Депутат балаларға қарсы жасалатын қылмыс жазасын қатаңдатуды сұрады
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Меруеш Башай аймаққа жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешевке балаларға қарсы жасалатын қылмыс жазасын қатаңдатып, терроризм актісін жасаған адамға қолданылатын жазамен теңестіру бастамасын көтеруді ұсынды.
Ізгілік туралы айтқанымызбен, елімізде жас балаларды айуандықпен өлтіру көбейіп кетті. Егер дәл осы қылмыс түрін террорлық актілермен тең дәрежеде тану туралы заңға өзгеріс енгізбесек, балаларымыздың болашағы бұлыңғыр. Аталған қылмысқа бей-жай қарау, Қазақстанның болашағына балта шабумен бірдей. Сондықтан, заңға түзету енгізуге өзіңіз, Серік Балғатайұлы, бастама көтерсеңіз дұрыс болар еді, – деді Меруеш Башай.
Депутат осындай қылмыс салдарынан адамдармен араласып, тіпті, туыстық қатынастардың өзі алшақтап бара жатқанын айтады.
Қарағанды облысында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыс жыл өткен сайын көбейіп отырғанын айту керек. Мәселен, өткен жылы дәл осындай 172 қылмыс тіркелсе, биылғы көрсеткіш – 227. Бұл жыл басында алынған ақпарат екенін айтады Мереуш Башай.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz