Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Дарабоздан» дара шықты

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аймақ жастары арасында «Дарабоз» интеллектуалды-танымдық ойынының екінші іріктеу кезеңі онлайн форматта өтті.

Ойынның мақсаты – жас ұрпаққа адамгершілік және интеллектуалды тәрбие беру, жеке тұлғаның рухани қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру және жастарды кітап оқуға тарту.

Ойынға Саран қаласының Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Жалын» тобы, №27 жалпы білім беретін мектеп атынан «Самғау» тобы, Ақтоғай ауданы Сарышаған мектеп-интернатының «Болашақ» тобы қатысты.
Жиын Әнұран орындаудан басталды.
Интеллектуалды-танымдық ойын 3 айналым бойынша өрбіді. Алғашқы айналымда қатысушылар өз топтарын таныстырды. Ал, екінші айналымда теле-таблоны пайдалана отырып, «Тәуелсіздік жолында», «Қазақ әдебиеті», «Айтулы даталар» тақырыптары бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді. Үшінші айналым ерекше болды. Онда қатысушылар қоғамның өзекті мәселелері төңірегінде әңгіме қозғап, көзқарастарын білдірді.

Ойынның нәтижесін қорытындылау кезеңінде көрермендерге Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы туралы бейнежазба көрсетілді.
Шараға қазылық еткен Қарағанды медицина университетінің «Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының» ассистент-профессоры Кәмшат Абдрахманова, Қарағанды техникалық құрылыс колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгерім Қарабаева, кітапхананың жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бахыт Мырзатаева үздік команданы анықтады.

Сонымен, екінші іріктеу кезеңінің жеңімпазы танылған «Самғау» тобы биылғы желтоқсан айында өтетін финалдық ойынға жолдама алды. «Болашақ» тобы мен «Жалын» тобы Алғыс хатпен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button