жақты болуға үндейтін кітаптары ұнайды. Ол «бай мұсылман кедейден жақсы, өйткені, бай мұсылман елге көп көмек көрсете алады» дейді.

Сіздің ойыңызша арманға бастар жол қандай?

– Арманға бастар жол – жүрегің қалаған іспен айналысу деп ойлаймын. Адам ұнайтын жұмысын тапса, өз ісінің нағыз шебері атанады. Табыс та өзі келеді.

Мысалы, менде арнайы демалыс күнін күтіп отыру деген жоқ. Уақытқа қарамай жұмыс істеймін. Жас болған соң, жаңаны әрі жақсыны үйренуден ешқашан қорықпау керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button