Дархан даласының жыршысы
Біз, оның замандастары, таңғы шықтай мөп-мөлдір жырларына сусынымызды қандырып келеміз. Несін айтасыз, құмарымыз қанғанша оқимыз. Жан дүниеміз рахат бір күй кешеді. Ол мынау жазира дархан даласының әрбір қарыс қадам жерін, орман-тоғайын, тау-тасын, мөлдір бұлағын, аң, құстарына дейін жырға қосып, оны қазақы болмыс, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен ұштастыра, сабақтастыра жырлайды-ау!
Ақын, журналист Серғазы Қабылдаұлының кіндік қаны тамған өлкесі де шежіреге бай. Сондықтан ба екен, жас кезіндегі өмір, тұрмыстық суреттерді көгендей тізіп, көз алдыңа моншақтатып алып келеді. Біраздан бері оқып келеміз дедік қой. Дегенмен, Секең әу баста анасынан ақын болып туған. Туған даласының жыршысы болып қалыптасқан, бірақ, замандастары кеш көрді, жырларын кеш оқыды. Бұл жағынан Секеңнің өзі де ештеңе айтпайды. Соңғы жылдары ғана оның талантты лирик ақын екенін, табиғат тамыршысы, табиғат жыршысы екенін сөзсіз мойындадық.
Адам жанын, табиғат жаратылысын дөп басатын жырларын ешқайда ұсынбапты. Мына әлеужелі деген жақсы болды, сол арқылы жырларымен таныстық. Секеңнің шығармашылығына еліміздің түпкір-түпкірінен сәлем хат жолданып, игі тілектерін жеткізеді. Оның жырларына жүрекжарды ризашылығын білдіріп, алғысын алқадай жаудырады. Демек, ақын жыры оқырманның рухани олқылығын толтырып, жанына жақұт бергені ғой. Кейде ойлаймыз, Секең осы жырларының басым бөлігін ертеден жазып, ешкімге көрсетпей, жинақтап жүрді ме екен?! Неге жариялауға асықпады? Бүгінгі таңда жетпістің желкенін керіп отырған Серғазы құрдасымыздың бұған дейін бірде-бір жыр кітабы, не журналистік еңбегі жарық көрмепті. Негізі Секең асықпайды, сабырлы, салиқалы. Ел көшіп кетсе де, Секең сабырға жеңдіріп, үнемі ой толғағын кешеді.
Бір сәт Секеңнің жырына кезек берейікші. Мынау «Мойындау» деген өлеңі.
Қымыз ішіп, әжем піскен күбіден.
Кетуші едік дала кезіп, күнімен.
Балалармен ойнасам да асықты,
Білмеуші едім бүгі қайсы, шігімен.
Дорбасымен асығымды ұтқызып,
Ұтылғанда сақамды да тігіп ем.
Балтырымды қарағанға қанатып,
Балағымды түрмес жерде түріп ем.
Бала болған сияқтымын қияли,
Тірлігінің бірі артық, бірі кем.
«Үлкенсің ғой!» деп ұрысатын әжем де,
Жаға жыртып, төбелессем ініммен.
Мойындаймыз, балалық шақ, бал дәурен басымыздан өтті ғой. Секең сол бір ессіз балалық кезеңді айна қатесіз сөзбен сурет салып, жан дүниемізге жақындата түседі. Шұрқыраған жылқы, желіде ноқтаға басы сыймай аласұрып, шұлғып тұрған құлын, жайлау көрінісі Секеңнің лирикалық жыры арқылы қазақ ауылын, болмысын көз алдыңа алып келеді. Осы жырдың соңғы жағын оқиық.
Тоқтамадым, келсе-дағы тоқтағым,
Әрбір сәтін жырдай қылып
жаттадым.
Тазалықты балалықтай
мөп-мөлдір,
Іздесем де ешбір жерден таппадым!…
Ақынмен бірге балалық шағыңды сағынасың, қайта оралмайтынын білсең де сағына бересің. Өйткені, ол адам өмірінің бастауы, тың соқпағы, жарқын болашаққа деген ізгі ниеті сол балалық шақтан бастау алады. Мұны сіз де мойындарсыз, құрметті оқырман!
Секеңнің жырларында салт-дәстүріміз ерекше орын алады. Оқи кетсеңіз болды, ауыл ішін аралап жүре бересіз. Анамызға еріп, атты адам көрінбейтін шилі өзеннің жағасынан ши тартқанды қалай ұмытарсың. Ши тоқып, шүберекке оралған жұдырықтай тастардың сырылы жаныңыздан өшпеген шығар. Ал, ауылдық жерде көктем шыға киіз басу науқаны басталады.
Ақынның «Сырмақ» деген өлеңін оқып көрелік. Төрде жатқан сырмаққа көзі түскен немересі атасынан «мынау не?» деп сұрайды. Әрине, жауап беру керек. Жауап бермесіңе немерең жаныңды қоя ма?
Жауаптан мен қашпадым,
Сөзді әріден бастадым.
Өзім көрген тірлікті,
Айтудан әрі аспадым.
Бояуы оттай жанатын,
Көздің сұғын алатын,
Кезінде бұл сырмағың,
Қыз жасауы болатын.
Ыстық суды себетін,
Шиге салып тебетін.
Бала біткен шуылдап,
Соңдарынан еретін.
Барын алға тосатын,
Ауыл шашу шашатын.
Баяғыда киізді,
Балам, солай басатын.
Қазір киіз басу қайда, бар ма екен, ауылда, мұндай қымбат қазынамыз сақталып қалды ма? Секең жырының астарында бабалардың көзіндей, әжелердің өзіндей болған сол бір дәстүрді ұмытпау керектігі, жаңғырта отыруды қажет ететіндігі байқалады.
Секеңнің «Бұзау немесе немере» атты өлеңін оқиық. Бұзау іздеуге шыққан сәттері баяндалады. Бәріміздің де басымыздан өткен шақ.
Қарайған бұзау болып көрінеді,
Қызыл іңір пердедей керіледі.
Батқан күннің шапағы көкжиекте,
Түрлі-түсті кілемдей өріледі.
Қараңғыда мәлікті көп іздеп ем,
Есесіне әйтеуір емізбегем.
«Қайда жүрсің бұзауды
жамыратып»,
Деген сөзді шешеме дегізбегем!..
Сондағыдай қараңғы қоюланып,
Бүгінде күн батқанды оюланып.
Немеремді келемін іздеп енді,
Өткен күнді баяғы ойыма алып!…
Балалық шағы ауылда өтіп, қалаға қоныстанған қарияның немересін іздейтіні анық қой. Тіршілік қағидасы, мұны өзгерте алмайсыз.
Ескі ауыл, ескі құдық есімде әлі,
Бүкіл көрші су ішкен осындағы.
Күн сәулесі құйылса мөлдірейтін,
Көз жасындай тамшылар
тасындағы.
Шегені бейне қолдың саласындай,
Көрмеппін өрілген тас
дәл осындай.
Шілденің ыстығында мұз жататын,
Түбінде қара көздің аласындай.
Өмірдің диірмені айналдырып,
Біз кеттік бетімізге сайран құрып.
Ауылдан ел көшкенде көтеріле,
Ескі жұртта қалып ед қайран
құдық…
Тағы да көз алдыңызға қазақ ауылы келеді. Бала күнгі көріністі қуатты жырға арқау етіп, оқырманға ұсына білуі қандай ұтымды еді. Арасында тұщы судың балдай екенін, атасының басынан сипап, бір сәт дем алып отырғанын жеріне жеткізе суреттейді. Бәріміздің де басымыздан өткен болар, бірақ, Секең ақын жүрегімен иландыра жазып, оқырманын ой бесігіне бөлеп тастайды.
Замандасымыз Серғазы Қабылдаұлының жырлары жайлы осы тұрғыда аз-кем әңгіме қозғадық, әрине, оқырманы ретінде. Секеңнің өзі туып-өскен дархан даласының жыршысы екенін сөзсіз мойындап, жылы лебіз білдіруді жөн көрдік.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі