Диктор
Қарағандының Левитаны мен Байжанбаевы атанған, телерадио хабарларын жүргізудің хас шебері, «КСРО телерадиосының үздігі» Ескендір Тишмағанбетов 1937 жыл Қарағанды қаласындағы атақты кеншінің шаңырағында дүниеге келген. Ол – Жамбыл атындағы №7 мектеп-интернатының түлегі. 33 жыл Қарағанды облыстық телевидениесі мен радиосында диктор болып қызмет атқарды. Жаны жайсаң ағамыз 8 бала өсіріп, өнегелі отбасының отағасы болды.
Ескеңмен көп жылдар бойы тонның ішкі бауындай бірге жұмыс істедік. Ескендір Асанханұлының асқан еңбекқорлығы, адами асыл қасиеті, жадыраған жандүниесі, дикторлық қарым қабілеті, кісілерге жасаған қайырымдылығы, әлі күнге есімде. Арамыздан алыстап кеткен ағаның, осындай жақсы қасиеттерін ұмытқан жоқпын. Оның бәрі жүрегімнің төрінде, көңілімнің көкжиегінде сайрап тұр. Тіпті, қоңыр үні әлі күнге құлағымнан кетпейді.
Айтқандай, жақында журналистік іссапармен Жаңаарқа ауданына барғаным бар. Сол жолы алыс ауылдан келген Асылбек деген ақсақал дастарқан басында 60 жылдық тарихы бар Қарағанды телеарнасының өткенінен сыр шертіп, біраз әңгіменің басын қайырды. Сөзге қаражаяу емес қарияңыздың айтқан шежіресін тыңдай бергіңіз келеді. Көгілдір экранның көзайымына айналған кешегі күнгі дикторлар: Майра Ахметова, Қайнижамал Аманова, Светлана Тарасова, Владимир Жоров, Ескендір Тишмағанбетов, арамызда аман жүрген Галина Рахимованың есімдерін ерекше ілтипатпен атағанда көңілім бір серпіліп қалды. Әсіресе, Ескеңнің қоңыр дауысын сүйсініспен еске алып, оқу мәнерінің өзіндік ерекшелігіне тоқталды. Тіпті, қазақ радиосының мақтанышына айналған, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевпен салыстыра бағамдады. Осындай құрметке бөленіп, миллиондаған радио тыңдаушылар мен теледидар көрермендерінің жүрегін жаулап алған ағаларымыз бен апаларымыз нағыз бақытты екен ғой!
Екі тілді еркін меңгерген Есағаң облыстық телерадио комитетінде соңғы «Жаңалықтар» бағдарламасын көбірек жүргізді. – Ол кезде хабар тікелей эфирге шығатын. Басты талап – диктор қателеспеуі керек. Бұл дегеніңіз – өте жауапты. Сәл жерден кемшілік кетсе болды, бүкіл еңбегің далаға кетеді. Сондықтан да, сол сәттегі шығармашылық ұжым оған жол бермеуге барынша тырысатын еді, – деп еске алады, ардагер диктор Галина Рахимова. – Ескендірдің еске сақтау қабілеті ерекше болатын. Ол күнделікті «Жаңалықтардың» тексін, ондағы кісілердің аты-жөнін, дерек-дәйекті тез жаттап алатын. Сондықтан, эфирге шыққанда еркін отырып, қағазға көп қарамайтын еді. Қазіргі дикторлардікі рахат, алдындағы экранда жазылған мәтіндерді оқи салады, – дейді әңгіме арасында Галина апай.
Ескендір Тишмағанбетов облыстық радионың «Жаңалықтарын» ғана емес, редакцияның әралуан хабарларын да жүргізетін. Әсіресе, «Өндірісті өлке», «Дархан дала», «Жас қанат» деп аталатын бағдарламалардағы радио очерктер мен суреттемелерді нақышына келтіре оқитын. Редактордың дайындап берген мәтіндерін бірнеше қайтара оқып, әбден пысықтап болған соң, жазуға кірісетін. Үнтаспаға түсіріп, эфирге шығаратын. Ертеңіне жұмысқа келгенде: – Кешегі очерк жақсы шығыпты.Үйде отырып, радиодан тыңдадым,-деп бала сияқты қуанғанын талай рет естідік. Қарап тұрсаңыз, телерадио саласында қызмет атқаратын диктор мен редакторлар – құстың қос қанаты сияқты. Бір-бірінсіз күні жоқ. Түсіністікпен жұмыс істесе, әлгі хабарыңыздың маңыздылығы артып, көпшіліктің көңілінен шығатыны сөзсіз. Оны өмір тәжірибемізден көрдік.
Ескең – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Сондықтан да, ол ара-тұра радио магнитофонын иығына асынып алып, мерекелік шаралар мен еңбек адамдары жайлы әңгіме-сұхбаттар, спорт сайыстарынан репортаждар жазып келетін. Әсіресе, кеншілер тақырыбына көбірек көңіл бөлді. Оның да өзіндік сыры бар. Өйткені, ол кенші әулетінен шыққан. Әкесі Асанхан Тишмағанбетов алғашқы стахановшылар қозғалысының белді мүшесі, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері болған, атақты кенші еді.
Ескендір Асанханұлын Қарағанды телеарнасының ұжымы ерекше құрметтеп өтті. Тіпті, атын атамай «Еске», «Есаға!» дейтін едік. Өйткені, ол үлкен-кішіге ерекше сыйлы болды. Адамгершілік асыл қасиетті әрдайым жоғары қоятын. Адамдарды еш алалаған емес. Өлім-жітім болған кезде қарап тұрмай бел шешіп кірісіп кететін. Керек жерінде турасын айтып, әріптестерін қорғап, қанатының астына алатын. Қарасөзге қамшы салдырмайтын ағамыз түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, ұдайы ұйытқы болып жүретін еді.
Есағаң негізгі дикторлық қызметіне қоса, тоғыз жылға тарта телеарнаның кәсіподақ комитетін басқарды. Қоғамдық негіздегі бұл жұмысқа көк тиын да төленбейтін. Бірақ, жоғарыдағы небір құзырлы мекемелер осы кәсіподақпен санасатын. Ұсыныс-пікірлері мен тоқтамды уәждеріне мойынсынатын. Бір сөзбен айтқанда аталмыш ұйымның мақсаты – қарапайым жұмыскердің мүддесін қорғау, жақсы жұмыс істеуіне жағдай жасау. Бұл орайда комитет төрағасы Ескендір Тишмағанбетов көп уақытын соған жұмсайтын.
– Ескең ол жылдары телеарна қызметкерлерінің қордаланып қалған мәселелері мен мұқтаждарын талай рет шешіп берді. Оны өз көзімізбен көрдік, – деп еске алады бүгінде ұзақ жыл бірге еңбектес болған, зейнеткер режиссер Рымкеш Смағұлова.
Иә, ол кезде де баспана мәселесі – ең басты проблемма болатын. Арада қанша жылдар өтсе де, ол әлі өзектілігін жойған жоқ! «Үйі жоқтың – күйі жоқ» – деп халқымыз текке айтпаған ғой. Осындай келеңсіз жағдайларды бастан кешіргендер телеарнада аз болған жоқ. Дегенмен, ағамыздың іскерлігінің арқасында біраз азамат үйлі болды. Атап айтқанда, редакторлар: Мертай Ақшолақов, Нұрғайым Әліпбекова, Сәтбек Болатов, кинооператорлар Виктор Сыченко, Әскер Сексенов, Владимир Холодков, жарық беруші Жұмабай Тұрсынбеков, дыбыс режиссер Серік Жандосов пен Николай Метелев, режиссер Наталья Архипова, ассистенттер Айсұлу Құрымбаева мен Бәкиза Сейсепова және автокөлік жүргізуші Юрий Круглов тағы басқалар.
Сексенші жылдардың соңында «Күнгей» елді мекеніне жаңадан үй салу және Қарағанды қаласының батысынан саябаққа жер учаскелерін алу – ерекше үрдіске айналды. Жұрттың бәрі соған құштарлық танытты. Әрине, ол көлденең көк аттыға беріле салмайтын. Ұзын сонар кезек пайда болды. Арасында бармақ басты, көз қыстымен кетіп қалатыны аз болған жоқ. Оған тосқауыл қою, тиісті мекемелерге қосымша жер беру, кезектің заңдылығын қадағалау мәселесіне кәсіподақ комитетінің төрағасы Ескең белсене атсалысты. Нәтижесінде телеарнаның оннан астам жұмыскері олжалы болды.
Денсаулық – зор байлық. Кешегі Кеңес одағы кезінде облыстық кәсіподақ ұйымы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне денсаулығын түзетіп қайту үшін, шипажай мен демалыс орындарына 24 күндік тегін жолдама беретін. Бірақ, сол жолдамаңыз көпшіліктің бәріне жете бермейді ғой.Әйтеуір, Ескең жолын тауып, телеарна ұжымына молдау бөлгізетін. Осындай бауырмалдығы мен қамқорлығын аға буын өкілдері әлі ұмыта қойған жоқ.
Сондай-ақ, Е.Тишмағанбетов біраз уақыт телерадио комитетінде партия ұйымының хатшысы болды. Аса жауапты қоғамдық бұл жұмысты да ол өз деңгейінде атқара білді. Облыстық радиодағы ескірген техникалық жабдықтарды жаңарту үшін партия ұйымы арқылы тиісті мекемелерге шығып, оның сәтті шешілуіне өз үлесін қосты. «Қазақстан – Қарағанды» телеарнаның қазіргі мұражайында тұрған бірнеше радио қондырғылар соның бір дәлелі. Ескең – еңбекқор еді. Еш ерінбейтін, қандай қоғамдық жұмыс болса соның белортасында жүретін.
Осындай, халықтың сүйікті ұлы бола білген аптал азамат 2004 жылы дүние салды. Биыл тірі болғанда 80-ге келетін еді. Арада қаншама жылдар өтсе де, Қарағанды телеарнасының майталман дикторы – Ескендір Тишмағанбетовтің есімі елдің жадында, көрерменнің көңілінде мәңгі сақтаулы.
Әли Тойжігітов,
Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері.